Оқушылар қосымша білім беру орталықтарына кетіп жатыр

Azattyq Rýhy
12.11.2019, 13:13

Білім сайыстарында бас жүлде алатын балалардың 70 пайызы ауылдан келгендер дейді орталық жетекшісі 

Фотоколлаж

Мектептерден білікті мамандар қосымша білім беру орталықтарына кетіп жатыр деген алаңдаушылық басым. Ал, осы дамып келе жатқан мектеп бағдарламасынан тыс білім беру жүйесі оқушыларды несімен қызықтырады? Azattyq Rýhy тілшісі осы мәселенің түп-төркінін «BILGE» халықаралық инновациялық шешімдер орталығының жетекшісі Әкім Тұрсыннан сұраған болатын.  

«Ауыл мен қала баласының білімін теңестіруге болатынын дәлелдедім...»

Әкімнің негізгі мамандығы дәрігер. Бірақ мектепке дейінгі және мектеп жасындағы жеткіншектерге қосымша білім беру курстары мен білім сайыстарын ұйымдастыра білген. Ол соңғы 4 жылда ауыл мен қала балаларының білімін теңестіруге болатынын дәлелдегенін айтады. Қаланы айтпағанда, аудан орталықтары мен ауылдарда оқушының өз бетімен білім алып, ізденуге деген құлшынысын арттырудың түрлі жобалары бар екен.

Онлайн режимінде емтихандар алып, ақылы түрде қаржы тауып жатқан шетелдік бағдарламалар нарықты жаулап алған. Ал «BILGE» орталығының негізін қалаған жас маман офлайн режимде баланың білімін жетілдіру, әрі тексеріп отырудың жүйесін құрған. Қазір нарықта «Русский медвеженок», «Кенгуру», «Британ больдагы» деп аталатын қашықтан алынатын ақылы олимпиадалар үстемдігін жасап отыр. 

Ал нарыққа «Bilgen Alaman», «Bilgen Baige», «Bilgen Hub» және «Bilgen Dara bol» деген атаумен енген төрт бағыттағы курстар да балаларға арналған. Олардың қортындысы бойынша білімді тексеретін олимпиадалар ұйымдастырылады. Сайыс жыл сайын 1-11 сынып оқушылары арасында өтеді.  

«Біз баланың қарымын тексеру үшін оқытып қана қоймаймыз, оның нәтижесін білу үшін пәндік олимпиадалар өткіземіз. Сол өткізілген сынақтар бойынша сараптамалар жасаймыз. Ол біз үшін өте маңызды. Сонда ауыл баласы мен қала баласының білім деңгейін саралап, шынайы бағасын беруге тырыстық. Нәтижеге куә болдық. Біздің білім сайыстарында бас жүлде алатын балалардың 70 пайызы ауылдан келгендер.

Неге бұлай деген сауалға жауап іздедік. Сөйтсек, қаланың баласы есепке тапсырма алады, дұрыс жауабын ғана жазады. Қаланың баласында ақпарат алу тетігі көп, мүмкіндік те көп. Мультимедиалық құралдар, смартфон, интернетке қолжетімділік болған соң, қысқа ойлап, тез шешімін айтады. Ал, ауылдың балалары бір есепті түгел шығару жолын көрсетуге дағдыланған. Демек, арнайы есептеуіштерсіз, оймен есеп шығару жолдарына үңіліп, дұрыс жауабын айқан кезде, алған білімі айқын көрінеді. Бізге де керегі осы. Білім мен интеллектуалдық даму деген осы», - дейді орталық жетекшісі.

 Әкім Тұрсын, «BILGE» халықаралық инновациялық шешімдер орталығының жетекшісі

Ойсырап қалған «Әліппе» орнын қалай толтырамыз?!  

Қазақстанда «Әліппе» орнын 2015 жылы «Сауат ашу» пәні басты. Мектеп табалдырығын аттаған соң, ең алғашқы әрі мәңгі есте қалатын мереке - әліппемен қоштасу болатын. Қазір аталған орталық инновациялық технологиялар арқылы сол әліппені қайта өмірге әкеліпті. Кітап түріндегі нұсқасымен бірге заман талабына сай мобильдік қосымшасын жасап шығарған. Авторы Маржан Тоқтарбайқызының айтуынша, бала мобильді қосымшаға QR кодты енгізу арқылы кітап бетіндегі әр әріп пен суретті анимациялық қозғалыс түрінде көр алады.

«Ертегі кейіпкерлері Білге бала мен Айкерім сөздердің атауларымен таныстырып, өмірдегі қолданысын үйретеді. Сондай-ақ өлеңді мәнерлеп оқудың да жолын көрсетеді. Әріптердің жазылу үлгісімен таныстырып, ойын ойнай отырып, сынақ жұмыстарын орындауға шақырады. Бұл оқулықты мектеп мұғалімдері де интерактивті тақтада түсіндіре алады», - дейді маман.

Бір кездері баланың жылдам есептеп, ой-өрісін дамытуға бағытталған менталды арифметика орталықтары көптеп ашылды. «BILGE» орталығына да алғашқыда ата-аналардың қызығушылығы ерекше болған. Қазір білім беру талабы күшейген заман болғандықтан, аталмыш орталық сандық технологияларды пайдалану арқылы түрлі ізденістерге барып отыр. Орталық электронды кітаптар жиынтығын қамтитын «Bbook» мобильді қосымшасын жасап шыққан. Тегін жүктеп алуға болатын мобильді қосымшаға қазіргі мектеп бағдарламасындағы барлық оқулықтар енгізілген. Оқулықтардың цифрландырылған нұсқасы ақпараттық және педагогикалық технологияларға сүйеніп жасалған жаңалықтардың бірі.  

«Мобильді қосымша оқушылардың қажеттіліктеріне барынша икемді, қолдануға жеңіл әрі тиімділігімен ерекшеленеді. Оқушының зейінін қызықты аудио, видеожазбаларымен оқуға аударып, жаңа тақырыпты қабылдау деңгейін айтарлықтай дәрежеде көтереді. Тапсырмалар мен ережелер ойын түрінде беріліп, баланың шашыраңқы ойының жинақталуына көмектеседі. Мысалы, қағаз түріндегі оқулықтың электрондық нұсқасы қолыңыздағы смартфонда да тұрады. Оны интернет жоқ жерде пайдалану үшін жұмыс үстеліне жүктеп алып, пайдаланасыз. Ол үшін біз Білім және ғылым министрлігінен рұқсат алуды қажет деп таппадық. Себебі біз оны саудалап, ақша тауып жатқан жоқпыз. Оқушы оны тегін пайдаланады», - дейді Әкім Тұрсын.  

Қазақ баласы сандық технологияға құмар емес деу - сыңаржақ пікір

Қосымша білім беру орталығы техника мен ақпараттық технологиялардың дамуы үздіксіз зерттеу мен ізденісті қажет ететінін негізге алып отыр. «BilGenTech» бағдарламасы бойынша 8 маман оқушыларды жаңа технологиялармен қызықтыратын өнімдер дайындап жатыр. Бағдарламалау, түрлі кодтарды оқу,  оқу режимінде көзге зиян келтірмейтін электронды кітап (планшет) жасау жоспарланған. 24 қарашада Алматыда 800 оқушы қатысатын информатика пәнінен олимпиада өтеді. 

«Қосымша білім беру бойынша 15 түрлі курс ұйымдастырып отырмыз. Соның ішінде бағдарламалаға, ақпараттық технологияны меңгеретін оқушыларға мән беріп жатырмыз. Ұлтық банк, Алматыдағы Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінде мұғалім болған мамандарды, код жазып жүрген практик мамандарды жоғары жалақымен жұмысқа тарттық. Осы бағыт бойынша жетістікке жеткіміз келеді. Солардың білімін пайдаланып, қысқа уақытта ақпараттық технологияға қызығатын әрі меңгергісі келетін оқушыларды іріктеп жатырмыз. Біздің репетиторлық, басқа да жеңіл-желпі қосымша сабақтардан ерекшелетіміз осы», - дейді қосымшы білім беру орталығындағылар.  

Мұғалімдер қосымша білім беру орталықтарына кетіп жатыр  

Алдағы үш-төрт жылда мектеп мұғалімдері де өзіне жеткілікті жалақы алатын күнге жетеді. Қазақстанда 2020 жылдан бастап барлық мектептерде жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізіледі. Мектептерге қаржы бала санына қарай беріледі. Мұндай қаржы жекеменшік мектептерге де қарастырылады. Білім және ғылым министрлігінің дерегінше, бұл бағытта қосымша 80 млрд теңге қарастырылып отыр. Базалық мемлекеттік білім беру стандартының құны 1 балаға - 224 704 теңге, коммуналдық шығындар мен интернет төлеміне -10 823 теңге, ынталандыру шығындарына 231 000 теңге бөлінеді.

«Осы жүйе еніп, мектептерге қосымша қаражаттар берілгенде, мектептің директоры мықты менеджер болуы керек. Осы қаражатпен мұғалімдерді ынталандырып, жалақысын көтеру арқылы ұстап қалуға болады. Ал мектепте мұғалімнің уақыты жетпейді, өзін дамытпайды, жүктемесі көп деген мәселе әрине бар. Біз сияқты қосымша білім беретін орталықтарда салыстармалы түрде жағдай басқаша. Мен жоғарыда айтылған әліппені жасау үшін мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарын жұмысқа шақырдым. Ол үмтімізді ақтады және керемет әліппе құрастырды. Ал олимпиадаларға сұрақтар дайындау үшін ЖОО-ның профессорлары тартылады», - дейді «BILGE» халықаралық инновациялық шешімдер орталығының жетекшісі Әкім Тұрсын.

Ал, «Qazbilim» республикалық орталығының директоры Аятжан Ахметжан мектеп мұғалімдерінің жекеменшік оқыту орталықтарына кетіп жатқанына алаңдайды. Ол орта білім беру орындарында жағдай тұрақсыз, бірақ мектеп білікті мұғалімдерді жібермеуі керек деп есептейді.

«Мектеп мұғалімін мезі ететін - бітпейтін жиналыстар, қағаз толтыру, қосымша оқу құралдарын өз ақшасына сатып алу және жалақының төмендігі, өз жұмысына үлгермеуі.  Мұндай машақаттар қосымша білім беретін орталықтарда жоқ. Мұғалімнің жұмысы бізде тек сабақ беру, бітті. Қосымша шығын жоқ, ал жалақы мектептегіден екі есе жоғары. Өз басым мектептерден жыл сайын 5-6 мұғалімді шақыртып аламын», - дейді А. Ахметжан.

Алматыдағы М.Ганди атындағы №92 мектеп-лицейдің директоры Ерұлан Жиенбаев бұл мәселеге жүйелі түрде келу керек деп есептейді. Себебі мектепте балаға білімнен бұрын тәрбие беретін ұстаздар қауымының сиреп бара жатқанына алаңдаулы. Мектеп басшысының айтуынша, жылына кем дегенде 2-3 мұғалім қосымша білім беру орталықтарына ауысады. Кейбірі мектептен тыс уақытын пайда табу көзіне айналдырған.

«Қазір әсіресе жастар арасында жауапкершіліктен қашып, мектепке жұмысқа келмейтін тенденция қалыптасты. Олар педагогика саласы бойынша білім алған соң, жекеменшік оқу орталықтарынан жұмыс іздейді. Мектеп үшін оның кері әсері бар. Біріншіден, жақсы кадрлардан айырылып жатыр, екіншіден, олардың мектепкегі орнын біліктілігі төмен мұғалымдер толтырып жатыр. Үшіншіден, ата-ана мен оқушының санасы өзгеріп, мектептен тыс жерден білім іздеуді жаппай әдетке айналдырып барады. Міндетті түрде қосымшаға баруы керек, ол болмаса мектепте білім жоқ деген түсінік қалыптасты. Қоғамда жікке бөлінушілік бар. Бұл мұғалімдердің де көңіліне қаяу түсіреді», - дейді мектеп басшысы.

Осы күнге дейін саланы шетелдіктер игеріп келді. Ресейдің, Түркияның, Ұлыбританияның білім беру, тіл үйрету орталықтары әлі де жеткілікті. Олардың дені балаларды тек шетелге апарып, әкелумен айналысатындар. Мамандар бұл орталықтарға мемлекет тиісті бақылау жасау керек екенін айтып жүр. Дегенмен, қосымша білім беру орталықтары бала білімін арттырып, білім беру саласында бәсекелестік артқанын жасырмайды. Соның әсерінен интернетте видеосабақтар, оқушы іздегенде оңай табатын танымдық дүниелер көбейіп келеді.

«Алматыда қанша қосымша білім беру орталығы бар?» деген сауалға салық органдары да, әділет департаменті де жауап бере алмады. Ал Нұр-Сұлтан қаласында мектеп бағдарламасынан тыс уақытта оқытатын 300-ге жуық мекеме жұмыс істеп келеді екен. «Qazbilim» орталығының басшысы Аятжан Ахметжанның айтуынша, республика бойынша тек шет тілдерін үйрететін 400-ден астам жекеменшік білім орталықтары тіркелген.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Біздің ең маңызды және қызықты жаңалықтарды біздің Telegram-каналдан оқыңыз
‡àãðóçêà...
Өзге де қызықты мақалалар
Студенттер 2020 жылдан бастап қанша шәкіртақы алады?
Студенттердің шәкіртақысын өсіруге шамамен 18 млрд теңге бөлінеді
Әлмерек: көшесі бар – жолы жоқ, құбыры бар – газы жоқ шағынауданның проблемасы қашан шешіледі?

Сұхбат
Ирактан Қазақстанға қайтарылған 14 баланы ортаға бейімдеу жұмыстарымен айналысып жатқан психолог мамандармен сұхбат
Бүгін сайтымызда саясаттанушы Айдос Сарыммен болған сұхбат жарияланды
Уролог-андролог маман Максет Рысбаев дені сау сперматозоидтар шығара алмайтын жігіттердің көбеюінің бір себебі - туғаннан жаялығы шешілмейтін балалар санының артуымен деп есептейді