Нұр-Сұлтанда аз қамтылған отбасы балаларына арналған оқу орталығы ашылды
Орталықта балалар қосымша оқудан тегін өте алады
Нұр-Сұлтанда аз қамтылған отбасы балаларына арналған оқу орталығы ашылды. Орталықта 300-ге жуық бала оқи алады, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Бүгін Нұр-Сұлтанда елорда әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкеннің қатысуымен Bilim All мектеп оқушыларын даярлауға арналған жаңа аз қамтылған отбасы балаларына арналған білім беру орталығының ашылуы өтті.
Б.Мәкен тұрғындардың әлеуметтік бастамаларын жүзеге асыру маңызды екенін атап өтіп, орталық ұжымының жұмысына сәттілік тіледі.
Орталықта аз қамтылған, көпбалалы және қолдауға мұқтаж толық емес отбасылардың оқушылары әр түрлі курстарда қосымша оқудан ақысыз өте алады. Орталықта күндізгі топтар, орыс, қазақ, ағылшын және араб тілдері, математика курстары, шахмат үйірмесі, өнер шеберханасы, гитара және домбыра сыныптары бар.
«Бірінші мақсатымыз – балаларға заман талабына сай қол жетімді білім беру. Біз Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын, атап айтқанда қосымша білім беру аясын кеңейту туралы ұсынысын толығымен қолдаймыз, бұл жұмыспен біздің орталық тікелей айналысады», – дейді орталық жетекшісі Райгүл Серікбаева.
Мұнда барлығы 300-ге жуық бала оқи алады. Оқу орталығы Strong Mothers Ns қоғамдық қоры мен Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігінің қолдауымен ашылды.