$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.10.2020, 22:12
Қоғам

Елордада мұғалімдерге 40 миллион теңгеден аса қаражат табысталды

«Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогі» медалінің иегерлеріне 833 мың теңге төленеді

Елордада мұғалімдерге 40 миллион теңгеден аса қаражат табысталды
Фото: astana.gov.kz

Ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында Нұр-Сұлтандағы мұғалімдерге 40 миллион теңгеден аса қаражат табысталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алғаш рет қала басшысы атынан «Нұр-Сұлтан қаласының құрметті педагогі» медалінің иегерлеріне 833 мың теңге төленеді. Сонымен қатар, бірқатар оқу орнына 9 миллион теңге көлемінде әкім гранты берілді.

«Әр мұғалім тұрғындардың сауатты әрі лайықты азамат болуына септігін тигізіп, білім береді. Мұғалімдерімізді кәсіби мерекелері - Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Балаларға оқу материалын меңгеруге, түрлі олимпиадаларда, байқауларда жетістіктерге жетуге ғана емес, сонымен қатар оларға өзіне, өз күшіне сенуге, кәсібін табуға көмектесіп келесіздер», - деді Алтай Көлгінов.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтанда жыл сайын жаңа білім ордасы салынады екен.

«Биыл салынған мектептер саны өткен жылмен салыстырғанда 2 есе артық. Осы жылы 12 мектеп салынды. Келесі жылы тағы сонша мектеп салынады. Оқу орындарын заманауи жабдықтармен жабдықтап, инновациялық технологияларды енгіземіз», - деді қала әкімі.

Сонымен қатар Көлгінов Мемлекет басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойғанын, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап педагогтердің жалақысы 25 пайызға, 2024 жылға дейін тағы 25 пайызға өсетінін атап өтті.

«Өткен жылы біз тұрғын үй сатып алу үшін әлеуметтік жәрдемақы түрінде 1 миллион теңге көлемінде 275 тұрғын үй сертификатын өтеусіз негізде бердік. Биыл да ұстаздарымызға тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесеміз. Қазақстандық ипотекалық компаниямен бірлесіп 1 мың әлеуметтік пәтер береміз. Бұл пәтерлер мұғалімдерге, әлеуметтік қызметкерлерге, полиция қызметкерлеріне, дәрігерлерге, өрт сөндірушілерге, мәдениет және спорт қайраткерлеріне беріледі», - деді ол.

Қала әкімі түлектерге де қолдау көрсетілетінін айтты.

«Мамандықты тегін оқуға 900-ге жуық грант бөлінді. Бұл шаралар жұмыс үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға және балалардың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті болуына бағытталған. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын!» , - деді Алтай Көлгінов.

Серіктес жаңалықтары