Стэнфордтан қазақ тілін үйрететін мұғалім беруді талап еттім – Стю Маклафлин

Америкалық студент «Qazaqsha jaz» қозғалысының мүшесі

Стэнфордтан қазақ тілін үйрететін мұғалім беруді талап еттім – Стю Маклафлин
Фото: автордан

Америкалық Стю Маклафлин Стэнфорд университетінің магистрі және қазақ тілінің жанашыры.  Бүгінгі таңда ол «Қазақстандағы үштілді білім алу жүйесінде ұйымдастырылған реформалар» тақырыбында диссертация жазып жатыр.

Azattyq Rýhy  тілшісі  Стюмен қазақ тілінің жай күйі, үш тілділік реформасы және тіл үйренудің қыр-сыры туралы сөйлесті.

СТЮ ЖЕТІ ТІЛДІ МЕҢГЕРГЕН

25 жастағы Стю ағылшын тілінен бөлек, қазақ, ұйғыр, испан, орыс, әзірбайжан, араб және поляк тілдерін біледі. Қазақстанға деген қызығушылығы 16 жасынан басталған.

«Қазақстанның бар екенін мектеп кезімде білдім. 16 жасымда мен Қазақстанның Кеңес Одағындағы рөлі тақырыбындағы зерттеу жұмысымен айналысқанмын. Кеңес одағының құрамындағы қазақ елі туралы ешқандай ақпарат білмедім. Содан ерекше қызығушылығым ояна бастады. Өзіме берілген тапсырманы орындаған соң, сіздердің мемлекетіңіз жайлы көбірек ақпарат білуге деген ниетім күшейе түсті», - дейді ол.

Әскери аудармашы болуды қалаған ол АҚШ қарулы күштерінде офицер болып қызмет еткісі келетіндерге арналған ROTC бағдарламасы арқылы академияға оқуға түседі.

«Академияда мен екі жыл оқыдым, ары қарай әскер болып,  флотқа барғым келген. Бірақ ол мақсаттарым жүзеге аспай қалды. Ондай бағдарламамен әскери барлаушыларға грант аз бөлінетін. Осылайша,

Эмен өзімнің ең мықты тұстарымды дамытуды қаладым. Әртүрлі елде өмір сүру үшін ары қарай тілдерді үйренгім келді. Академияда оқып жүргенімде араб тілін үйреніп үлгердім. Одан кейін училищедегі досым арқылы орыс тілін үйрене бастадым. Орыс тілін үйреніп жүріп, Питерге оқуға түстім. Петербургтегі жаңа танысқан достарымның қолдауының арқасында орыс тілін де игеріп алдым. Білімімнің кеңейгені соншалық, Америкаға қайта оралғанда өз универімдегі орыс тілі клубының президенті атандым.

Ресейден Америкаға оралғаннан кейін «Қай бағытта дамуым керек, не істеймін?» деген сұрақтар мазалай бастады. Ойлана келе, Қазақстанға баратынымды түсіндім. Бір кездері өзіме беймәлім болған халықтың менталитеті мен оның даму жолдарын түсінгім келді. 2015 жылы профессор Ирина Микаэлян мені «Назарбаев Университетінің» қазақ тілі пәні мұғалімімен таныстырды. Ол мұғалімнің поштасына хат жазып, Қазақстанға бара алатынымды хабарлады. Қазақ тілі жайлы ештеңе білген жоқпын, тіпті оның түркі тілі екенінен де хабарсыз едім. Әйтсе де хатты жібергеніме гумнитарлық ғылымдар мектебінің директоры қуанып, бірден оқуға шақырды. Мен Америка билігінен шәкіртақы алып, сіздердің елге кетіп қалдым»,- деді ол.

ЖЕРГІЛІКТІ ХАЛЫҚТЫҢ АНА ТІЛІН БІЛМЕУІ ТАҢҒАЛДЫРҒАН

Қазақстанға қазақ тілін үйренуге келген Стюді қазақ студенттерінің орыс және ағылшын тілінде сөйлеп, өз ана тілін білмеуі таңғалдырған.

«Әлбетте, қазақтардың қазақ тілін білмеуі таңғалдырды.  Қазақтармен сөйлесіп, олардың Кеңес Одағы құрамында болып, тілі мен дәстүріне деген  әртүрлі көзқарастарын көргенде осы халыққа жаным ашып, сіздердің, яғни осы  елдің тіліне, мәдениеті мен әдбиетіне тереңірек қызықтым. Сол мақсатта қазақ тілін үйренуге шындап ден қойдым. Стэнфордқа түсіп, қазақ тілінен дәріс сабақ бере білетін мұғалім тауып орналастыруды талап еттім. Өйткені, қазақ тілін үйренуді қалайтын ем, өзім сол мұғалімнен тіл үйреніп жүрдім. Алғашқы ұстаздарым – Висконсин университетінің қазақ тілі мен мәдениетінен сабақ беретін Гүлнара Сайпульдинова-Гловаки және Назарбаев университетінің оқытушысы Раушан Мырзабекова. Оларға мәңгілік алғыс айту мақсатында басқа студенттерді қазақ тілін үйренуге рухтандыруға тырысып жүрмін», - деді Стю Маклафлин.

Одан бөлек, оған «Қазақ тілі саған ешқандай пайда әкелмейді» дегендер де болған.

«Орта Азия елдерінің байлығына таңғалып, заманауи мен ежелгі бірегейлікті біріктірудегі адам қуатын біле алдым. Қазақ халқының мәдени, кәсіби және технологиялық жаһандануы мақтауға тұрарлық. Бір ұнамағаны, кейбір қазақтармен танысқанда қазақ тілін, әдеби тілді меңгеріп алуға ұмтылғаныма таңғалып, «Саған қазақша сөйлеу не үшін қажет, оның пайдасы жоқ қой» дейтін еді. Олардың кейбірі өз мәдениетінен ұялып, ана тілін білмеуіне қатысты түрлі сылтаулар айтатын. Жалпы, мен бұл мәдени күрделіліктерді түсінемін, ешкімді сынамаймын, сынаудың қажеті жоқ», - деп атап өтті ол.

ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚАЛАЙ ДАМЫТУҒА БОЛАДЫ

Сондай-ақ, аталған саланы әлеуметтік ғылымдар магистрі ретінде зерттеп жүргендіктен, қазақ тілін дамытуға қатысты бірнеше ұсыныстарды атап өтті.

«Ана тілін білмейтін қазақстандық жастарға қазақ тілінің байлығы мен болашақтағы жаһандық өзгерістерге қол жеткізу мүмкіндіктерін көрсеткен жөн. Себебі, заманауи қазақстандық өз бірегейлігі мен карьерасын, қолайлы өмір сүруі мақсатында өзіне ыңғайлы тілді таңдайды. Бұл да адамның санасы ғой. Одан бөлек, түрлі заманауи музыкалар мен фильмдерді көрсетіп, феминизм, IT технологиясы саласында да қазақ тілінің белсенді бола алатынын түсіндіру керек шығар.

Қазір Қазақстанда «Qazaqsha jaz» қозғалысының белсенділері бар, мен де сол ұйымның мүшесімін. Зерттеулер барысында 2015-2018 жылдарының аралығында қазақ тілінде толтырылған төлқұжаттар саны 20%-ға өскенін анықтадым, мұның өзі жақсы өзгеріс. Сіздердің елдегі болашақ интеллегенцияның тек орыс пен ағылшын тілдерінде сөйлеп жүргенінен қорқамын. Сол себепті, қазақ тілін пайдалы тілге айналдыру керек, себебі, адамдар тілдің пайдасын көрмесе, оны қолданбайды.  Ағылшын мен қазақ тілдері арқылы тіл немесе индустриялық (кәсіби бағдарлама, стажировка) санын көбейту қажет деп санаймын.

Қазақ IT кәсібі қарқынды түрде өсіп жатыр, тіпті, қазақ тілінің технологиялық және IT сапаларындағы қуаты бар. Ал ағылшын тілін кәдімгідей үйреніп жүруді жалғастыра берсеңіздер, ағылшын мен қазақ тілдерінің арасындағы байланыс арқылы жаңа жұмыс пен кәсіби даму бағдарламасын жасап, халықты тілдің заманауи коннектеріндегі қолайлығына нандыра аласыздар. Бұрындары халық ең жақсы жұмыс пен кәсіби мүмкіндіктердің тек орыс пен ағылшын тілдерінде болғанына қарап, сол тілдерді үйренетін.  Қазір жағдай өзгеріп жатыр, қазақтілді халықтың өз тағдырын таңдауға тырысып жатқаны байқалады»,- дейді полиглот.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ең көп дискриминацияға ұшырайтын — қазақтілділер: «Қазақша жаз» қозғалысының белсендісі

Алдағы жылы арнайы бағдарлама арқылы Қазақстанға қазақ тілін жетілдіріп, зерттеуге келемін деген Стю тіл үйренгісі келетіндерге ештеңеден қорықпауға кеңес берді. 

«Шет тілін үйренгісі келетін адам өзін кішкентай баладай сезініп, ештеңеден қорықпауы тиіс. Қорқыныш –  бұл үйренудің жауы. Адам қателестім деп ойлаған кезде, оқудың мәнін жоғалтады. Қорқудың қажеті жоқ. Бұл мектептегі сабақ емес. Қазақстанға орала салысымен түркі елдері мен ТМД елдеріндегі идентификация түсінігіне көптілділіктің ықпалы бойынша зерттеу жұмысын жүргізгім келеді. Қазақстанда ұлттар көп қой. Мысалы, маған ұйғыр тілі қызық. Одан бөлек, Қазақстан мен басқа мемлекеттердің университеттерінде ағылшын тілінде академиялық жазуды үйретіп, тілді оқудағы қорқыныштан айыру үшін студенттерге жаңа мүмкіндікітер беріп, тегін уоркшоптар жасағым келеді», - деп аяқтады ол әңгімесін.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.