«Әкімдік түк бітірмеді»: Сайрам ауданындағы бүтін бір ауыл 3 жылдан бері жарыққа жарымай келеді
Балалар алакөлеңкеде сабақ оқуға мәжбүр
Түркістан облысы Сайрам ауданына қарасты Қосбұлақ ауылының тұрғындары кеш бата ала көлеңкеде өмір сүруге мәжбүр. Өйткені, елдімекенде электр жарығының проблемасы ұзақ уақыттан бері шешілмей келеді. Мұнда жарық көзі саналатын трансформатордың тозығы жетіп, сым тартылған бағандар қисайып құлағалы тұр. Салдарынан тұрғындар қажетті 220 кВт орнына 92 кВт алып отыр. Бұл теледидар көру түгілі, тоңазытқыш қосуға да жеткіліксіз деп шағымданды жергілікті халық Azattyq Ruhy тілшісіне.
Бұл жағдай – мұғалімдер мен оқушылар үшін үлкен проблема. Кешке балалар үй жұмысын әзірлесе, ұстаздар дәптер тексеріп, жұмыс жоспарларын жазады. Ал «сығырайған жарық» жанарымыздан айыра ма деп уайымдаймыз дейді қосбұлақтықтар.
«Үйде ересек жеті адам, екі жас бала бар. Сабыр Рахымов көшесінде тұрамыз. Мұндай жағдайда өмір сүріп келе жатқанымызға үш жылдай болды. Бізге келіп жатқан тоқтың күші небәрі 92кВт. Тоңазытқыштың өзі жұмыс істемейді. Тоқтың күшін көтеретін аппарат әкеліп едік, оның да пайдасы тимеді. Біз үй ішімізбен мұғалімбіз. Кешке осындай қараңғыда сабаққа дайындалуға мәжбүрміз», - деді ауыл тұрғыны Айбек Увайдоллаев.
Ауылдағы электр бағандары қисайған, сымдары тозып кеткен. Жел тұрса, тоқ өшіп қалады. Ал кешке үйдің іші алакөлеңке.
«Үйде он адам тұрамыз. Балам мен әкем мүгедек. Кешкі уақытта да оларға күтім керек. Қараңғыда қиын. Бұрын ескірген бір трансформаторға 237 үй қосылған еді, қазір көбейді. Жарық нашар болса да ай сайын 5-6 мың теңге төлеп тұрамыз. Жергілікті билікке айтсақ, өзімізге ақыл айтады, сылтаулары көп. Былтыр бағандарды жаңартамыз, сым аламыз деп халықтан ақша жинап бастаған еді, бірақ ол да аяқсыз қалды. Қатырамын деген әкім түк бітірген жоқ», - дейді ауыл тұрғыны Хакімжан Пірімқұлов.
Ислам Тоқтаров есімді тұрғын да балаларының сабақ оқи алмай келе жатқанын айтып шағымданды.
«Әсіресе, балаларға қиын болып тұр. Сабаққа дайындалуына мүмкіндігі жоқ. Қараңыздар, бұл масқара ғой. Бүкіл көше осылай отырмыз. Бұл біздің басшылардың жұмыс істемейтінін көрсетеді», - дейді Ислам Тоқтаров.
Мәселенің мән-жайын білмек болып Түркістан облыстық әкімдігіне хабарластық. Ондағылар аудан басшылығына сілтеді. Ал аудандағы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығына жауапты Мәди Нұрлыбаев ақпарат бере алмайтынын айтты. Ішкі саясат бөлімінің басшысы Ақылбай Жақыпбеков «екі сағатта ақпарат беремін» деген. Алайда, оның жауабын күткенімізге екі тәуліктен асты.
Сайрам ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ақмарал Әшірованың айтуынша, электр энергиясының проблемасы тек Қосбұлақ ауылында ғана емес, өзге де елдімекендерде бар көрінеді. Тозығы жеткен бағандар мен сымдарды ауыстыру мәселесі көтерілгеніне бірнеше жылдың жүзі болған.
«Электр желілерінің проблемасын аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков біледі. Таскесу ауылында шіріп кеткен екі бағанды көріп, аудан әкімі электр станциясының басшысына ұрысқан. Проблемаларды анықтап, ұсыныс айтыңдар деген. Бірақ екі айдан бері әлі жүр. Оған екі апта уақыт берген болатын», - дейді Ақмарал Әшірова.
Оның айтуынша, Қолкент ауылдық округіне қарасты Қосбұлақ елдімекеніндегі 500 үйде 3200-ден астам адам өмір сүріп жатыр. Ауылда 4 трансформатор болса, оның екеуі 100 кВт қана тоқ береді. Трансформаторлардың арақашықтығы алыс болғандықтан, тоқтың таратылуы нашар. Әкімдік өкілі ауданда елдімекендерді сапалы энергия көзімен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Алайда, Қосбұлақтың проблемасы қашан шешілетіні белгісіз.
Әмірболат Құсайынұлы, Түркістан облысы