$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.08.2020, 12:54
Қоғам

Алматыда қыз зорлады деген күдікке ілінген прокуратураның экс-қызметкері бостандықта жүр

Оқиға 2019 жылдың қараша айында болған

Алматыда қыз зорлады деген күдікке ілінген прокуратураның экс-қызметкері бостандықта жүр
Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Алматыда қыз зорлаған экс-прокуратура қызметкері әлі де жазаланбаған. Бұл туралы Қазақстан баспасөз клубында өткен онлайн жиында жәбірленушінің адвокаты Жанна Уразбахова мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Оқиға қарашаның 7-інен 8-іне қараған түні болған. Жәбірленуші күдіктінің бірімен бірнеше жыл бұрын танысқан. Араларындағы таныстық қылмыстық іс болардан бір ай бұрын қайта жанданған. Ер адам үйінде жалғыз екенін айтып, қызды алдап шақырады. Қыз жігіт шақырған пәтерге барған кезде, үйде арақ (алкоголь - авт.) ішіп алған тағы бірнеше ер адам жүреді. Жәбірленуші үйге кірген соң, сыртқа шыға алмаған. Бойжеткен үйіне қайтқысы келгенін айтқанда, пәтерге шақырған танысы сол жерде жанжал шығарып, бойжеткенді ұрған. Сосын жанындағы жігіттер қосылып, қызды келемеждеген, басына сыра құйған. Одан кейін күдікті екеуі жатын бөлмеге апарып, жәбірленушіні таңғы сағат 6-ға дейін зорлаған», - деп баяндады адвокат оқиғаны.

Зорлықтан кейін бойжеткен бірден құқық қорғау ұйымдарына арыз жазған, бірақ полиция қылмыстық істі тіркемеген. Бұл іс адвокаттың араласауымен 10 қараша күні тіркеуге алынады. Осыдан кейін жәбірленушіге қысым көрсетілген.

«Анықтағанымыздай, күдіктінің бірі экс-прокуратура қызметкері, екіншісі екінші деңгейлі банктің топ-менеджері. Олар бойжеткенге лауазымдары туралы сол күні пәтерде айтып, ештеңе «дәлелдей алмайсың» деген. Қыз оқиға орнынан қашып кеткен соң, оған SMS жолдап, суреттерін әлеуметтік желіде тарататынын, «ақша ұрладың» деп айтыптайтынын айтып қорқытқан. ВКонтакте және басқа да әлеуметтік желілерде қыздың атынан парақша ашылып, интимдік қызмет көрсететіні жазылған. Айта кететіні, парақшалар аудан прокуроры күдіктінің бірін «ешқайда шықпаймын» деген қолхатпен босатқан күні ашылған. Қазіргі таңда күдіктінің бірі болып саналатын экс-прокуратура қызметкері бостандықта жүр. Жәбірленушіге әлі де қысым көрсетілуде, оның үйіне күдіктілердің туыстары келіп, олардың кішкентай балалары бар екенін алға тартуда. Тергеу амалдарының жүріп жатқанына 9 айдан асты. Осы аралықта қызға түрлі қоңыраулар түскен. Қараша айынан желтоқсанға дейін істі ешкім қарамаған. Қазір қыздың жағдайы өте ауыр, психотерапевттен ем алып, түрлі дәрілер ішіп жатыр», - деді жәбірленушінің адвокаты Жанна Уразбахова.   

Айта кететіні, бірінші сот отырысы осы жылдың 26 тамызында өткен. Басты сот отырысы 9 қыркүйекке қалдырылды. Қылмыстық іс екі бап бойынша Бостандық ауданы сотына жіберілген.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары