Қазақстандық жастардың 40%-ның денсаулығы әскерге жарамайды

Еліміздегі 1970 мектепте спорт зал жоқ

Қазақстандық жастардың 40%-ның денсаулығы әскерге жарамайды
Фото: ашық дереккөзден

Қазақстандық жастардың 40%-ның денсаулығы әскерге жарамайды. Бұл туралы Бұқаралық спортты тиімді  дамыту тақырыбына арналған брифингте «Мектеп спорт федерациясы» ЗТБ ресми өкілі Түсіпбекова Алия мәлім етті. 

«Өкінішке қарай, елімізде бұқаралық спортқа, аула спортына дұрыс көңіл бөлінбейді. Соның салдарынан, белсенді өмір сүретін балалар саны 30%-дан аспайды, ал жастардың 40%-ның денсаулығы әскери қызметке жарамайды. Дене шынықтыру сабақтары балалардың спортқа деген құлшынысын оятып жатқан жоқ. Еліміздегі жасөспірім балалардың 20%-ы дұрыс тамақтанбай, белсенді қозғалыстың болмауынан артық салмақпен күресуде», - деп атап өтті маман.

Алия Түсіпбекованың айтуынша, балаларды спортқа баулуға кәсіби мамандар бөлініп, ыңғайлы жағдай жасалмаған. Ал еліміздегі 2 мыңға жуық мектепте тіпті, спорт зал да жоқ.

«Жүргізіліп отырған сараптама қорытындылары көрсеткендей, мектепаралық спорттық сайыстар халықаралық стандарттарға сай емес. Қазақстанда 1970 мектептің спорт залы жоқ, ал ауыл мектептерінің 30%-ы ғана спорттық сайыстардың сұраныстарын қанағаттандыруда. Спорттық нысандардың 31%-ы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Қыркүйектегі мемлекет басшысының жолдауынан кейін, еліміздегі бұқаралық спорт саласы қолға алынады деп сенемін», - деді Алия Түсіпбекова.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.