Шұғыл26 қазаннан бастап Қазақстанға ұшып келген жолаушылардың бәрінде ПТР анықтамасы болуы керек

Шымкенттегі тағы бір университет бас лицензиясынан айырылды

Студенттер оқу семестрінің аяқталғанын күтпей-ақ басқа ЖОО-ға ауыса алады

Фото: 2gis.kz

ҚР Білім және ғылым министрлігі тағы бір жоғары оқу орнын – Шымкент қаласындағы академик А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетін бас лицензиясынан айырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Шешім жоғары оқу орнында білім беру саласындағы заңнаманың сақталуы бойынша бірнеше рет өткен тексерулерден кейін қабылданған.

Сонымен қатар Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты да оқу орнын бас лицензиясынан айыру туралы шешім шығарған, шешім 10 жұмыс күні ішінде заңды күшіне енеді. Осы кезеңде академик А. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті сот шешіміне де, министрлікке де шағымдануға құқылы.

«Заңбұзушылықтар оқу үдерісін ұйымдастыру, талапкерлерді оқуға қабылдау, ЖОО-ны оқу-әдістемелік және ғылыми әдебиеттермен қамтамасыз ету, түлектерді жұмысқа орналастыру төңірегінде болған», - делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, студенттер оқу семестрінің аяқталғанын күтпей-ақ басқа ЖОО-ға ауыса алады. Студенттердің барлық оқу көрсеткіштері басқа ЖОО-ға ауысқан кезде жарамды болады. Ақылы негізде оқитындар үшін оқу құны бұрынғы деңгейде қалады. Бұл мәселелерге қатысты Білім және ғылым министрлігі де өз тарапынан көмектесетінін мәлімдеді.

«Біз студенттер мен ата-аналардың мұндай шаралар, ең алдымен, студенттердің өздерінің мүдделерін ескере отырып, қабылданатынын түсінгенін қалаймыз. Егер жоғары оқу орындары білім беру саласындағы талаптарға сәйкес келмесе, диплом алғаннан кейін болашақ мамандар жұмысқа орналасу проблемаларына тап болуы мүмкін», – деді ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.