Коронавирустан қайтыс болған 20 дәрігердің отбасына 10 млн теңгеден берілді
КВИ жұқтырған және пневмониямен ауырған 1,5 мыңға жуық дәрігер 2 млн теңгеден өтемақы алды
14 қыркүйек күні сағат 09:00-дегі жағдай бойынша Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан COVID-19 инфекциясын жұқтырған және вирустық пневмониямен ауырған 1487 медицина қызметкеріне өтемақы төленді. Сондай-ақ індеттен қайтыс болған 20 медицина қызметкерінің туыстарына 10 млн теңгеден төлем аударылды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Өңірлер арасында COVID-19 жұқтыру немесе вирустық пневмониямен ауыру салдарынан ең көп төлем алған – Нұр-Сұлтан (261) және Алматы қалаларының (197), Алматы (127), Ақмола (122), Қарағанды (110) облыстарының медицина қызметкерлері.
Айта кетейік, коронавирус инфекциясын жұқтырған немесе вирустық пневмониямен ауырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн теңге өтемақы, ал коронавирус инфекциясын жұқтырып немесе вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған дәрігерлердің отбасына 10 млн теңге көлемінде өтемақы төленеді.