$ 521.9  593.5  6.39
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.08.2020, 17:04
Қоғам

Елордалық ауруханаға зиянды қалдықтарды жоятын қондырғы жеткізілді

Жаңа аппаратты БҰҰ сыйға тартқан

Елордалық ауруханаға зиянды қалдықтарды жоятын қондырғы жеткізілді
Фото: Нұрдәулет Әбікеев

Нұр-Сұлтандағы фтизиопульмонологиялық орталыққа инфекцияланған қалдықтарды залалсыздандыратын автоклав пен қалдық жинайтын контейнерлер жеткізілді. Жаңа қондырғыларды астаналық дәрігерлерге БҰҰ-ның Даму қоры сыйлаған.

Аппарат қауіпті және аса қауіпті медициналық қалдықтарды залалсыздандырады, оларды кейіннен полигонда жоюға болады.

«Автоклав циклі 1 сағат 5 минутқа есептелген, тәулік бойы жұмыс істей алады. Яғни бір тәулікте 12-15 цикл өндіре алады. Құрылғыны қолдану өте оңай және басты артықшылығы – судың екі есе контурда өңделуі. Кәрізге құйылған су толығымен қауіпсіз болады. Автоклав күніне 600 келі қоқыс тастай алады. Қалдықтар қаупіне қарай А, Б және В санаттарына бөлінеді», - деді қызмет көрсетуші компанияның техникалық директоры Павел Яковец.

Автоклавтың құны шамамен 100 мың долларды құрайды. Жоба шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінде медициналық қалдықтарды тиімді басқару үшін цифрлық деректер базасы әзірленетін болады. Бұл бастама COVID-19 пандемиясы кезінде ғана емес, одан кейін де қажетті медициналық қалдықтарды басқарудың тұрақты жүйесі болады.

«Қалалық денсаулық сақтау жүйесі мен Фтизиопульмонология орталығын осындай заманауи медициналық қалдық өңдеу орталығының ашылуымен құттықтағым келеді. Біздің стратегиялық серіктесіміз – БҰҰДБ-ға осындай мүмкіндік бергеніне алғыс айтамын. Қазір бүкіл әлемнің коронавирустық пандемиямен күресіп жатқанын білесіздер. Соның ішінде біздің елімізде де үлкен жұмыс атқарылды. Барлық медициналық ұйымдар, оның ішінде Фтизиопульмонология орталығы алғашқы күннен-ақ коронавирустық инфекциямен күресуге қатысты. Науқастар жатқан медициналық ұйымдар мыңдаған жеке қорғаныс құралдарын, тонналаған медициналық материалдар мен құралдарды қолданды. Барлық пайдаланылған материалдар қауіпті болып саналады. Енді медициналық қалдықтар осындай зарарсыздандыру және жою орталықтары арқылы өтеді және содан кейін ғана өртеуге немесе тұрмыстық қалдық ретінде жіберіледі», - деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.

Экологтар да жаңа қондырғылар үшін БҰҰ-ға алғысын айтып отыр. Өйткені, елімізде медициналық қалдықтар қажетті деңгейде өртелмегендіктен, қоршаған орта мен адамдарға айтарлықтай зауалын тигізіп келеді екен.

«Аймақтарда медициналық қалдықтарды кәдімгі пеште өртеп жатқанын көрдік. Біздің министрлік мұндай фактілерді тіркегенде шара қабылдаймыз. Бірақ, біз бәрін бақылауда ұстап отыра алмаймыз ғой... Негізі, қалдықтарды осындай жаңа қондырғылармен жойып отырған дұрыс. Біз Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, болашақта ірі ауруханаларда қалдықтарды зарарсыздандыратын, осылайша қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарында қоршаған орта мен денсаулық үшін қауіпсіз ететін автоклавтарды қою бастамасын көтереміз. Егер медициналық қалдықтар экологиялық және санитарлық нормаларға сәйкес жойылса, олар қоршаған ортаға зиян келтірмейді», - деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#аурухана #елорда