$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.11.2019, 18:13
Қоғам

Қазақстанда ұялы байланыс операторларының қызметі қымбаттай ма?

Қазір Қазақстанда ұялы байланыс бойынша үш компания жұмыс істейді

Қазақстанда ұялы байланыс операторларының қызметі қымбаттай ма?

2020 жылы Ресейде ұялы байланыс операторларының тарифтер бағасы кем дегенде 10 пайызға қымбаттауы мүмкін. «Telecom Daily» ақпараттық-сараптамалық агенттігінің зерттеуі бойынша Ресейдегі байланыс құны 10-12%, «Content Review» cараптамасы 15-25%-ға өседі деп болжам жасаған. Сарапшылар оның себебін мемлекетішілік роумингтің өшірілуімен, адамдардың интернет-трафикті бұрынғыдан едәуір көбірек тұтына бастауымен түсіндірген. Бұл туралы «Известия» басылымы жазды.

«Azattyq Ruhy» порталының ресми сауалына жауап берген «Теlе2 Казахстан» компаниясы «Ресейдегі қымбатшылық халықаралық ұялы байланыс операторларының Қазақстандағы өкілдіктеріне әсер етпейді» деп сендірді.

«Қазіргі уақытта компания тариф бағасын көтеруді және тарифтерді өзгертуді жоспарлап отырған жоқ. Себебі «Теlе2» мен «Алтелдің» қазіргі тарифтері тұтынушылар арасында сұранысқа ие», - делінген хатта.

ТМД бойынша мобильді интернетке ең көп ақша жұмсайтын - қазақстандықтар

Компания өкілдері қазақстандықтардың мобильді интернетке жұмсайтын ақшасы жыл санап арттып келе жатқанын айтты. Қазақстанда «Теlе2» тұтынушысының бір абоненті орташа есеппен бір айда 10 гибабайттан көп трафик жұмсайды екен. Бұл ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш. Бірақ сұраныстың көп болуы байланыс қызметінің қымбаттатуына себеп болмайтынын айтады.

«Бұл көрсеткіш одан әрі де көбейе түседі деп күтеміз. Бірақ тарифтік пакеттер бағасы мен интернет-трафикті қолданудың өсуі арасында корреляция жүргізбейміз», - деп жауап берді «Теlе2» компаниясы.

Ал цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Қазақстанның интернет-трафиктер бағасы бойынша ең арзан елдердің ішінде 3-ші орын алатынын мақтанышпен айтады. 2018 жылы Content Review агенттігі жүргізген зерттеу бойынша, Қазақстан интернеті арзан елдердің төрттігіне кіріп, 1 гб трафик бағасы – 264 теңге екені белгілі болған. Арзан интернет бойынша алғашқы орындарда Иран, Польша және Венесуэла елдері тұр.

Алайда, министр алдағы уақытта тарифтердің қымбаттау/қымбаттамау мәселесі бойынша пікір білдірген жоқ. Себебі, ұялы байланыс операторлары қызметінің бағасын мемлекет бақыламайды. Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті де ұялы байланыс компанияларына тек жеке шағымдар түскен кезде ғана тексеру жүргізе алады екен. Ол туралы комитеттің көлік және байланыс басқармасының бастығы міндетін атқарушы Ақжан Тоқтарханқызы айтты.

«Өздігімізден тергеу, тексеру жүргізуге құқығымыз жоқ. Кәсіпкерлік бәсекелестікті дамыту үшін барлық шектеуді алып тастағанбыз. Біз тек табиғи монополиялар нарығын, мемлекеттік монополияларды, субсидия алған кәсіпорындарды, және әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарығын бақылаймыз», - деді жауабында.

Қазір Қазақстанда ұялы байланыс бойынша үш компания жұмыс істейді. Олар - құрамына «Kcell», «Activ» операторлары кіретін «Kcell» АҚ, «Beeline» брендінмен нарыққа шығатын «K-Mobile» және «Теlе2» мен «Altel» операторын біріктіретін «Теlе2 Казахстан» компаниясы.

Ресейде ұялы байланыс не үшін қымбаттайды?

«Ресейде ұялыс байланыс бағасы өседі» деген болжамның шығуына бірнеше себеп бар. Біріншіден, операторлар мемлекет ішіндегі роумингтен бас тартудан келетін шығынды тұтынушылар арқылы өтегісі келеді. Өйткені, 2019 жылдың 1-маусымында Ресейде ұлттық және ішкі байланыс роумингін жою бойынша заң күшіне енді. Содан бері мемлекеттің кез келген жерінде (Қырымды қоса алғанда – авт.) кіріс қоңыраулары үшін абоненттен төлем алынбайды. Бұған дейін тұтынушы тұрғылықты жерінен басқа аймаққа шықса, сырттан келетін қоңырау үшін қосымша ақша төлейтін.  

Қымбатшылыққа әсер ететін екінші себеп - 2018 жылдың шілдесінде күшіне енген Ресейдегі «Ярова» заңы. Депутаттың атымен аталып кеткен заң бойынша (Заң жобасы авторларының бірі, Дума депутаты Ирина Ярова) ұялы байланыс операторлары абоненттердің телефон қоңырауы мен SMS жазбаларын 6 ай, интернет-трафигі мәліметтерін 1 ай бойы сақтауға міндетті. Бұл шара лаңкестердің жолын кесу үшін және басқа да заңсыздықтардың алдын алу үшін қабылданған еді. Абоненттердің ақпаратын алты ай сақтап отыру үшін алдағы бес жылда «Теlе2» 10 млрд рубль, «Beeline» 45 млрд рубль ақша керектігін хабарлады. Ал, Ресейдің коммуникация министрлігі компанияларға деректерді жинайтын құрылғы сатып алуға субсидия беруден бас тартты. Міне, осы жағдайға орай компаниялар шығындарды жабу үшін де тариф бағасын қымбаттатуға мәжбүр.

Үшіншіден, сарапшылардың пікірінше, халық мобильді интернетті бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жиі пайдаланып, трафик сатып алуға көбірек ақша жұмсай бастаған. Бұл ұялы байланыс операторларының бұрынғы тарифтер құнын шамамен 30%-ға көтеруіне себеп болып отыр.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары