Мақта өсірушілердің кірісінен шығыны көп – сенатор
Депутаттың айтуынша, мақта қабылдайтын зауыттар ақ алтынның бағасын осы күнге дейін белгілемей отыр

Түркістан облысында мақта теру науқаны басталған тұста диқандардың жанайқайы депутаттарға да жеткен еткен. Бұл туралы Сенаттың кезекті отырысында депутат Әлімжан Құртаев айтты.
Депутаттың айтуынша, мақта қабылдайтын зауыттар ақ алтынның бағасын осы күнге дейін белгілемей отыр. Дәл қазіргі уақытта өнімнің бағасы онсыз да шаруалардың көңілінен шығып отырған жоқ. Жалпы, өңірдегі мақта зауыттары монополистер сынды бағаны өздері белгілейді. Осылайша, шаруаның шарасыздығын жақсы пайдаланады. Олардың бұған көнбеске басқа амалы жоқ. Себебі мақтаны зауыттан басқа ешкім қабылдамайды.
«Бүгінгі таңда трейдерлер шитті мақтаның бір тоннасын аванс ретінде 100 мың теңге төлеп сатып алуда. Ал бір гектар мақта дақылының шығыны өсіп- өндірудің технологиялық картасы бойынша 256 901 теңгені құрайды. Орташа есеппен, әр гектардан өнім алған диқанның кірісі 200 мың теңге болса, шығысы 257 мың теңге болады. Осылайша, соңғы сөздің зауыт басшысына тиесілі болуы қаншалықты дұрыс?», - деді сенатор Ә. Құртаев.
Сонымен қатар, халық қалаулысы елімізде мақта кластерін көтеру мәселесі қолға алынып, Жетісай өңірінде мемлекеттік бағдарлама аясында ірі зауыттың салынғандығын ескере келе, бұл саланың әлі де ақсап тұрған тұстары жетерлік екенін айтты.
«Мақтамен айналысатын шаруалардың мүддесін қорғау, саладағы баға саясатының нарықтық принциптерін енгізу, әделіттілік орнату мақсатында мақта өндірушілері мен зауыттар арасындағы қарама-қайшылықтарды жоятын, зауыттардың монополистік мүдделерін бәсеңдететін, ортадағы делдалдардың заңсыз әреткеттеріне тосқауыл қоятын заң шеңберінде шаралар қабылдауды құзырлы органдарға тапсыруларыңызды сұраймыз» - деді өзінің Премьер-министрге жолдаған сауалында сенатор Әлімжан Құртаев.