$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
14.09.2020, 09:28
Қоғам

Пандемия кезінде тұмау да өршуі мүмкін – Алексей Цой

Денсаулық сақтау министрі бірінші болып тұмауға қарсы екпе салдырды

Пандемия кезінде тұмау да өршуі мүмкін – Алексей Цой

Биыл бірінші болып тұмауға қарсы екпе салдырғандардың бірі – Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Бүгін елімізде республикалық вакцинация науқаны басталды, осы орайда ведомство басшысы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «№6 қалалық емханасы» ШЖҚ МКК барып, ресейлік «Гриппол+» вакцинасын салдырды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды. 

«Жылда күз келгенде ЖРВИ мен тұмау өршиді. 2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ-мен ауырған 431 120 адам тіркелді, оның ішінде 2 жарым мыңнан астам науқас зертханада анықталған тұмауға шалдыққан. Оның 284 033-і немесе 61,4 пайызы – 14 жасқа толмаған балалар. Биыл халықты вакцинациялау аса қажет, өйткені коронавирус пандемиясы кезінде тұмау да өршуі мүмкін, сол кезде елдегі жағдайды тұрақтандыру қиын болады. Сондықтан бұл жолы елімізде вакцинацияны жылдағыдан екі апта бұрын бастаймыз. Қазақстан қауіпсіз, тиісті зертханалық сынақтардан және бақылаудан өткен, сапалы вакцина сатып алғанын көрсету үшін өзім бірінші болып екпе салдырдым», - деді А. Цой.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылы Қазақстанда егу науқаны 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтеді. Бірыңғай дистрибьютор халықтың 10 пайызынан астамын тегін вакцинациялау үшін Ресейде өндірілген «Гриппол+» вакцинасының 2 млн астам дозасын сатып алды. Вакцина құрамында тұмаудың үш штаммы - А(H3N2), А(H1N1) және В қарсы антиген бар. «Гриппол +» вакцинасы тұмауға қарсы ерекше жоғары иммунитет қалыптастырады.

Вакцина келесі адамдар үшін тегін болады:

  • мектеп жасына толмаған және мектеп жасындағы балалар;
  • медицина қызметкерлері;
  • жүкті әйелдер (жүктіліктің 2-3 триместрі);
  • жабық мекемелердегі адамдар (балалар үйі, мектеп-интернаттар;
  • созылмалы ауруы бар ересектер мен балалар;
  • 60 жастан асқан қарттар.

Ведомствоның хабарлауынша, әзірге Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинациядан бас тартқандар тіркелген жоқ.

Серіктес жаңалықтары