Қаскелеңдегі жарты миллиард теңгелік жылу қазандықтары: тұрғындар неге құрылысқа наразы?
Жергілікті билік қазандықтарды бәрібір орнатамыз деп отыр
Алматы облысы Қарасай ауданының орталығы Қаскелеңде жылу қазандықтары тұрғындар қарсылығына қармастан салынатын болды. Бұған дейін қаладағы Төле би көшесі, 35, 37, 37а және Қарасай батыр көшесі, 42-ші үйдің тұрғындары жылу қазандықтарының құрылысына қарсылық танытқан болатын. Халық аулада құрылыс жұмыстары мен ауыр техникалардың қозғалысына кедергі келтірген еді.
Azattyq Rýhy ақпараттық агенттігіне хабарласқан тұрғындар жылу қазандығына қарастырылған қаржының көп екенін, ақырында бұл қаражат тұрғындар есебінен жабылатынан айтады. Қаскелең қаласының тұрғыны Влад Мельниковтың айтуынша, жаңа қазандықтар тұрғындардың қалтасына салмақ салады. Енді жылуға келетін төлемдер осы күнге дейін пайдаланып отырған газбен жылыту құрылғыларынан екі-үш есе қымбатқа шығатын көрінеді.
«Бұл жобаға бір топ адам ғана емес, бүкіл үйдің тұрғындары екі жылдан бері наразы. Біріншіден, жылыту құрылғылары тұрғын үйлерге өте жақын салынып жатыр. Құрылыс талаптарын бұзып отыр деп есептейміз. Екіншіден, қыс мезгілінде мен пәтерімнің жылуы үшін айына 4-5 мың теңге төлеймін. Егер әкімдік жаңа қазандық қойса, оның қызметі үшін біз 15 мың теңгеден кем төлемейміз. Бұл – қымбат. Зейнеткерлер үшін бұл – жоғары баға. Оның сыртында электр энергиясы, ыстық-суық су, интернет бар, қазір барлығы қымбаттап кетті», - дейді тұрғын.
Қаскелең қаласында да өзге аймақтар сияқты Кеңес Одағы тараған соң, көппәтерлі үйлер орталық жылыту жүйесінен ажырап қалды. Әркім өз қал-қадірінше жылытты. Біреулері электр пешпен жылынса, тағы бірі от жағуға мәжбүр болды. Ал екі мыңыншы жылдары тұрғындар сығымдалған газбен жылитын қондырғылар сатып алып, өз пәтерлеріне жеке-жеке орнатқан. Тиісінше, газбен жылытудың ай сайынғы төлемдері де, басқа отынға қарағанда аз шығады.
«Тұрғындар бұған қарсылық танытып едік, бізге қарсы полиция күш көрсетті. Жоба 2019 жылы басталған, бірақ тұрғындардың наразылығынан соң тоқтаған. Биыл мәжбүрлі түрде құрылысты қайта жүргізе бастады. Ауыр техника келіп, жұмыс бастағанда, біз оның жолына қарсы тұрамыз. Осы кезде тәртіп сақшылары да пайда болады. Әбден берекеміз кетті. Тараптар текетіресіп, бір келісімге келе алмай отырмыз», - деді Влад Мельников.
Бірақ жергілікті әкімдік пен төтенше жағдай қызметі көпқабатты үйлердің екінші қабатынан жоғары орналасқан пәтерлерде сығымдалған немесе пропан газын пайдалану қауіпті деп шешкен. Осыны ескеріп, жаңа қазандықтар салуға бюджеттен қаражат бөліп отыр. Қалада барлығы 7 қазандықтың құрылысына жарты миллиард теңгеге жуық қаржы қарастырылыпты.
«Қаскелең қаласында жылу қазандықтарын салуға 480 млн теңге бөлінді. Барлығы 7 жылыту орталығы салынады. Оның ішінде 2 қазандықтың құрылысы басталды. Соның бірі Төле би көшесіндегі даулы алаңда жүріп жатыр. Жалпы, ол жерге, яғни алаңға билік қазандық салумен ғана шектелмейді. Балалардың ойын алаңы, айналасын абаттандыру да сол жобада қамтылады. Төле би көшесінің бойындағы 35, 37, 37 «а» және Қарасай көшесі, 42-ші тұрғын үйлері жылытылады», - деді Алматы облысы й Қарасай ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бағдәулет Тәліпов.
Әкімдік өкілінің айтуынша, екі жобаға 213 млн теңге жұмсалады. Қазандық салынатын аймақтарда тәуелсіз сараптама жүргізілген, сот шешімі де шыққан. Ал наразы тұрғындарға түсіндіру жұмысы жүргізілген.
«Олардың талаптары да ескеріліп, келісімге келіп жатырмыз. Бүгін кешке тағы жиналыс болады. Коммуналдық төлемдер қымабаттайды деуге негіз жоқ. Бастысы – қауіпсіздік мәселесі. Сығымдалған газ қондырғыларын пайдалану тұрғындардың өзіне қауіпті. Осының алдын алу үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деді Б. Тәліпов.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы облысы