Атбасар қаласындағы түзету мекемесінде 50 адам жұмыспен қамтылған
Ақмола облысының, Атбасар қаласындағы ЕЦ-166/4 түзеу мекемесіндегі сотталушылар 100 мыңнан астам қорғаныс маскасын тігіп шығарды. Жергілікті кәсіпкер сотталушыларды жұмыспен қамтып, тігін өндірісін ұйымдастырған, деп хабарлайды «Azattyq Rýhy» тілшісі Ақмола облысының Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Департамент мәліметінше, облыстың түзету мекемелерінде сотталушылардың белгілі бір салада жұмыс істеп, табыс табуына сондай-ақ, түрлі салада еңбек дағдыларын қалыптастыруына мүмкіндік берілген. «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының өндірістік нысандарында сотталушылардың 45 пайызға жуығы жұмыспен қамтылған.
«Атбасар қаласындағы ЕЦ-166/4 мекемесінде сотталушыларды еңбекпен барынша қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы билікпен, кәсіпкерлік палатасымен тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Бизнес өкілдерінің қатысуымен түзеу мекемесінің өндірістік аймағында өткізілген кездесулердің нәтижесінд, мекеме базасында жеке кәсіпкер Әділ Досхожиннің тігін өндірісі іске қосылды. Қазір онда тәулігіне 5000 данаға дейін қорғаныс маскалары да тігілуде. Кәсіпкер 50 сотталушыны жұмыспен қамтыды», - дейді ЕЦ166/4 мекемесінің сотталушылардың жұмысын ұйымдастыру бөлімінің бастығы Қымбат Баламбаева.
Мекемеде тігін цехын іске қосқан кәсіпкер мұнда өз кәсібін ұйымдастыруға жақсы жағдай жасалғанын айтады.
«Маған түзету мекемесінде жұмыс жүргізген ұнайды. Мұнда барлығы қатал, жұмысшылардың тәртібіне және мүліктердің сақталуына аса мән беріледі. Тапсырыс алғанда жұмысшылардың мені ұятқа қалдырмайтынына сенімді боламын. Өйткені мұнда жұмысқа шықпай қалу сияқты мәселелер туындамайды. Барлық жігіттер табыс тапқысы келеді», - дейді кәсіпкер Әділ Досхожин.
Кәсіпкер түзету мекемесінде бірнеше жылдан бері тігін өндірісімен айналысып келеді.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы