Қазақстанда коронавирустың екінші толқыны бола ма – отандық дәрігерлер болжамы
Қазіргі таңда елдің бірнеше қаласында карантин шаралары күшейтілді

Қазір елде екі адамның басы қосылса, «Пандемияның екінші толқыны бола ма?» деген сауалға жауап іздейтін болған. Дәл осы кезде әлемде COVID-19 вирусына шалдыққандар 40 миллион адамға жуықтады. 1 миллион 110 мың адам қайтыс болды. 27,4 миллион адам аурудан жазылған.
ЕЛДІҢ ІРІ ЕКІ ҚАЛАСЫНДА КАРАНТИН ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙДІ
Өткен аптада Нұр-Сұлтан қаласында карантин шаралары күшейді. Індет жұқтыру қаупі жоғарылап, науқастар саны артқан соң, осындай шешім қабылданып отыр деді қалалық штабтың өкілдері. Атап айтқанда, елордада жергілікті атқарушы орган қызметкерлері мен квазимемлекеттік секторлардағы қызметкерлердің 60 пайызы қашықтан жұмыс режиміне ауысты. Бұл жеке ұйым жұмысшыларына да қатысты.
Нотариустар, туроператорлар, сот орындаушылары мен өзге де кеңселер тек кешкі 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Қоғамдық тамақтану орындары түнгі 22:00-ге дейін ғана ашық болады. Және ондағы адам саны 30 орыннан аспауы шарт.
Ал азық-түлік емес тауарлар мен заттарды сататын бутиктерге тек жұмыс күндері 18:00-ге дейін жұмыс жасау рұқсаты берілді. Монша мен сауналар алдын ала жазылу бойынша жұмыс күндері 21:00-ге дейін, демалыс күндері 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Сондай-ақ, жексенбіде қоғамдық көліктің жұмысы толық тоқтатылады.
Дәл осыған ұқсас шектеулер Алматы қаласында да қолға алынды. Өткен апта қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері жаңа қаулыға қол қойды. Құжатқа сәйкес мынадай шаралар сақталады: бұқаралық іс-шараларға тыйым салу сақталады; караоке, түнгі клубтар, кинотеатрлар, фудкорт және т. б. жұмыс істемейді; бизнесмендер қызметкерлердің 30 пайызын қашықтан жұмыс істеуге көшіруі керек; жолаушылар ағынын азайту мақсатында қоғамдық көліктің барынша көп шығуын қамтамасыз ету қажет; аудан әкімдері мониторинг топтарының жұмысын жандандыруы тиіс; кіреберістер мен балалар алаңдарын аптасына бір рет дезинфекциялау қажет; ал мерекелік және өзге де басқосуларға қатысатын адамдар саны 10-нан аспауы керек.
Айта кету керек, Қазақстанда өткен екі айда ғана 376 адам қайтыс болған. Бірақ ел билігі коронавирус пневмониясы дерегін коронавирус жөніндегі ұлттық статистикаға қоспай отырғанын ескеру керек. Екі деректі біріктіргенде Қазақстанда коронавирусқа шалдыққандар 144 мыңнан асады. Ресми мәлімет бойынша, наурыз айынан бері 1783 адам коронавирустан қайтыс болды деп айтылып жүр.
Қазақстандағы коронавирустың таралуы туралы ресми статистика (18.10.2020ж.)
ФРАНЦИЯ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ЕНГІЗДІ, ДДСҰ РЕСЕЙГЕ БЕЛБЕУДІ ТАРТУҒА КЕҢЕС БЕРДІ
Коронавирус жұқтыру бойынша деректерде алғашқы бестікте АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей және Испания тұр. Қазақстан бұл тізімде 41-орынға тұрақтаған. Ал Еуропада коронавирус жұқтырғандар күрт артып, мемлекеттер қайта локдаун енгізе бастады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «кәрі құрлықта» коронавирус инфекциясын жұқтырғандар көбейіп, одан қайтыс болатындар саны артуы мүмкін екенін ескертті. Билік адамдар көп баратын қоғамдық орындар мен мекемелерді қайта жауып, жүріс-тұрысты шектеді.
Reuters ақпарат агенттігінің жазуына қарағанда, Еуропа құрлығында орташа есеппен күніне 100 мың адам қауіпті инфекцияны жұқтырып жатыр. Мұндай елдердің қатарына көрші Ресей де кіреді. Испания, Италия, Швейцария, Чехия сияқты дамыған мемлекеттер пандемия алдында дәрменсіз болып отыр.
Алғашқылардың бірі болып, инфекция қаупіне қарай Франция елде төтенше жағдай жариялады. Ел президентінің жарлығымен 17 қазаннан бастап ең ірі 8 қалада төрт апталық коменданттық сағат енгізілді. Халықтың түнгі уақытта, яғни кешкі сағат 21-00-ден таңғы 6-00-ге дейін үйден шығуына тыйым салынды.
Ресей карантиндік шараларды шетінен күшейте бастады. Сыртқы елдерден келетін әуе рейстеріне ішінара шектеулер қойды. Еде 15 қазанда 13,7 мың жаңа жұқтыру тіркелсе, бір тәулікте 286 адам көз жұмған. Бұл – РФ-да бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. ДДСҰ елдегі жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп, COVID-19 вирусын ары қарай таратпау үшін Ресей билігіне белбеуді тартып, кешенді шараларды қолға алуға кеңес берді.
«Роспотребнадзордың» болжамына сенсек, Ресейде алдағы 10-20 күнде КВИ шарықтау шегіне жетеді. Ол кезде ауыратындар саны тәулігіне 17-18 мың адамнан аспауы керек. Ал инфекционист-дәрігер Валерий Безносенко елде алдағы екі айда коронавирус жұқтырғандар саны өспесе, төмендемейді деген болжамын айтқан. Бұл туралы РБК агенттігі жазды.
Испания вирустың таралуы бойынша алғашқы бестікте. Каталония аймағында ойын-сауық кешендерімен бірге енді дәмханалар мен мейрамханалардың барлығы 15 күнге жабылды.
COVID-19 жұқтырғандар саны бойынша бұл ел Еуропада бірінші орында. Осы күнге дейін Испанияда 1 млн-ға жуық адам індет жұқтырып, 30 мыңнан астам адам көз жұмған.
«Кәрі құрлықтағы» Ұлыбритания, Германия, Чехия, Польша, Италия және Нидерланды сияқты елдерде жағдай күрделі. Мұнда биыл Рождество мерекесі тойланбауы да мүмкін, сондай-ақ, бұл елдердің бәрінде медициналық маска кию міндеттелген.
КОРОНАВИРУСТЫҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫ БАЙҚАЛМАЙДЫ – ДДСҰ
Корнавирустың жаздағыдай екпіні бола ма, болмай ма деген сауал қазір әр қазақстандықтың ойында жүр. Бірақ ашығын айту керек, бұл сауалға қазақстандық түгілі, әлемнің білікті мамандары да жауап таппай отыр. Инфекционист дәрігерлердің өзі алдағы екі аптаға болжам жасаумен шектеледі.
Десе де, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдері коронавирустың екінші толқыны байқалмайды деп мәлімдеме жасады. ДДСҰ Төтенше жағдайлар бойынша өңірлік директоры Дорит Ницан қатерлі жұқпалы індеттің келесі толқыны болмауы мүмкін деген мағынада пікір айтқан. Бұл туралы РИА Новости 14 қазанда жазды. Маман бұл пікірін конференциялардың бірінде жасаған баяндамасында айта келе, қазір әлемде коронавирусты жұқтыру көрсеткіші артқан елдер барын еске салды. Керісінше, эпидемиялық ахуалы жақсарған мемлекеттердің де саны басым. Сондықтан вирусқа шалдыққандар көрсеткіші төмен елдерде зерттеулер осындай ойға жетелейді деген еді Дорит Ницан. Бұл елең-алаң күй кешіп отырған қазақстандықтар үшін жағымды жаңалық болғанымен, босаңсуға негіз болмайды.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі осыдан бір ай бұрын Қазақстанда коронавирустың екінші толқынында 50 мың адам індет жұқтыруы мүмкін деген болатын. Бағдат Қожахметов біз негативті болжамдарды жоққа шығармаймыз және оған дайынбыз деген еді. Министрдің баспасөз хатшысынан осы мәлімдемелерге қатысты және індеттің екінші толқынына байланысты тағы да пікірін білмек болғанбыз. Бірақ Бағдат Қожахметов жауап берген жоқ.
Оқи отырыңыз: Коронавирустың екінші толқынында 50 мыңға жуық адам ауыруы мүмкін – ДСМ
ТЫҒЫЛЫП ТОЙ ЖАСАП, ЖАСЫРЫН КАРАОКЕГЕ БАРАТЫН ЕЛДЕ БҰЛ ІНДЕТТІ ЖЕҢУ МҮМКІН ЕМЕС
Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын сынға алып, өзінің пікірлерін еркін айтып жүрген ғалым, дәрігер Мыңжылқы Бердіқожаев «коронавирустың екінші толқынына» байланысты Azattyq Rýhy тілшісіне өз ойын айтты.
Ол ДДСҰ өкілінің мәлімдемесін журналистер бұрмалап берген деп есептейді. Шын мәнінде, КВИ-дің екінші легіне байланысты «болмайды» деп айту қазір мүмкін емес. Әлемнің жетекші мемлекеттері вируспен күресте дәрменсіздік таныта бастады. Байқасаңыз Францияда төтенше жағдай енгізіп тастады. Қарасаңыз, Қазақстанда да бүгінгі статистикада кешегіге қарағанда теріс өзгерістер байқалды. Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантин тәртібі күшейтілді дейді Мыңжылқы Бердіқоджаев.
«Алдағы екі аптаның ішінде қатты өсе бастайды. Күн суыған соң өседі, қаншалықты қатты өршитінін ешкім айта алмайды. Бірақ маусым-шілде айларына қарағанда, адамдар қатты ауыратын болады. Мен мұны Қазақстанның аурумен күрес тәжірибесіне сүйеніп айтып отырмын. Адамдардың бұл ауруға деген көзқарасы мен қарым-қатынасында немқұрайлылық басым.
Өйткені жасыратыны жоқ, сақтанып жүрген адамдар сирек. Мысалы, өзім де тойға барып жүрмін. Тығылып той жасап, тығылып караокеге барып жүрген адамдар көп елде бұл індетпен күресу мүмкін емес. Бұл жерде таза адами факторға байланысты. Жаздың соңында локдаун енгізген соң, коронавирус су сепкендей басылды. Адамдардың әрекетіне қарай бұл вирус ары қарай тарай береді», - дейді дәрігер.
ЖЕЛТОҚСАНДА ЕЛІМІЗДЕ КҮШЕЙТІЛГЕН КАРАНТИН КҮТІЛЕДІ...
Екеуара тұрып, карантин бола ма, төтенше жағдай енгізіле ме деп бал ашқаннан ештеңе өзгермейді. Ең бастысы, әр адам ауруға дайын жүруі керек. Егер вирусқа немқұрайлы қарасаңыз, ауырып қалуға дайын болыңыз дейді дәрігер.
«Өткендегідей ауруханада орын болмай қалуына дайын болу керек. Өйткені жаппай ауру басталса, бұл проблема бәрібір болады. Биліктің дабыл қағып отырғаны орынды, өйткені біз халықтың тәртіпке бағынбауын көріп отырмыз. Жапония немесе Германия сияқты ел болсақ, олай айтпас едім. Еркін өмір сүріп үйренгенбіз. Қараша айында бұл ауру шарықтау шегіне жетеді. Ал желтоқсанда көктемдегідей жаппай карантин болады. Тіпті төтенше жағдай да болып қалуы мүмкін», - деп маман ойын ортаға салды.
ҰЖЫМДЫҚ ИММУНИТЕТ ҚАЛЫПТАСТЫ. ЕКІНШІ ТОЛҚЫНДА КӨП АДАМ АУЫРМАЙДЫ
Медицина ғылымдарының кандидаты Қайырғали Конеев карантин Қазақстанда эпидемияға қарсы инструмент емес, көбіне саяси инструментке айналып бара ма деп қорқамын дейді. Бұл оның жеке пікірі. Ал екінші толқын болмауы мүмкін. Себебі алғашқы легінде көптеген қазақстандық ауырды дейді дәрігер.
«Бізде ұжымдық иммунитет қалыптасты. Ол болған күннің өзінде бірінші толқын сияқты ауыр өтпейді. Орын жетпейтіндей, дәрі жетпейтіндей жағдай қайталанбайды. Бірінші кезеңде екі ай бойы адамдар кезек-кезек ауырды. Ал екінші толқын баяу өтеді, мысалы ол 5-6 айға дейін немесе 9-12 айға дейін созылуы мүмкін. Адам шығыны көп болады деп айта алмаймын», - дейді Қ. Конеев.
Дәрігер бұл болжамды жарияламас бұрын әлеуметтік зерттеу жүргізгенін айтады. Ол Статистика комитетінің берген мәліметтерін негізге алған. Шілде айында Қазақстанда 4,5 млн адам ауырды. Егер қарап тұрсақ, бір адам айналасындағы үш адамға жұқтырады. Егер осыны бір-біріне көбейтсек, бүгінге дейін елде 12 млн адам бұл вирусты жұқтырып, әртүірлі деңгейде ауырды. Демек, екінші толқында аурушаңдық аз болады дейді дәрігер.
Жақында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Ресейдегі өкілі Мелита Вуйнович әлемде COVID-19 вирусының екінші толқыны болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл туралы РИА Новости хабарлады. Маманның пайымынша, коронавирустың бірінші толқыны болған елдерде екінші толқын да болуы мүмкін. Ол өз мәлімдемесінде COVID-19 вирусы әлемнің барлық нүктесіне жетпей, оны тоқтату мүмкін емес деген сыңайда пікір айтты. Маманның сөзінше, вирусты жеңу эпидеияға қарсы шаралардың тиімділігіне ғаан байланысты.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы