«Мылқау құрбым құсалықтан қайтыс болды» – қаржы пирамидасының құрбаны
Қаржы пирамидалары мен желілік маркетинг туралы
Ішкі істер министрлігінің тергеу департаменті Қазақстан аумағында 2016-2017 жылдары қаржылық пирамида ұйымдастырған тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Министрдің кеңесшісі Нұрділда Ораздың айтуынша, полицияның құрығына ілінген қаржылық (инвестициялық) желіні заңсыз ұйымдастырған Questra Holding ins, Questra World, Atlantic Global Asset Management, Five Winds Asset Management компанияларының ісі жақын уақытта қайтадан сотқа жолданады.
Министрліктің ақпаратына қарағанда, қаржылық қитұрқылықты шетелде отырып ұйымдастырғандардың бірі Ольга Клейнардтың үстінен тергеу жүріп жатыр. Құқық қорғау органдары оны Беларусьтен биыл тамыз айында ұстап әкелген болатын. Аталған қаржылық пирамидадан келген шығын көлемі 1 млрд теңгеден асқан.
«QUESTRA WORLD» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖЕТЕКШІСІ ҚАЗА ТАПҚАН
Айта кету керек, ел аумағында халықтан алдап-арбау жолымен қаржы жинағаны үшін кінәлі деп танылған 4 азамат былтыр сотталған болатын.
Олар жылына белсенділігі үшін 150 мың мен 500 мың еуро көлемінде бір реттік сыйақы алып отырған. Мұндай бонустарды Алматыға арнайы келген «Questra Holding ins» компаниясының құрылтайшысы Хосе Мануель Гилберт өзі табыстап отырған. Елімізде бұл бизнесті ұйымдастыруға белсенді атсалысқан Кенесары Қарамаев 2018 жылы қараша айында ұсталды. Кенесары 2019 жылы 23 желтоқсанда 10 жылға сотталған. Оның серіктері 8 жылдан 10 жылға дейінгі аралықта жаза арқалады. Нұр-Сұлтан қаласының Алматы аудандық сотының үкімімен Расулметов 9 жыл, Қожабергенова 8 жыл және Махамбетова 8 жылға сотталды. Алайда осы жазда шетелдік қаржы пирамидасын ұйымдастырушылардың біздің елдегі басты өкілі Қарамаев түрмеде қайтыс болған деген ақпарат тарады. Ол туралы төмендегі сілтемеде айтылады.
«Questra Holdingins» компаниясының Қазақстандағы топ-лидері ел аумағынан 49 кеңсе ашып, 694 салымшы жинаған. Сот үкімінде осы «төрттік» халықтан 454 млн теңге жинап алғаны белгілі болды. Questra пирамидасы QP (еуро эквиваленті) деп аталатын электрондық ақшаның түрін ойлап тапқан. Компанияның инвестициялық пакетін сатып алған салымшы кем дегенде, 90 мыңнан 500 мың еуроға дейін пайда табады. Пайда көлемін 208 бен 336% аралығы деп көрсетеді. Қаржы пирамидасына кіру үшін азаматтар жеке мүліктерін сатып, жиған қаржыларын, тіпті қомақты несие алып салғандар баршылық.
Azattyq Rýhy тілшісі қаржылық пирамидаға кіріп, қаражатынан айырылған қыздың оқиғасын тыңдап көрген болатын. Алматылық Нарқыз Абдулла елдегі осы қаржылық ұйымға алданған 700-ге жуық салымшының бірі. Алматыдағы ЖОО-ның бірінде жұмыс істейтін қыз 2017 жылы еліктіретін ұсынысты Facebook әлеуметтік желісінен кездестіргенін айтады. Оңай жолмен қаражат табуға болатынын әлеуметтік желідегі достарының бірі жолдап, ол көп ұзамай қаржы сала бастаған.
«Questra Holding ins, Questra World, Atlantic Global Asset Management, Five Winds Asset Management – атаулары әртүрлі болғанымен, барлығы бір компанияға бағынады. Негізгі төртеуі сотталды. Ал өзіме келетін болсам, 2017 жылы менің Facebook желісіндегі бір досым парақшасына жарнама салып, жиі шығарып жүрді. Ол бір аптада 400-500 еуро түсті деп жазды. Мен оны танушы едім, сосын оған өзім хат жаздым. Қалай ақша табатыны жайлы бөлісуін сұрадым. Ол Questra Holding-тің қазір ең мықты компаниялардың бірі екенін айтып, қызықтырды. «Инвестиция салу керек, содан пайда аласың» деп фотоларын жіберді. Депозит сияқты қаражат салып, ай сайын ақша алып отыратынымды айтты», - дейді Нарқыз.
«ТАЛАЙ АДАМ ІШТЕН ТЫНЫП ЖҮР....»
Бір портфель 720 еуродан басталады. Сары пакет, көк пакет, қызыл пакет деп кете береді. Қызылы – 7,2 мың еуро. Мен көк пакетін сатып алдым. Ол 2,4 мың еуро тұрады. Пирамидаға тартқан адамдардың айтуынша, Нарқыз ай сайын 300 еуро алып отыруы керек болған.
«Менің көлік алғым келіп жүрген. Егер 2 400 еуро салсам, бір жылда бірнеше есе шығарып аламын деп ойладым. Олардың айтуынша, 4 есеге өсетін болған. Олардың Алматыдағы кеңсесі «Сайран» автобекетінің жанында болатын. Төрт қабатты ғимаратқа бардым. Сөйтсем, мені шақырған қыздың күйеуі сол жерде басшылардың бірі екен. Ол маған бәрін түсіндірді. Мен қасыма құрбымды ертіп бардым. Ол мүгедек еді. Мылқау болатын. Ол да 2,4 мың еуроға пакет алды, одан бөлек, 800 еуроға тағы бір портфель сатып алды. Сонда құрбым екеуін бір-ақ сатып алды», - дейді Н. Абдулла.
Фото. Инвесторларға ұсынылған пакет түрлері
Нарқыздың құрбысы мүгедектігіне қармастан жұмыс істеп, қаражат жинап, Алматыдағы тұрғын үй кешенінен бастапқы сомасын төлеп, баспана алғысы келген. Кейіпкеріміздің айтуынша, ол сол қаражатты осы пирамидаға салған...
«Бұл компания бастапқыда бізге өздерінің қаржылық пирамидадан ерекшеліктерін түсіндірді. «Біз инвестормыз, әр адам инвестор бола алады. Оның қаражаты босқа жатпайды. Құнды қағаздар нарыққа шығарылып, содан пайда келеді. Сіздің қаржатыңызды айналымға жібереміз. Одан сіз де, біз де пайда табамыз» деген еді. Құрбымның есімі Жанира. Ол сөйлей алмайды. Бірақ, маған жазған хаттарында қатты уайымдайтынын жазатын. Екі баласы бар еді. Соңғысы 4 айлық болған, бір күні ұйқысынан оянбай қалды. Дәрігерлер жүректен кеткенін айтты. Мен аталмыш жағдай оған қатты әсер етті және өлімге итермеледі деп ойлаймын», - дейді Нарқыз.
Кейін белгілі болғандай, аталған компанияда отырған лидерлер таныстарын тарту арқылы, оның артынан ерген адамдар үшін қомақты бонус алып отырған. Мені ертіп барған қыздың күйеуі сонда қаржыгер екен. Ол бізді қатты сендірді. Алғашқы үш айда 300 еуродан алып отырдық. Сосын қаражат есепшотқа түспей қойған.
«Астана банкі (банкрот болған – авт.) арқылы төлем картасын аштырды. Төлемдерімізді сонда жіберіп отырды. Questra World-тың веб-сайты да болды. Сол сайт арқылы қаражатты басқаруға болады. Үш айдан соң қолма-қол ақша алмайтын болдық. Бізге қаржыны сайттан көріп отыруға болады. Қазір қаржылық қиындықтар туғанын, қолма-қол бере алмайтынын айтты. «Банкпен проблема болып жатыр» деп бізді екі жыл алдап келген екен. Ақырында салған қаражатымызды осы күнге дейін көрмедік», - дейді Нарқыз Абдулла.
Алаяқтардың құрбаны болған қыз компания жабылғанша қаржы салып жатқан адамдардың ісіне куә болғанын айтады.
«Мысалы, өзім жұмыс істейтін ЖОО-ның баспаханасы бар. Сол жердің директорының әкесі әлгі компаниядағы лидерлердің бірі екен. Ол егде тартқан кісі болса да, екі пәтерін сатып, қаражат салған. баспаханада істейтін ондаған адам қазір алданғандардың қатарында. Бірақ ешқайсысы арыз жазбаған. Себебі, олар таныстарынан ұялады...», - дейді ол.
ҚАРЖЫ ПИРАМИДАСЫН ЖЕЛІЛІК МАРКЕТИНГТЕН АЖЫРАТУҒА БОЛА МА?
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде желілік маркетингпен әуестене бастағандар да көп. Қаржы пирамидасының табиғаты желілік маркетингке жақын және олардың аса айырмашлығы жоқ дейтіндер де бар. Екеуінің де мақсаты – ақша табу. Алайда, сарапшылар бізде маркетинг желілері заңмен қорғалғанын айтады. Үкіметтің 2005 жылы шыққан арнайы қаулысымен реттелген. Онда «Желілік маркетинг, қоғамдық таратушылар, пошта арқылы және басқа да тәсілдермен сату жолымен сауда орындарынан тыс бөлшек сауда ережесін бекіту туралы» ереже деп қарастырылған. Яғни, табыс дербес сауда немесе олардың желі жұмысына тартқан басқа агенттердің саудасынан түскен комиссиялық кірістерден құралады.
«Орифлейм», «Фаберлик» және «Эмвей» сияқты танымал желілік компанияларды айтпағанда, ел арасында косметикадан бастап, тұрмыстық химияға дейінгі түрлі өнімдерді ұсынатын NL, Armelle деген брендтер де таныла бастаған. Алматылық Арайлым Наурызбайқызы көпдеңгейлі маркетингпен айналысады. Ол бұл жүйе көп еңбектеніп, тез баюдың жолын көрсетінін жасырмайды. Саладағы маман соңғы төрт-бес жылда желілік меркетингтен табыс тауып, тіпті қос-қос көлік мініп жатқанын жиі жарнамалайды. Бұл негізінен, Ресейде өндірілген тауардың Қазақстандағы дистрибьюторы ретінде сауда-саттыққа бағытталған бизнестің түрі.
«Көбісі «желілік маркетинг деген лохотрон, адамдарды алдайды» деп жатады. Ол әр компанияның өзі құрған жүйесіне байланысты. Кейбір жүйе бойынша жоғарыда отырған адамдар ғана табыс тауып, төмендегілер солар үшін жұмыс істейтіндей құрылған. Ал басқа біреулерінде табыс жұмысқа кіріскендердің барлығына теңдей бөлінеді. Адалдыққа мән беріледі. «Классика», немесе «солнышко» деп аталады. Иә, артымыздан қаншалықты адам тартсақ, соншалықты пайда түсетін қағида мұнда да жұмыс істейді. Бірақ бізде нақты тауар бар. Ауада тұрған ештеңе жоқ. Қаржыны салып, тәуекел етпейсің. Дайын тауарды саудалай алатын қабілетің мен пысықтығың болса, жеткілікті. Артыңнан команда ертіп, жұмыс жасасаң, оны арам ақша немесе алаяқтық деп қарауға еш негіз көріп тұрғаным жоқ», - дейді желілік сауданың шебері.
Көпдеңгейлі маркетингте (Multіlevel marketіng) әдемі өмір сүруді, табысқа жетуді көсем сөздермен әңгімелеу тәсілі қолданылады. Арайлымның айтуынша, әсіресе жұмыссыз жастар немесе тез арада дәулетті болғысы келетіндер «байлықтың таяқ тастам жерде» екеніне сенеді.
«Бірақ мұны аспаннан жауа салатын қаржы дегенге сену қиын. Себебі, мен оны өзімнің көзім жеткен соң айтып отырмын. Бұл – тек еңбекпен келетін жетістік», - дейді ресейлік компанияның Қазақстандағы өкілі.
Арайлым Наурызбайқызы басында бұл ісіне жолдасы қарсы болғанын айтты.
«Желілік маркетингпен айналысамын дегенде, күйеуім қарсы болды. Бірақ оны көндіріп, жұмысымды бастап кеттім. Үйде сәбимен отырсам да, әлеуметтік желіні және таныстарымның көптігін пайдаланып, істей бастадым. Төрт баланың анасымын, ол кезде егіз балаларым әлі жасқа толмаған еді. Үлкені балабақшада. Екі жылдың ішінде автобонусқа қол жеткіздім. Артынан күйеуім де жетістіктеріме сеніп, көмектесе бастады. Шүкір, арада тағы бір жыл өткенде екеуміз екінші көлікті тақымдадық. Жодасым жалақыға қарап отыратын жұмысын тастап, қазір осы желілік маркетингке араласып кетті», - дейді Арайлым.
САРАПШЫ ПІКІРІ
Психолог Гүлжайна Әйменова қаржылық пирамиданың да, желілік маркетингтің де сыртқы формасы бір деп есептейді. Оны ұйымдаструшылар да, оған жем болатындар да оңай ақшаны көздегендер деген сыңайда пікір айтты. Айтуынша, қаржылық пирамида жұмысын жандандыратын орта – инфантилді, өзгенің ықпалына тез бейімделетін топтағы адамдар.
«Осы процесте жүрген адамдардың негізгі психологиялық сипатын ашу оп-оңай. Оның астарында материалдық жағдай жатыр. Бір сөзбен айтқанда, тез байып кету. Бұл да қазіргі заманның, әсіресе капиталистік құрылымның негізгі құндылығы деп қарастырылады. Одан қаша да алмайсың, жоққа да шығаруға болмайды. Тек заңнан аттап кетсең, жазаңды аласың. Формуласы осы. Сосын мұндай жолға түсетіндердің ішкі комплексі немесе психологиялық травмасы болуы мүмкін. Айталық, сізге біреу бала кезіңізде немесе кейін есейгенде «Неге осы сенде ақша жоқ, өмірі осылай отырады екенсің» немесе «Сенің ата-анаң тақыр кедей» деуі мүмкін. Адамның ішкі дүниесін осы сөздер бұзды. Ол бар қабілетін адал жолмен, ұзақ еңбектеніп қаржы табудан гөрі, жеңіл әрі қысқа сүрлеумен байып кетуге арнайды. Осындай адамдардың жиынтығы «қаржы пирамидасы» немесе «желілік маркетинг» құруға әкеледі», - дейді психолог.
Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есеп комиетінің ақпаратына қарағанда, соңғы бес жылда қаржылық алаяқтық көрсеткіштері өте жоғары. Сотқа дейінгі бірегей тергеу тізіліміне осы жылдары 444 қылмыстық іс тіркелген. ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы бойынша (инвестициялық пирамида құру және оны басқару) қозғалған қылмыстық істерді ұйымдастырушылар – жастар және жұмыссыздар. Соңғы жылдары сарапшылар пирамиданың әлеуметтік желілерге көшкенін жазады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы