Түркістан облысында мектеп директоры мұғалімдерді «қара жұмысқа жеккен»
Қазақстанда педагогикалық этика және мұғалімдердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес құрылмақ
«Педагог мәртебесі туралы» Заңның маңызды ережелерінің бірі – педагогті міндетіне жатпайтын функцияларға тартудан қорғау, орынсыз есептіліктен босату. Министрліктің осыған қатысты қатаң ұстанымдарына қарамастан, осы ережелерді бұзу фактілері әлі де кездеседі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Осыдан бірнеше апта бұрын Ленгір мектеп-интернатында әкімшілік іс қозғалды, онда педагогтерді лауазымдық міндеттеріне кірмейтін жұмыстарға тартқан. Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті оқиға орнына барып, қызметтік тексеру жүргізді. Фактілер расталды және мектеп директорының м.а. әкімшілік жауапқа тартылды. Бұған дейін Түркістан облысы Кентау қаласындағы Молда Мұса атындағы мектепте де қызметтік тексеру жүргізілді. Онда мұғалімді мектепті жөндеу жұмыстарына тартқан. Аталған факті тексеру барысында расталды. Мектеп директорының міндетін атқарушы да, Кентау қалалық білім бөлімінің қызметкері де әкімшілік жауапқа тартылды», - деп жазды министр.
Оның айтуынша, осы қысқа уақыттың өзінде Білім саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттерге жүзден астам өтініш келіп түскен. Нәтижесінде лауазымды тұлғаларға да, білім алушылардың ата-аналарына да қатысты 30-дан астам әкімшілік жаза қолданылды.
«Бұл жұмыс тұрақты түрде жүргізілетін болады. Заңсыздыққа жол берген жауапты тұлғаларға қатысты шаралар мұнымен шектелмейді. Әкімшілік жазалардан бөлек, жұмыстан босату туралы шешімдер де қабылданады. Мұғалімдердің құқығын қорғау – жергілікті аумақтық орган басшыларының да, мектеп директорларының да тікелей міндеті. Педагогтердің құқықтарын қорғау туралы айтқанда, мұғалімдер өз міндеттерін адал орындау туралы да есте сақтауы қажет. Өйткені жаңа Заңның талаптары да жаңа», - дейді Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, мінез-құлық мәдениеті, әдептілік, адалдық, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеу – педагогикалық этиканың негізі. Осы қағидалардың сақталуын бақылау үшін біз мұғалімдерге қатысты құқықбұзушылықтар мен педагогикалық этиканы өрескел бұзу туралы даулы мәселелерді қарастыратын арнайы алқалы орган құру қарастырылып жатыр.
«Бұл – педагогикалық этика және мұғалімдердің құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес. Мұндай институт алғаш рет пилоттық режимде осы жылдың тамыз айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс істеуді бастады. Болашақта этика бойынша Кеңестер еліміздің барлық аймағында құрыла алады. Олар білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері жанында жұмыс істейтін болады», - деп жазды министр.