Қарулы күштердегі жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейту қажет – Шпекбаев
Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштер қызметінде жемқорлықтың алдын алу жалпы маңызды рөл атқармақ
Қазақстанның әскеріндегі жемқорлықпен күресті күшейту үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қорғаныс министрлігі күш біріктіреді. Бұл туралы бүгін қос ведомство басшыларының кездесуінде айтылып, талқыланды. Басқосудың күн тәртібі Қарулы күштер қатарында жемқорлықтың алдын алу бағыты бойынша өзара іс-қимыл мәселелеріне бағытталған.
Іс-шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жанындағы қоғамдық консультативтік-кеңесші органдардың өкілдерімен қатар, әскер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылықтардың, әскер тектерінің қолбасшылары, жергілікті әскери басқару органдарының және әскери полицияның бастықтары қатысты.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың айтуынша, Қорғаныс министрлігі бүгінде жемқорлықпен күресудің жан-жақты жүйесін қалыптастырған. Әскер сапында парақорлыққа жол бермеу, жемқорлық құқықбұзушылықтың алдын алуды әлсірететін басшыларға шара қолдану сынды амал-әрекеттер министрлік тарапынан бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
«Армия парасаттылықтың, тәртіп пен тазалықтың тірегі болуы керек. Орталық деңгейде осы бағытта қолдауға лайық маңызды қадамдар қабылдануда. Әскери бөлімдерде алдын алу шараларын күшейту талап етіледі. Сонымен қатар, озық технологияларды енгізе отыра, әскери бөлім қоғам алдында армияның тірегіне айналатын азаматтармен өзара әрекеттесудің үлгілі «терезесіне» айналуы керек. Бұл тұрғыда тұрмыстық жемқорлықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және цифрландыру мәселелеріне ерекше назар аудару қажет», – деп атап өтті Агенттік төрағасы.
Жасыратыны жоқ, бұған дейін Қорғаныс министрлігі сапында жұмыс істейтін бірнеше генерал сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін сотталып кеткен болатын. Олардың арасында ірі көлемде пара алғандар мен мемлекеттің мүлкін талан-таражға салғандары бар. Осыны сөз еткен Алик Шпекбаев Қарулы күштер сапында жемқорлықпен күресті күшейтудің маңыздылығын атап өтті.
Ал, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, ведомствода сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша ішкі қауіпсіздік функцияларымен басқарма құру процесі жүріп жатыр екен. Сондай-ақ, министр әскери қызметке келісімшарт бойынша мемлекеттік, әскери қызметтен, арнайы және құқық қорғау органдарынан теріс себептермен босатылған тұлғалар қабылданбайтынын атап өтті.
Министрліктің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясының жұмысы – нормативтік құқықтық қорды талдауда және тәуекелдің «аймақтарын» анықтауда бастапқы нүкте. Әскери қызметке шақыру, мемлекеттік сатып алуды іске асыру, жеке құрамды тамақтандыру жұмысын ұйымдастыруды бақылау, күрделі құрылыс, тұрғын үйді бөлу салаларында және басқа да мәселелер бойынша 90-ға жуық ұсынымдар әзірленді.
Атап айтқанда, әскерге шақыруды кейінге қалдыруды ұсыну және одан босату бойынша екі мемлекеттік қызмет Электрондық үкімет порталы арқылы ашық көрсетілетін болады.
«Қорғаныс министрлігі азаматтардың айрықша сеніміне ие. Қоғаммен кері байланыс деңгейін одан әрі арттыру мақсатында «Қарулы Күштер – Адалдық алаңы» жобасы аясында жергілікті әскери басқару органдарының мемлекеттік қызметтер көрсетуінің сервистік моделін қамтамасыз ету қажет», - деп атап өтті Арнайы мониторингтік топтың жетекшісі Айгүл Соловьева.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен күш-жігерді ескере отырып, қорғаныс ведомствосындағы жемқорлық деңгейінің жалпы төмендеу трендін атап өтті. Әріптестікті нығайту аясында осы жылдың қараша айында жергілікті әскери басқару органдарында жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізу туралы бірлескен бұйрыққа қол қойылды.