Қазақстан даласында Тұран жолбарыстары пайда болады – Экология министрлігі
Тұран жолбарыстары Таяу Шығыстың 13 елінде мекендеген
Іле өзені сағасындағы Балқаш көлінің оңтүстік жағалауы мен содан шығысқа қарайғы тұсы Тұран жолбарысы жерсінетін аумақ ретінде таңдалып отыр, деп хабарлайды Экология министрлігі.
Бұл маңда жолбарыс мекен етуге жарайтын 1 млн гектар жер бар. Болжам бойынша, аумақта Каспий жолбарысының санын 100-ден 200-ге дейін жеткізуге болады.
Тұран жолбарыстары Таяу Шығыстың 13 елінде, Кавказда, Орталық Азияда Түркиядан Қытайдың солтүстік-батысына дейінгі жерде мекендеген.
Ғалымдардың пікірінше, Тұран жолбарыстарының жоғалып кетуінің негізгі себебі – мақсатты түрде ату, жолбарыстың негізгі қорегі саналатын тұяқты жануарларды бақылаусыз аулау мен ирригациялық жобалар әсерінен мекен ету ортасының бүлінуі.
«Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балқаш маңындағы жолбарыс санын қалпына келтірудің 15 жылға арналған бағдарламасын жасады. Ол аңның мекен ету ортасын дайындау, жолбарысты табиғатқа жіберу және бағдарламаның жүзеге асуын бақылау шараларын қамтиды», - делінген аталған хабарламада.
2018 жылы «Іле-Балқаш» резерваты құрылды. Аумақты браконьерлерден қорғау, табиғатты заңсыз пайдалану әрекеттеріне жол бермеу шаралары жүзеге асырылуда. Сонымен бірге биотехникалық шаралар арқылы қабандарды көбейту, бұқар бұғыларының популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы аталғандардан кейін экожүйе жолбарыс популяциясын ұстап тұруға қабілетті болады. Реинтродукция үшін амур жолбарыстары әкелінеді.
Айта кетейік, 2010 жылғы халықаралық жолбарыс саммитінде Қазақстан Орталық Азияға Тұран жолбарыстарын қайтаруға дайын екенін мәлімдеді. Ал 2017 жылы Қазақстан мен Бүкіләлемдік жабайы табиғат қоры (WWF) Оңтүстік Балқаш маңы мен Іле атырауында жолбарыстың реинстродукциясы, яғни қайта жерсіндіру бағдарламасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойылды.