1 қыркүйектен бастап мұғалімдердің жалақысы өседі – Аймағамбетов
Қыркүйек айынан бастап тәлімгерлікке ақша қосылады
Аймағамбетов 1 қыркүйектен бастап мұғалімдердің жалақысы өсетінін айтты. Сондай-ақ, сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін төленетін ақы екі есеге өседі.
«Біріншіден, қыркүйек айынан бастап тәлімгерлікке ақша қосылады. Екіншіден, сынып жетекшісіне төленетін ақы екі есеге өседі. Одан кейін дәптер тексергені үшін де бұрынғыдан екі есе көп ақша алады. Бұдан бөлек, магистрлік дәрежесіне 27 мың теңге беріледі», - деді Білім және ғылым министрі Kun.kz бағдарламасында.
Ал Жаңа жылдан бастап мектеп мұғалімдерінің жалақысы тағы 25 пайызға көбейеді. Биыл кезекші сыныптарда бір топта тек 15 оқушы ғана білім алады. Ондайда мұғалім жүктемесі артады, соған орай жалақысы да өседі. Мәселен, бұрын бір сыныпта 30 оқушы болса, кезекші сыныптарда 15 бала болады. Демек, бір сыныпты екі топқа бөлуге тура келіп, мұғалімнің жүктемесі артады. Сол үшін қосымша ақы төленеді. Жеке жүктемесі 28 сағатқа жетсе, сол уақыттың еңбекақысын алады. Бірақ бұл үстемақы емес, тарификация бойынша төленетін жалақы болып саналады.