ШұғылCOVID-19: Қазақстанда 14 адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған

Еуропа мен Азия елдерінде коронавирус қайтадан өрши бастады

Алмаз Шарман алматылықтарды санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауға шақырды

Фото: ашық дереккөзден

Еуропа мен Азия елдерінде коронавирус індеті қайтадан өрши бастады. Профессор Алмаз Шарман алматылықтарды маска тағып,  әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында Қазақстанның профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман әлемдегі коронавирус пандемиясының екінші толқыны туралы айтып, алматылықтарды санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауға шақырды.

Профессордың айтуынша, пандемия әр уақытта әр елде түрлі көрініс тапты.

«Індетті сәтті жеңіп шыққан Жаңа Зеландия, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Сингапур сияқты елдер бар. Бірақ Италия, Испания, Америка Құрама Штаттары сияқты кейбір елдерде өлім мен аурудың деңгейі жоғары болды», - деді Алмаз Шарман.

Оның айтуынша, бұл  оңтүстік жарты шардағы Аргентина, Чили, Оңтүстік Африка, Австралия сияқты елдердегі жағдай. Олар  қыс мезгілінен аман өткенімен, көктем мезгілі қиын соғуы мүмкін. 

Алмаз Шарман сондай-ақ адамзат қазір «ковидтен кейінгі жағдай» жаңа феноменімен бетпе-бет келіп жатқанын да тілге тиек етті. COVID-19 дертімен ауырған науқастарда біраз уақыттан кейін басқа асқынулар пайда болады. Бұл әлсіздік, созылмалы шаршау синдромы, неврологиялық, жүрек және басқа да белгілер.

«Бүкіл әлем дәрігерлері өте маңызды, кең ауқымды проблемаларға тап болды. Сондықтан күзгі-қысқы маусымдa коронавирустың екінші толқынын  адамдар байыпты қабылдауы керек. Жаңа індеттер Еуропа мен Азияның әртүрлі елінде пайда болады. Бұл күзгі кезеңге, күннің салқындауына байланысты. Қазір көп нәрсе біздің өзімізді қалай ұстайтынымызға байланысты. Арақашықтықты  сақтап,  маска тағып, жалпы гигиена ережелерін сақтауды жалғастыруымыз керек.  Егер Қазақстанға эпидемияның екінші толқыны келсе, оның қаншалықты қауіпті болатыны тікелей өзімізге байланысты», - деді Алмаз Шарман.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы