$ 498.55  524.28  4.75
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
07.09.2020, 11:45
Қоғам

Депутат еңбек ардагерін Конституцияның 25 жылдығымен құттықтады

Мәжіліс депутаты ардагерге Павлодар қаласының Құрметті азаматы төсбелгісі мен куәлігін тапсырды

Депутат еңбек ардагерін Конституцияның 25 жылдығымен құттықтады

Еліміздің бас заңы – Конституцияның 25 жылдығы қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында тұратын еңбек ардагері Әбдікәрім Қадыровпен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» фракциясының мүшесі  Нұржан Әшімбетов жүздесті.

Қалалық ардагерлер кеңесінің, Қалалық қоғамдық кеңес, Павлодар облыстық туберкулезге қарсы диспансері еңбек ұжымының қолдау хаттары бойынша Павлодар қаласының мәслихаты Әбдікәрім Қадырұлына «Павлодар қаласының Құрметті азаматы» атағын берген.

Мәжіліс депутаты Н. Әшімбетов Павлодар қаласындағы өз әріптестерінің атынан ардагерді мереке күнімен құттықтап, Павлодар қаласының Құрметті азаматы төсбелгісі мен куәлігін тапсырды. Ардагерге зор денсаулық, отбасының амандығын тіледі. Ол ел басшылығы, «Nur Otan» партиясы денсаулық сақтау саласының мәселелеріне, медицина кадрларын қолдауға ерекше көңіл бөлетінін атап өтті. Өз кезегінде Әбдікәрім Қадырұлы да Павлодар қаласы мен облыс басшылығының ардагерлерге көрсеткен ықыластарына алғысын білдіріп, қазақстандықтарға толағай табыс тіледі. 

1956 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтын бітіргелі бері Әбдікәрім Қадыров Павлодар облысының денсаулық сақтау саласында табан аудармай 54 жыл еңбек етті. Еңбегі еленіп, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, Еңбек Қызыл Ту орденінің кавалері, КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі марапаттарына ие болды. Сондай-ақ, ол кеңестік, республикалық және жергілікті билік органдарының медальдарымен, мақтау және алғыс хаттарымен марапатталған.

Қай қызметте болсын Ә. Қадыров өзін жоғары білікті маман, жақсы ұйымдастырушы, өз елінің нағыз патриоты ретінде көрсете білді. Ол – бірнеше жас дәрігерлер буынының тәлімгері. 

Зайыбы Рүстемова Күлзиямен екеуі шынайы отбасылық құндылықтарды қастерлеп, тату-тәтті отбасында 4 бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олар 8 немересінен тараған 19 шөберенің тәрбиесіне де атсалысуда.

Серіктес жаңалықтары