«Екі жасар ұлым бізді әкесінен қорғамақ болды» - кризистік орталықтағы Светлана
Қазақстанда 8 айда 130 мыңнан астам тұрмыстық зорлық фактісі тіркелген
Бүгін Түркістан облысында баласын аяусыз сабап тастаған әкенің видеосы халықтың наразылығын тудырып, қоғамда талқыға түсті. Ал шын мәнінде, бұл ел бойынша тіркелген жалғыз жағдай ма? Жақында Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин 2020 жылдың 4,5 жарым айында Қазақстанда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қатысты 47 мың факт тіркелгенін, оның тек сегіз мыңы ғана сотқа жеткенін айтты.
Демек, Қазақстанда тұрмыстық зорлықтың зардабын тартып жатқандар аз емес. Солардың бірі – Светлана Хасенова.
Светлана қазір балаларымен бірге кризистік орталықта тұрып жатыр. Екі баланың анасы. Азаматтық некедегі жолдасы, екі баласының әкесі Мақсұт ішімдік ішіп, мас күйінде ұрып-соққан соң, полиция көмегіне жүгінген.
«Бізді 21 қыркүйек күні полиция қызметкерлері «Қорғау-Астана» кризистік орталығына алып келді. Сол күні жолдасым үйде қырғын шығара бастады. Бәрімізді «терезеден далаға лақтырамын» деп қорқытты. Мені ұрды, қолымды майыстырды, ешкімге хабарласпасын деп телефонымды сындырды. Әзер дегенде далаға қашып шығып, полиция шақырдым», - деп бастады әңгімесін Светлана.
«ЕКІ ЖАСАР ҰЛЫМ БІЗДІ ӘКЕСІНЕН ҚОРҒАМАҚ БОЛДЫ»
Светлананың ұлы Хан екі жастан асқан, қызы Сафия – төрт айлық. Светлана азаматтық некедегі жолдасынан ішіндегі баласы жеті айлық кезде кетіп қалыпты. Өйткені, ішімдікке сылқия тойып, үнемі соққының астына алатын күйеуінен мейірім күтпейді. Әбден көңілі қалған. Алайда, соңғы рет «балаларымды көргім келеді» деген сылтаумен күйеуі тағы келіп, үйлеріне кіріп алған.
Суретте: Светлананың азаматтық некедегі күйеуі
«Екі жаста болса да, балам бәрін түсінеді. Аяқ киімді алып, мені ұрып жатқан әкесінен арашаламақ болды. Ең өкініштісі, ұрыс-жанжалдың бәрін балалар көрді. Бірінші рет емес, балаларды өмірге әкелген күннен бастап көргенім осы. Екінші балама аяғым ауыр кезде, күйеуім мені пышақтамақ болды. Көршілер араласып, әрең дегенде құтылдым. Міне, балаларым осындай сұмдықтың куәгерлері. Сау кезінде балаларды жақсы көретіндей кейіпте жүреді, арақ ішсе болды, «Бұлар менің балаларым емес» деп үйде қырғын шығарады», - дейді Светлана.
КАРАНТИН КЕЗІНДЕ КРИЗИС ОРТАЛЫҒЫНА АДАМ СЫЙМАЙ ҚАЛҒАН
«Қорғау-Астана» кризистік орталығының директоры Анна Игорьевнаның айтуынша, тұрмыстық зорлық көргендер орналасатын орталықты жылына алпысқа жуық ана мен бала паналайды.
«2010 жылы біз бұл орталықты тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандарға арнап аштық. Көбіне балалар мен аналарға көмектесеміз. Жылына 400-ге жуық адам көмек сұрайды, олардың ішінде 60-қа жуық адамға пана бола аламыз. Себебі, көмек сұраушылардың көбі елордада тұрады, үйлері бар. Олар мамандардан кеңес алады. Күніне кемінде он шақты адам республикалық қалалық нөмірге қоңырау шалса, одан өзге, кемінде екі-үш адам менің жеке нөміріме хабарласып, көмек сұрайды», - дейді орталық директоры Анна Рыль.
Қазір кризистік орталықта тоғыз адам бар. Карантин кезінде алпыс орындық орталыққа адам сыймай, көрші ғимаратты жалға алуға тура келген. Орталық директоры тұрмыстық жанжал көп тіркелетін аймақ ретінде Қарағанды қаласын атап өтті.
ЖАЗА КҮШЕЙЕДІ
Тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза күшейтіледі. Жуырда ғана Мәжіліс мінберінде депутаттар тұрмыстық зорлық мәселесін көтерді. Бірінші оқылымда қаралған құжатқа сәйкес, енді жәбір көрсеткен адамның үстінен арыз түссе, бір жылда бір-ақ рет татуласуға мүмкіндік беріледі. Екінші рет қайталанса, түрмеге қамалуы мүмкін.
Azattyq Rýhy сайтына берген сұхбатында адвокат Айман Омарова тұрмыстық зорлық көрсеткендерге қатысты жазаны күшейтуді қолдайтынын айтты.
«Әйелдерді, балаларды ұрған ер адам жазалануы тиіс. Мәселен, Украинада ер адам некедегі әйелін қинап, жыныстық қарым-қатынасқа итермелегені үшін де жазалануы тиіс деп, заңға арнайы бөлек бап енгізу ұсынылған. Біздің елде осындай бөлек бап керек демеймін, бірақ некеде болса да, әйелдің де, баланың да құқығы қорғалуы тиіс. Түркістанда болған оқиға бойынша мұндай жағдайда, анасы полицияға хабарлауы қажет еді. Екіншіден, оның әкесін сот арқылы «әкелік құқығынан» айыру керек. Видеоның өзі оның қарым-қатынасының қандай деңгейде екенін көрсетуге жеткілікті», - деді Айман Омарова.
КАРАНТИН КЕЗІНДЕ ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ФАКТІСІ 25 ПАЙЫЗҒА АРТҚАН
Соңғы 8 айдың ішінде 130 мыңнан астам зәбір көрсету деректері тіркелген. Олардың 2,5 мыңына қылмыстық, 30 мыңнан астамына әкімшілік жаза тағайындалған. Ал қалғаны кешірім берген. Енді заңдағы ұсынысқа сәйкес, жәбірленушінің татуласуына жылына бір рет мүмкіндік беріледі. Жағдай қайталанса, айыпталушы 20 тәулікке дейін қамауға алынады.
ИСЛАМ ДІНІ БАЛАНЫ ҰРУҒА ҚАРСЫ
«Нағыз мұсылман жан – қолымен, тілімен ешкімге зардабын тигізбейтін адам» дейді «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев.
«Ислам діні баланы ұруға қарсы. Жалпы, ислам – мейірімділік, шапағат, көркем мінездің діні. Пайғамбарымыз (с.а.у.) ешқашан баланы ұрған, тіпті оған ұрысқан емес. Әрқашан балалармен жақсы мәміледе болған. Тіпті, балаша ойнаған. Балаларға, отбасына жақсы мәміледе болу керек. Жалпы, кез келген баламен қал-жағдайын сұрап, үлкен адамдарша сөйлесу керек. Жай сөзбен, мысалмен дұрыс түсіндіретін болса, бала бәрін түсінеді», - деді «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы Бақытжан Өткелбаев.
Наиб имамның айтуынша, Ислам дінінде де, зайырлы қоғамда да баланың, ананың құқығы толықтай қорғалған.
«БАЛА ӘЛСІЗ, СОНДЫҚТАН ТАЯҚ ЖЕЙДІ»
Балаға қол көтерудің себебі тереңде, бұл туралы психолог сұхбат берді.
«Түркістан облысындағы болған жағдайды мен де видеодан көрдім. Адам өз баласына қай кезде қол көтереді? Арақ ішіп, мас күйінде, мүмкін, есірткі қолданғанда болар. Ашуы тым қатты. Араққа немесе есірткіге тәуелді адамға ол жетпей жатқан кезде, психоз, агрессия басталады. Ол әлсізді іздейді. Себебі, жазаланбайтынын біледі. Ұрып-соғып, өшін әлсізден алады. «Өз балам, не істейтінімді өзім білемін» деген көзқарас дұрыс емес. Себебі, баланың психологиясына тигізетін кері әсері ауыр болады. Ал жалпы алғанда, мұндай кісілермен тек психолог қана емес, терапевт-психиатрлар да айналысуы тиіс», - дейді психолог Гүлжан Амангелдіқызы.
Айтпақшы, біздің кейіпкеріміз Светлана полицияға арызданғанын айтты. Үйде өз отбасын аямаған адам жазалануы тиіс деп отыр. Екі айдан кейін бұл іс бойынша алғашқы сот отырысы болады.
Оқи отырыңыз: Әйелін ұрған адамға 30 күн ішімдік ішуге, жәбірленушіге жақындауға тыйым салынады
Өзі балалар үйінде өскен Светлананың редакцияға айтқан бір өтініші бар. Ол бірінші баласын босанғанда Степногорск қаласында үй кезегіне тұрған, бірақ қазір тізімнен шығып қалған. Светлананың бар арманы – осы мәселеде мамандардан көмек алып, екі баласымен тұрғын үйге қол жеткізу, далада қалмау.
Сымбат Молдатай, Нұр-Сұлтан