QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеу басталды
Клиникалық зерттеу 18-50 жас аралығындағы дені сау ересек еріктілер арасында жүргізіледі
ҚР Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтында әзірленген коронавирус инфекциясына қарсы QazCovid-in вакцинасын клиникалық зерттеу басталды.
Денсаулық сақтау министрлігі құжаттар мұқият тексерілгеннен кейін қазақстандық QazCovid-in® вакцинасын клиникалық зерттеудің I/II фазасын жүргізуге рұқсат берді.
«Бірінші және екінші кезең шеңберінде еріктілерді вакцинациялау жүргізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцинациялауға рұқсат берді. Клиникалық зерттеуге тек 244 ерікті қажет болатын. Алайда, Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына (БҚПҒЗИ) Қазақстанның барлық өңірінен клиникалық зерттеулерге қатысуға ниет білдірген еріктілерден он күннің ішінде түскен өтініштер саны әлдеқайда көп болды. Хабарландыру шыққаннан кейін бірнеше күн өткен соң өтініш қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болдық. Отандастарымызға ғылым саласына көрсеткен қолдауы мен сенімдері үшін алғысымызды білдіреміз», – деп мәлімдеді ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов.
Вакцинаны клиникалық зерттеу 18-50 жас аралығындағы дені сау ересек еріктілер арасында жүргізіледі. Вакцинаның қауіпсіздігін анықтауға бағытталған зерттеудің I фазасына коронавируспен ауырмаған және антиденелері жоқ 44 ерікті қатысады. Иммуногенділікті зерттеуге бағытталған екінші фазада 200 еріктінің қатысуы жоспарланып отыр.
Еске сала кетейік, 15 мамырда ДДСҰ коронавирусқа қарсы белсенділігі жойылған қазақстандық вакцинаны кандидаттық тізіміне, ал 29 тамызда клиникалық сынақтарға жіберілген вакциналардың қатарына қосты.