$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.09.2020, 12:46
Қоғам

Елімізден дәрілік өсімдіктерді Қытайға, АҚШ пен Түркияға тонналап әкетіп жатыр

Өсімдіктерді рұқсатсыз жинайтындар заңмен жазаланады 

Елімізден дәрілік өсімдіктерді Қытайға, АҚШ пен Түркияға тонналап әкетіп жатыр
Фото: Айқын

Қытай, АҚШ және Түркия елімізден дәрілік өсімдіктерді мыңдаған тонналап әкетіп жатыр, деп хабарлайды Айқын.

Қолда барына жүгінсек, 2015 жылы тек Оңтүстік Қазақстан облысынан ғана 14 438 тонна мия тамыры (қызылмия немесе солодковый ко­рень) шикізат түрінде экспортқа кеткен. Ал 2016 жылдың 10 айында өңірден 12 мың 117 тоннасы шыға­рылыпты. Кеден органының статистикасы бойынша қазақстандық мия тамы­рын сатудың негізгі 3 нарығы анықталған. Нақтылай кетсек, Қытай 2014 жылы – 21 404,5 тонна, 2015 жылы – 14 651,9 тонна, 2016 жылы – 9 500,8 тонна; Түркия 2014 жылы – 411,7 тонна, 2015 жылы – 1 мың 46,4 тонна, 2016 жылы – 171,3 тонна, ал Америка Құрама Штаттары 2014 жылы – 182 тонна, 2015 жылы – 764,5 тонна, 2016 жылы – 300 тонна мияны қазақ елінен тасып әкеткен.
Экология министрлігінің Ор­ман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің байламынша, «Қазақстан дәрілік өсімдіктерді, оның ішінде мия тамырын өсіру, дайындау және өңдеу бойынша әлеуетке ие». Мия тамыры Батыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыс­тарында өседі. Бұл жерде меморган қырғыз елін үлгіге келтірді.

 «Көрші Қырғызстанда дәрілік шөптерге сұраныс артып келеді. Бұл өз кезегінде, қырғыз кәсіпкер­леріне табыс әкеледі. 2017 жылы Ыстықкөл өңірі шетелдік фарма­цев­тикалық компаниялармен жасалған шарттар негізінде 129 мың доллар сомасына 30 тонна дәрі­лік шөпті экспорттады. Ал 2018 жылы экспорт 134 мың долларға жетті», – дейді комитет.

Бұл сал­танатты, қымбат 1 жеңіл көлік­тің бағасы.  Әрине, посткеңестік кеңістікте бұдан да табысты елдер бар екен. Мәселен, Украинаның мемлекеттік статистикасының мәліметінше, 2017 жылы жергілікті кәсіпкерлер әртүрлі дәрілік өсімдікті экспорт­таудан 7,5 миллион доллар табыс көріпті. 2018 жылғы сауда қоры­тындысында бұл көрсеткіш 10 мил­­лион доллардан асқан. Осы орайда Қазақстанның эко­логия ведомствосы Кәсіпкерлік кодексіне жаңа норма қосып, «Өсімдіктер дүниесінің объек­тіле­рін қорғау, қалпына келтіру және пайдалану саласындағы қадағалау жүзеге асырылатын кә­сіп­керлік қызмет саласын» енгіз­бек.

Заң жо­ба­сы қабылданса, кә­сіп­керліктің осы түрімен айна­лысқысы келетін­дер мемлекеттен рұқсат алуы керек болады. Сонда дәрілік, құнды өсім­дік­терді теру заңдастырылады, «көлеңкелі», заңсыз схемалары азая­ды, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Егер бұл сала заңдастырылса, оған шетелдік инвесторлар келуі ықтимал. Әлден қызығушылық танытуда. Биыл Экология, гео­логия және табиғи ресурстар ми­нистрлігіне «Қытай медицинасы ғылыми-зерттеу институтының» директоры Чу Джун Хуа (Chu Junhua) өтінішпен жүгінді. Шың елі­нің институты Қазақстанда ЖШС түрінде өз бөлімін ашқан.

«Біздің компания дәрілік өсім­діктер шикізатын жинау, өңдеу және экспорттау қызметін жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сол себепті бұл қызметке қандай рұқсат құжаттары топтамасын алу қажет болатынын түсіндіруді сұраймын. ДСҰ-ның Сауда және тарифтер жөніндегі бас келісімінің ХI-бабына сәйкес, ұйымға мүше бірде-бір ел өнімді сыртқа шығаруға, соның ішінде экспорттық лизенция немесе квота түрінде қандай да бір тыйым салуға құқығы жоқ. Білге­німіздей, Қазақстан заңна­масы бойынша дәрілік шөптерді жинау қызметі лицензиялауға жатпайды. Ал халықтан дәрілік шөптерді са­тып алатын пункттер ашу үшін қандай рұқсат қағазы керек? Оған дәрілік шикізат тапсыратын жеке адамдарға талап қойыла ма?» – деп сұрады Чу Джун Хуа.

Қазақстанда өсімдіктер 12,5 мил­лион гектар аумақта өседі және жазық пен таудағы 10 түрлі эко­жүйеден тұрады. Еліміз бұл жөнінен Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағында 3-орын­да. Рас, қопа-қамыс, мең­дуана, сарғалдақ, арамшөптердің құны жоқ. Ондай­дарды қоспағанда, қазақ жерінде ғылыми тілде «жоғары өсімдіктер» деп дәріптелетін 5 754 құнды түрі бар. Ғалымдардың байла­мынша, қазақ өсімдіктеріне энде­мизмнің жоғары деңгейі тән: қара­пайым тілмен айтқанда, жоғары өсім­дік­тердің 14%-ы елімізде тек белгілі бір орында ғана өседі. Яғни, өзге өңірлер мен жерлерде тарал­маған, кездеспейді, жерсінбейді. Ал Үкіметтің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысына сай, республикада сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түр­лер­дің тізіміне («Қызыл кітап­қа») өсімдіктердің 387 түрі кіреді. Тұтастай алғанда, ерекше қор­­ғалатын табиғи аумақтарда – қо­рықтар мен ұлттық парктерде жойылу қаупі төнген түрлердің кемінде 60%-ы өседі.

«Мемлекет олардың жай-күйін бағалауға бағытталған гранттар бөлініп, арнайы жобаларға баста­­машы болады. Кейбір жобалар грек жаң­ғағы, пісте-фисташка секілді жаңғақ өсімдіктерінің, сондай-ақ көптеген сәндік-декоративті өсім­діктің ком­­­­мерциялық планта­ция­ларын құру арқылы сирек кездесетін түрлердің ауқы­мын қал­пына келті­руге және кеңейтуге бағытталған. Мұндай шаралар орман шаруашылығы мекемелерінде, ерекше қорғалатын табиғи аумақ­тар мен ғылы­ми ұйымдарда, мыса­лы, бо­таникалық бақтар мен ден­дро­парктерде жүр­гізіледі. Әр­алуан санат­тағы түрлердің кемінде 10%-ы өсіріледі, арасында Тянь-Шань шыр­шасы, Сиверс алма ағашы, грек жаңғағы, қарапайым пісте, долана түрлері бар», – деді Эколо­гия ми­нистрлігі. Мамандар бұл саланы бір ретке келтіру қажет деген пікірде.

Әйт­песе, арнайы рұқсаты болмаса, елде саңырауқұлақ пен жидек жи­науға да рұқсат етілмейді екен: ол үшін «орман билетін» алу керек. Қазақстандықтар елімізде негі­зінен, Алтайдың, Бурабайдың, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Қазақстанның орманды-таулы жерлерінде өсімдіктер, саңы­рау­құлақтар, жидектер, жаңғақтар жинайды. Бұл халықтың дәстүрлі кәсіпшілігі, дегенмен кейде құ­қықбұзушылық қатарына да кіріп кетеді. Атап айтқанда, 2017 жылы – 7 007 адам осы үшін әкімшілік жауапкершілікке тар­тылып, оларға 105 миллион 268,9 мың теңге айып­пұл салынған. 56 адам жазаланыпты. 2018 жылы бұл көрсеткіш 7 671 адамға жетті, олар 102 млн 733 мың теңге айыппұл тө­ле­ді, 77 адам қыл­мыстық жауап­кершілік арқалады. 2019 жылғы 10 ай ішінде 6 074 адамға 70 млн 522,9 мың теңге сомасында айып­пұл салынған. 48 адам таби­ғаттың бергенін теремін деп қыл­мыстық қудалауға ұшы­рады.

Серіктес жаңалықтары