Бахрейн,Түркия және Оңтүстік Корея: қазақстандықтарды адам саудасына салатын бағыттар
Қазір Қазақстанда 1200 адам іс-түзсіз жоғалғандар санатында тұр
Қазақстан да әлем елдері сияқты адам саудасымен күресті басты бағдар етіп отыр. Ол үшін соңғы жылдары заңнамаға біраз өзгерістер енгізілді.Соған қарамастан, адамды саудалау, оны ұрлау, еркінен тыс мәжбүрлеп жұмыс істету фактілері тоқтар емес, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Бір жылда сыртқы елдермен бірге адам саудасымен айналысып жүрген 15 тұлға анықталған. Олардан тыс, 2 қылмыстық топ әшкерленіп, қазір ісі тергеліп жатыр. Биыл маусымда Бахрейнде қазақстандық қыздарды саудаламақ болған қылмыстық топтың мүшелері ұсталған еді. Заңсыз топты Бахрейнде тұратын 39 жастағы ер адам басқарған. Оған төрт қазақстандық әйел көмектескені және тағы үш бахрейндік пен Үндістаннан келген бір ер адам басшылық жасағаны әшкере болды. Тергеу құпиялығына байланысты нақты ақпараттар жарияланбайды. Бұл туралы бүгін ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің бастығы Думан Таев арнайы брифингте айтты.
Брифингте қазақстандықтарды сыртқа жұмыс күші және сексаулдық зорлық-зомбылық үшін пайдаланылатын негізгі бағыттар аталды. Олардың алғашқы үштігінде Оңтүстік Корея, Бахрейн және Түркия республикасы тұр. Былтыр осы елдерге заңсыз жолмен адамдар апарған немесе адамдарды жұмыс күші ретінде тегін пайдаланған 26 адам сотталған. Бұл мемлекеттерден тыс адам саудасына қатысты кең тараған сала жезөкшелік, яғни тән саудасы арқылы ақша табу үшін Ресей мен Сауд Арабиясына адам тасу тыйылмаған.
«Ал ішкі нарықта да адам саудасына қатысты статистика жоғары. Биыл 10-12 қыркүйек арасында «Стоп трафик» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Қазақстанның ішінде адам ұрлығы бойынша 50 факт әшкерленген. Олардың арасында жезөкшелік пен мал бақтыру, шаруашылық жұмыстарына еркінен тыс пайдалану жағдайлары көп. Күдіктілерге ҚР ҚК 126-бабы негізінде іс қозғалды», - дейді Криминалдық полиция департаментінің бастығы Д. Таев.
Карантин кезеңінде адам ұрлығы бойынша статистикада өзгерістер болған жоқ. Жыл басынан бері елде адам еңбегін пайдалану, заңсыз жұмысқа жегу немесе өзге де құлдыққа салу деректері бойынша 80-ге жуық құрбан босатылған. Ал адам саудасына қатысты топтық түрде жасалған қылмыс болған жағдайда қылмыскердің мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған дейді полиция өкілдері
Айта кету керек, қазір Қазақстанда 1200 адам іс-түзсіз жоғалғандар санатында тұр. Олардың 22-сі – бала. Жақында Walk Free халықаралық ұйымы Қазақстанда 75 мың адам құлдықта өмір сүруде деген деректі жариялаған еді. Ашық дереккөздерде еліміз статистикаға енген 167 мемлекеттің ішінде 83-орынға жайғасқаны айтылады.
Ришат Асқарбекұлы, Алматы