Бірнеше ЖОО оқу ақысын қымбаттатуды жоспарлауда. Министрлік ректорларға үш рет хат жолдаған

Елдегі маңдайалды университет ректорлары оқу ақысына байланысты пікір білдірді

Бірнеше ЖОО оқу ақысын қымбаттатуды жоспарлауда. Министрлік ректорларға үш рет хат жолдаған
Фотоколлаж: Жанар Жақсылыққызы

Қазақстанда коронавирус пандемиясы әсерінен болған әлеуметтік жағдайға қарамастан бірнеше университет оқу ақысын қымбаттатуды жоспарлап жатыр. Мұны Azattyq Rýhy тілшісіне Білім және ғылым министрлігі Жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты. Бірақ ол оқу ақысын қымбаттатын ЖОО-лардың атын атаған жоқ. Себебі, елдегі оқу орындарымен былтырғы бағаны сақтап қалу жөнінде келіссөз әлі жүргізіліп жатқан көрінеді.

«Бірнеше университет қымбаттатуды ойластыруда. «Мүмкін қымбаттатармыз» деген сөздер бар. Бірақ әлі нақты шешім қабылдаған жоқ. Қазір осыған байланысты жұмыс істеп жатырмыз. Біздің ойымызша, қымбаттатпайды. Ал ешбір ЖОО-да 2-3 курстағылар үшін оқу ақысы бағасы өзгермейді. Оны тоқтаттық. Оқу ақысын көтермеу туралы ұсыныс хат мемлекеттік және жекеменшік ЖОО-ларға 3 рет жолданған», - деді департамент директоры телефонмен берген сұхбатында.

Бірақ, министрлік өкілі жекеменшік ЖОО-лар бұл ұсынысқа құлақ аспай, бағаны өсіріп жіберсе де, министрліктің шара қолдануға еш құзыреті жоқ екенін мойындайды.  

Әрине, ЖОО-лардың көбінде сабақ қашықтан оқыту форматында басталатындықтан, керісінше, «Оқу ақысын арзандатуға болмай ма?» деген заңды сұрақ туады. Себебі, онлайн оқу кезінде ғимараттар пайдаланылмағандықтан, коммуналдық шығындар аз болады. Былтыр 800-900 мың теңге төлеп жүрген студенттердің ата-анасының шамасы биыл қайтадан сол көлемдегі ақшаны құюға жетпеуі мүмкін.

Әділет Тойбаев онлайн-оқу процесінде коммуналдық қызметтің орнын басқа шығын алмастыратынын айтып отыр.

«Қазір ЖОО-лар онлайн оқуға керекті құрал-жабдықтарды алып жатыр. Олар – материалдар базасы сақталатын серверлер, интернет желісі, трафигін ұлғайтатын дүниелер, виртуалды зертханалар. Онлайн сабақтар жазылып жатыр. 5 кредиттен тұратын 1 курстың контентін түсіруге шамамен, 350-400 мың теңге кетеді. Сатып алынып жатқан серверлерге жұмсалатын электр қуаты әдеттегіден әлдеқайда көп болады. Себебі, оны 24 сағат кондиционермен салқындатып отыру керек. Ал жылу бәрібір қосылады. Жатақханаларда да кей студенттер тұрады. Себебі, кей аудандарда интернет жоқ. Олардан бөлек, шетелдік азаматтар мен жетім балалар бар», - деді министрлік өкілі.

«АҚША ҮНЕМДЕГІСІ КЕЛЕТІНДЕР ГРАНТҚА ТҮССІН»

Azattyq Rýhy тілшісі министрлік өкіліне қойған сұрақтарын еліміздегі бірқатар ЖОО басшыларына да жолдап көрді. Көбі бағаның өзгермеу себебін грантқа түскен әр студентке бөлінетін қаржының қомақты екенімен және табыстың басым бөлігі ұстаздардың жалақысына кететінімен түсіндірді.

Мысалы, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов егер жағдайды түсініп, оқу ақысын төмендетсе, ұстаздардың айлығын қысқартуға мәжбүр болатынын айтты.

«Мұғалімдер қазір бағдарлама жасап жатыр. Ол қысқартылмай, толық оқылады ғой. Оқу ақысының 80-90%-ы жалақыға жұмсалады. Олар университетке келіп оқытса да, қашықтан оқытса да айырмашылық жоқ. Арзандататын болсақ, мұғалімдерге де тегін жұмыс істеңдер деп айту керек болады. Ғимарат жабылмайды. Оны қыста бәрібір жылыту керек. Әжетханалар жұмыс істейді», - деді профессор Алшанов.

Сондай-ақ, ол жыл сайын түрлі әлеуметтік топтардағы 400 балаға жеңілдік берілетінін, ректордың гранты бар екенін алға тартты.

«Оның бәрі салмақ қой. Гранттар да жыл сайын көбейіп жатыр. Ақша үнемдегісі келетіндер грантқа түссін. Мемлекет көмектесіп жатыр. Грант бағасын 1 миллион теңгеге көтерді... Біліміне сенген мықтылар үшін грант көп. Биыл педагогикаға 8000, медицинаға 3000, ауыл шаруашылығына 1500 грант берілді. «Мен кедеймін, маған бер» деуге болмайды», - деп пікір білдірді.

Қазір «Тұран» университетінде бакалавриатта оқу жылына 600-700 мың теңгені, магистратурада оқу жылына 800 мың теңгені құрайды. Ал докторантурада оқу ақысы жылына 1,5 млн теңге.

ОҚУ АҚЫСЫН 2-3 БӨЛІП ТӨЛЕУГЕ МҮМКІНДІК БЕРІЛЕДІ

Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті де грант бағасының қымбат екенін айтады.

«Біз қымбаттатқан жоқпыз биыл. Бұрынғы баға қалды. Жеңілдіктер бере алмаймыз. Грант бағасы 900 мың тұрады. Ал оқу ақысы – 400 мың. Басқа ештеңе бере алмаймын. Әлі оқу жылы басталған жоқ. Қанша адам түскені белгісіз, санап жатырмыз», - деп қысқа қайырды ЖОО ректоры Қуат Баймырзаев.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің бірінші проректоры Қанат Тіреуов ЖОО-да оқу ақысы 4-5 жылдан бері бірқалыпты сақталып келе жатқанын жеткізді.

«Жатақхана да қымбаттаған жоқ. Айына 4 мың теңге. Ең арзаны бізде шығар. Балаларымыз егер толық емес отбасыдан немесе басқа да әлеуметтік аз қамтылған топтардан шықса жеңілдіктер де бар. Бакалавриат бағасы - 360-420 мың теңге арасында. Магистратура - 650 мың теңге. Бұл біз қоя алатын ең төмен баға», - деді проректор.

Қанат Тіреуов те аграрлық университеттің бұдан артық арзандата алмауының себебін грант бағасының қымбаттығымен, зертханалық сабақтардың ғимаратта өтетінімен түсіндіргісі келді.

«Ветеринария саласында грантта оқитындарға бөлінетін ақша 1 млн теңгеден асады. Біз балалардан пайда табуды көздемейміз, мұғалімдер жалақысын төлеуге жеткілікті болса болды. Қаржының 90%-ы солардың айлығына кетеді. Мақсатымыз – сапалы білім беру. Қашықтан оқу форматы болса да, ауыл шаруашылығы мен ветеринария студенттері аралас оқиды, лабораториялық сабақ кезінде университетке келеді», - деді проректор.

Еліміздегі оқу ақысы ең қымбат ЖОО-лардың бірі – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Аталмыш универде биыл бакалаврдың жылдық ақысын 1 млн 50 мың теңгеге көтеруді жоспарлаған. Бірақ, кейінгі жағдайға байланысты өткен жылға белгіленген баға (950 мың теңге) қалатын болып шешіліпті. Әрине, одан арзан болмайтыны түсінікті.

«Университет коронавирусқа, әлеуметтік жағдайға байланысты 10% жеңілдік жасайды. Сонда былтырғы баға тағы да қалады. Оған қоса, осы 950 мың теңгені бірнеше рет бөліп төлеуге болады», - деді университеттің ақпарат орталығының жетекшісі Олжас Тұрсынбаев.

Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің баспасөз хатшысы Мейрам Жұмабеков мұғалімдердің жүктемесі азайды деген болжамды жоққа шығарды.

«Керісінше, жүктеме көбейіп кетті. Бұрын келіп қағаздан лекция оқи беретін. Енді онлайнда слайд-презентация, видеолекция жасайды. Оның бәрі жұмыс. Коммуналдық шығынның азаятын немесе көбейетінін қазан айында ғана есептеп біле аламыз. Дегенмен, ұстаздар ғимаратқа келіп те жұмыс істей береді. Себебі, кейбіреулерінің үйінде компьютер, құлаққап немесе интернет жоқ. Аталған құрылғыларды біз береміз», - деді М. Жұмабеков.

Е. Бөкетов униерситетінде де биыл оқу ақысын 2-3 бөліп төлеуге рұқсат берілген.

Жалпы, Білім және ғылым министрлігі берген ұсыныстың ішінде ақшаны бөліп төлеу мәселесі қамтылған.

«Бұрын ЖОО-лар бірінші курсқа түскендерден бірден оқу ақысының 50%-ын сұрайтын. Қазір оны 10%-ға төмендеттік. Қалғанын желтоқсан-қаңтар айында бөліп беруге болады. Бәрімен бөліп төлеу жайлы келісімге келдік», - деген еді бұл жайлы Әділет Тойбаев. 

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.