Ауылдық медицина ұйымдарына жылжымалы кешендер табыс етілді
Кешен цифрлық құралдармен жабдықталған 7 мамандандырылған кабинеттен тұрады
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов басшылығымен отандық өндірістің 24 жылжымалы медициналық кешенін еліміздің төрт солтүстік өңіріндегі аудандық ауруханалардың қызметкерлеріне салтанатты табыстау рәсімі өтті.
Вице-премьер Е. Тоғжанов Мемлекет басшысы мен Үкіметтің атынан еліміздің барлық медицина қызметкерлеріне қажырлы еңбектері үшін шын жүректен алғысын білдірді. Ел басшылығы сапалы медициналық көмек көрсету үшін ауруханаларды заманауи медициналық жабдықтармен жабдықтау бойынша шаралар қабылданғанын ерекше атап өтті.
«Жылжымалы медициналық кешендер отандық автокөлік негізінде құрыстырылған және көшпелі жағдайда азаматтардың денсаулығын тексерудің кең спектріне арналған. Кешен цифрлық құралдармен жабдықталған 7 мамандандырылған кабинеттен тұрады. Оның ішінде: жалпы қабылдау кабинеті, жалпы тәжірибелік дәрігер зонасы, талдауларды қабылдау зонасы, дәріхана пункті, функционалдық диагностика тестілері, акушер-гинеколог кабинеті, сәулелік диагностика кабинеті бар», - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, мобильді медициналық орталықта арнайы қорғасынмен қапталған бөлме орнатылған, онда рентген және флюорографияны қауіпсіз жасауға болады. Жүйенің басқа адамның жәрдеміне мұқтаж жандар үшін инфрақұрылымдық жүйемен жабдықталуы өте маңызды — пандус-лифт мүмкіндігі шектеулі адамдарды қабылдауды қолжетімді етеді.