Қазақстанда ең көп дискриминацияға ұшырайтын — қазақтілділер: «Қазақша жаз» қозғалысының белсендісі

KFC, LG, Mechta.kz, Sаmsung, Glovo, Huawei компаниялары қазақша жаза бастады

Қазақстанда ең көп дискриминацияға ұшырайтын — қазақтілділер: «Қазақша жаз» қозғалысының белсендісі
Коллаж: Жанар Жұмабекова

Биыл, шілде айының 23-і күні еліміздің қазақтілді белсенді жастары әлеуметтік желіде «Qazaqsha jaz» атты қозғалысты бастаған еді. Яғни, қозғалыс мүшелері Қазақстандағы қызмет көрсету, сауда-саттық саласындағы ірілі-ұсақты компаниялардың ресми парақшаларына барып, ақпаратты орыс тілімен қатар, қазақ тілінде де беруді сыпайы түрде сұрайды.

Azattyq Rýhy тілшісі аталған қозғалыс мүшелерінің бірімен тілдесіп, олардың мақсаттары мен бір ай ішінде жеткен нәтижелерін білген еді. Айта кететіні, аталған қозғалыстың ресми келбеті жоқ. Сол себепті, сұқбат беруші белсенді аты-жөнін жария еткісі келмеді.

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУДІ СӘНГЕ АЙНАЛДЫРҒЫСЫ КЕЛЕТІН ЖАСТАР

Сөзден іске көшкен жастар аталған идея дискриминацияға ұшыраған әрбір қазақтың басында жүр дейді.

 «Біздің кампаниямыздың мақсаты –  қазақ тілін дамыту немесе қазақ тілінің жолында белгілі бір компанияларға қысым жасау емес, күнделікті өміріміздің ыңғайлы болғанын қалаймыз. Біз ештеңе талап етпейміз, мақсатымыз – өзіміздің қоршаған ортамызды өзімізге ыңғайлы ету. Қазақстанда ең көп дискриминацияға ұшырайтын – қазақтілділер. Алғаш ауылдан келгендердің көпшілігі қалада қазақша сөйлегені үшін ұрыс естіген, қазақша сөйлегені үшін ыңғайсызданған.  Біз қазақша сөйлеу ұят емес, қазақша сөйлеу керісінше, сән деген түсініктің қалыптасқанын қалаймыз. Алматы, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалаларда өмір сүретін, негізінен, қазақша сөйлейтін адамдардың бәрінің басында мұндай идея жүрген сияқты. Себебі, мегаполистегі адамдар түрлі қызмет көрсететін орындарға, тауар сататын дүкендерге барған кезде бірінші кездесетін проблемасы – коммуникация. Яғни, қызметтерді қазақша ала алмау, қазақша қызмет көрсететін маман тапшылығы. Жалпы, бизнеспен айналысатын мекемелердің қазақшаға немқұрайлы қарым-қатынасы. Сондықтан бұл бәрінің ойында жүрген идея деп ойлаймын. Бұл ракета ұшырып, велосипед ойлап табу сияқты ұлы идея емес. Себебі, бұл бәрінің көкейінде жүрген мәселе. Ал біздің жұмысымыз – тек қана сол идеяны жүйелендіріп, бір орталыққа біріктіріп, чат, канал, Инстаграмда парақша ашып, өзіміздің қазақша ақпарат алуға құқығымыз бар екенін қызмет көрсету мекемелері мен тауар сататын дүкендердің естеріне салу ғана, болды», - дейді белсенді.  

БИЗНЕС ПЕН КОРПОРАТИВТІ ӘЛЕМДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІ

Қозғалыс жұмысы қазақ тілінің аясын кеңейтуді көздейтін еріктілер көмегімен жүзеге асуда.

«Қозғалыс жұмысы еріктілердің көмегімен жасалып  жатыр. Олардың қатарында дизайнер, программист, журналистер мен күнделікті қоғамда болып жатқан процестерге бей-жай қарамайтын адамдар бар. Алғаш «Қазақша жаз» деген чат ашылған уақытта бір күннің ішінде 200, екінші күні 500, үшінші күні 1000 адам жиналды. Қазір Instagram парақшамызға 5000 жуық адам жазылған. Әлеуметтік желілердегі парақшаларымызды басқарып отыратын топ бар. Ол топ 5-6 адамнан тұрады. Бізге вижуал жасап беріп тұратын дизайнерлеріміз бар. Бұл – бір адамның атқарып отырған жұмысы емес, командалық жұмыс. Бәріміздің көкейімізде жүрген мәселе болғандықтан,  жастардың бірігіп жасап жатқан еңбегі деуге болады», - дейді белсенді.

Айта кететіні, «Қазақша жаз» қозғалысының талап-тілектері сыпайы әрі мәдениетті түрде жүзеге асырылады.

«Біздің ережелерімізде «мәдениетті», «сыпайы» болайық дедік. 30 жыл бойы көп адам орыстілді қоғамға «Қазақша сөйле» деп зіл көрсетіп, тіпті, ашулы түрде талап етіп жүрді. Бірақ одан көп өзгеріс бола қойған жоқ. Демек, бізге тактиканы өзгертіп, қазақ тілін дамытудың басқа да амалдарын қарастыру керек. Қазақстанда қазақша сөйлейтін адамдар басым көпшілікке айналды. Оны бизнес те, корпоративті әлем де түсініп отыр. Ал біз соларға стимул болып, оларға ертеңгі жаңа шындықта, қазақтілді Қазақстанда бизнес жасау, қызмет көрсету оңай болады деген месседжді жеткізсек дейміз. Қозғалыс талап-тілектері әлеуметтік желі шеңберінде ғана жүргізіледі. Ресми қызмет көрсететін компаниялардың  ВКонтакте, Фейсбук, Instagram парақшаларына бәріміз барып жазып отырамыз. Қазақ тілінде жазбайтын компанияларды бізге өзіміздің белсенділер ұсынады, тіпті, арнайы тізім жасап бастағанбыз. Одан бөлек, Telegram-да  талап-тілегімізді білдірген компаниялар біздің өтінішімізден соң қазақша жазып тұр ма, қазақша жазып бастаған болса, тұрақты түрде жазып тұрғандықтарын мониторит етіп отыру үшін арнайы бот та жасап қойдық», - деді «Қазақша жаз» қозғалысының белсендісі.

ҚОЗҒАЛЫС БЕЛСЕНДІЛЕРІ КҮН САЙЫН ЕКІ-ҮШ КОМПАНИЯҒА ТАЛАП-ТІЛЕК ЖАЗАДЫ

«Қазақша жаз» қозғалысының талап-тілегінен кейін еліміздегі «KFC», «LG», «Mechta.kz», «Sаmsung», «Glovo», «Huawei» және осы тектес көптеген компаниялар әлеуметтік желідегі парақшаларына қазақ тілінде ақпарат бере бастады.

«Алғаш бастаған  кезде қанша компания ресми парақшасын қазақша жүргізе бастағанын көріп тұратынбыз. Шамамен, 10-15 компания қазақша жаза бастағаннан кейін біз санауды доғардық. Себебі, оның ешқандай мағынасы қалған жоқ. Бірақ күнделікті 1-2 компанияға барып:  «Қазақша да жазсаңыздар жақсы болар еді. Біз де сіздердің тұтынушыларыңыз едік. Қазақша ақпарат берсеңіздер, сіздердің тауарды ерекше ықыласпен сатып алар едік» деген сынды өзіміздің жылы лебіздерімізді жазып кетеміз. Сосын тағы бір ескеретін нәрсе, «Қазақша жаз» қозғалысы – талап етуші, ұрысушы, айқайлаушы қозғалыс емес. Біздің адамдарымыз барынша сыпайы, мәдениетті болуы керек. Біз оны өзіміздің ережемізге жазып қойғанбыз, сосын біз ешқандай заңға жүгінбейміз. Себебі, заң бойынша Қазақстандағы кез келген компания әлеуметтік желідегі ресми парақшаларын қазақша жүргізуге құқылы. Біз ол компанияларға барып, заңды орында деп талап қоя алмаймыз. Заңдық органдарда ондай норма жоқ. Сол себепті, біз жай ғана өзіміздің тұтынушылық құқымызға акцент жасаймыз», - дейді олар.

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙТІНДЕРДІҢ БАРЛЫҒЫ ҚОЗҒАЛЫС МҮШЕСІ

«Қозғалыста отыратындар негізінен, қазақша контентті тұтынатын аудитория. Біз қозғалыстың келбеті болғанын қаламаймыз. Себебі, Қазақстанда кез келген қазақша сөйлейтін адам біздің қозғалысымыздың мүшесі деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстанда тіл жағынан кемсітуге ұшырап отырған жалғыз ғана топ бар, ол Қазақстандағы ең ірі топ – қазақтілді адамдар. Біз соның кішігірім бір бөлігі болғымыз келмейді. Қазақша сөйлейтіндердің барлығы «Қазақша жаз» қозғалысының мүшесі. Дүкенге барып: «Маған қазақшасын бере қойыңызшы, қазақша сөйлейсіз бе, қазақша сөйлейтін даяшыны жібересіз бе, қазақша сөйлейтін операторыңызға жалғап жібересіз бе, қазақша сөйлеңізші,  өтініш» деп айтқан адамның бәрі қозғалыс мүшесі деп ойлаймын. Қозғалыс басында нақты бір тұлғаның тұрғаны дұрыс емес сияқты. Қорыта айтқанда, қазақ тілін дамытқыңыз келсе, қазақша білмейтін адамдарға «Қазақша сөйле!» деп айқайлағаннан гөрі, қарапайым тұтынушы құқығын қазақша талап ете бастау керек. Ел сол кезде-ақ қазақша сөйлеп, жаза бастайды. Қазақстандағы ең ірі топ өз тілінде ақпарат алуға құлықты болмауынан, ниет танытпауынан, өз тұтынушы құқын білмеуінен де тіл дамымай отыр. Осы себептен, Қазақстанға келген халықаралық компаниялар да, жергілікті компаниялар да, тіпті мемлекеттік органдар да аккаунттарын қазақша жүргізгісі келмейді, жүргізбей-ақ қойғанды жөн санайды. Бәріне солай ыңғайлы. Тіпті, қазақша білетін адамдардың өздеріне де солай ыңғайлы болып тұр», - дейді олар.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.