$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
23.09.2020, 12:39
Қоғам

Әйелін ұрған адамға 30 күн ішімдік ішуге, жәбірленушіге жақындауға тыйым салынады

Ұйғарымды бұзған азамат әкімшілік жазаға тартылады

Әйелін ұрған адамға 30 күн ішімдік ішуге, жәбірленушіге жақындауға тыйым салынады
Фото: Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчиди

Бүгін Мәжілісте «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасы мен қазіргі заңдарға енетін өзгерістер бірінші оқылымда қаралып, мақұлданды.

Заң жобасын таныстырған депутат Ирина Үнжақованың айтуынша, бірінші заң жобасының қысқамерзімді, ортамерзімді және ұзақмерзімді мақсаттары бар.

«Алдымен қысқамерзімді міндетіне тоқталсақ. Қысқамерзімді кезеңде – бұл заң жобасы жеке тұлғаға қарсы жасалған қылмыс пен тұрмыстық зорлыққа қатысты қылмыс жазасын тез арада қатаңдатуға бағытталған», - дейді Үнжақова.

Ирина Үнжақова баяндап өткендей, жәбірленушімен бірінші болып кездесетін учаскелік полицияның өкілеттілігі күшейтіледі. Учаскелік полицияның өкілеттілігі қалай күшейді деген сұраққа Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди жауап берді.

«Осы жылдың 8 айында тұрмыстық зорлық-зомбылық белгілері бойынша 130 мың арыз түсті. 2,5 мың арыз бойынша қылмыстық іс қозғадық. 30 мыңға тарта әкімшілік өндіріс басталды, қалған жағдайларда жәбірленушілер арыздан бас тартты. Сондықтан біз де ешқандай шара қабылдай алмадық. Сондықтан полицияға берілетін рұқсат – маңызды профилактикалық тетік», - дейді ол.

Вице-министр енді учаскелік полицей қалай шешім қабылдайтынын түсіндірді.  

«Президент те жолдауында учаскелік полицейді қылмыстың алдын алудағы басты адам етіп айқындаған еді, менің ойымша, мұның біз үшін пайдасы көп. Яғни, учаскелік полицей енді қалай шешім қабылдайды деген сұраққа жауап берейін.

Біріншіден, оқиға орнына келген соң құқық бұзушыдан бастап, отбасы мүшелерінен, көршілерден жауап алады. Сосын білім, денсаулық сақтау органдарымен бірлесіп, жәбірленушілердің психикалық жағдайын тексереді. 

Бізде Білім, Денсаулық сақтау және Ішкі істер министрлігі арасында қол қойылған бірлескен бұйрық бар. Ол жерде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың түрлі бағыттары бойынша критерийлер айқындалған. Учаскелік полицей соған сүйеніп қорғау ұйғарымын шығару туралы шешім қабылдайды. Ол 30 тәулікке беріледі. Ұйғарымда ішімдік ішуге, тұрмыстық зорлық-зомбылық жасауға, жәбірленушілерге жақындауға, оларды аңдуға тыйым салынады. Қорғау ұйғарымын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, Әкімшілік кодекстің 461-бабы бойынша қамауға алынады», - деп түсіндірді ол.

Яғни, ұйғарымда күш көрсеткен адам 30 күн ішімдік ішпеуге міндеттеліп, ол ұйғарым ережесін бұзған жағдайда бұрынғыдай жазадан құтыла алмайды. Ұйғарымды бұзу – бірден Әкімшілік кодекстің 461-бабын (Қорғау нұсқамасын бұзу ескерту жасауға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады) бұзумен тең деп бағаланады.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары