Енді балабақшаларда ағылшын тілі міндетті пән ретінде оқытылмайды - Аймағамбетов
Сонымен қатар қазақ тілінің бағдарламасы да өзгертіледі
Білім және ғылым министрлігі білім беру мекемелерінде қазақ тілінің оқытылуына қатысты біршама ауқымды өзгерістер жасап жатыр. Бұл туралы министр Асхат Аймағамбетов Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Енді балабақшаларда ағылшын тілі міндетті пән ретінде оқытылмайды. Бала жастайынан өз ана тілінде тәрбие алуы керек. Осы тұста, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Мектептердің бастауыш сыныптарында қазақ тіліне басымдық берілгені дұрыс» деген ұсынысы біздің жұмысымызда қолданылады», - деп жазды министр.
Оның айтуынша, бұдан бөлек, қазақ тілінің бағдарламасы да өзгертілмек. Алдағы уақытта грамматиканы оқытуға бөлінетін сағат саны артады.
«Оқушының дұрыс жазуы мен сөйлеуі үшін, ойын тиянақты және сауатты жеткізудегі грамматиканың орны ерекше. Бұл тұста біз тағы да Ахмет Байтұрсынұлының еңбектеріне жүгінеміз. Өздеріңізге белгілі, «Әліппені» мемлекеттік стандартқа енгіздік, оның бағдарламасы да дайындалды, оқулық дайындалып апробацияға кіріп, келер оқу жылынан бастап біз бірінші сыныптарға Ана тілімен бірге қайта енгіземіз. Ол Ахмет Байтұрсынұлы ұсынған методика бойынша дайындалуда. Жақында Әліппенің жобалық нұсқасын қоғаммен бірге талқылаймыз», - деп жазды Аймағамбетов.
Сонымен қатар мектепте қазақ әдебиетінің оқытылуы қайта қарастырылады. Әдебиетші ғалымдарды, білікті ұстаздарды, осы саланың мамандарын басын қосатын арнайы комиссия құрылып, қазақ әдебиетінің мектепте оқыту әдіснамасы, бағдарламасы мен оқулығы қайта пысықталмақ. Сонымен қатар әдебиет пәні аясында оқытылатын шығармалар оқушының жас ерекшелігіне қарай, жанр, кезең, сюжеттік желісінің алуандығы тұрғысынан іріктеліп, отандық классиктердің еңбектері ерекше назарға алынады.
«Енді алдағы уақытта Білім министрлігіне бұрынғыдан да екі есе үлкен жауапкершілік жүктелмек. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, келер жылдан бастап Тіл комитеті Білім және ғылым министрлігінің құрамына кіреді. Министрлік тәрбие мен білімді, ғылымды дамытумен қатар тіл саясатын да жүргізеді. Бұл орынды да. Мемлекеттік тіл саясаты балабақшадан бастап университетке дейін дұрыс жолға қойылу керек», - деді министр.