Алматының кейбір тұрғындарына 50 мың теңгеден төленеді
Алматы мәслихаты «Алматыда пандемия кезеңінде мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету туралы» жобаны көпшілік талқылауына шығарды
Коронавируспен ауырған Алматының кейбір тұрғындарына 50 мың теңгеден төлеу жоспарлануда, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Алматы мәслихаты «Алматыда пандемия кезеңінде мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету туралы» жобаны көпшілік талқылауына шығарды.
Коронавирустық инфекциямен (КВИ) және пневмониямен ауыратын келесі санаттағы адамдарға 50 мың теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек төлеу ұсынылады:
- Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері;
- Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым-1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген және ордендермен және медальдармен наградталмаған адамдар;
- ең төменгі және одан аз зейнетақы алатын жасы бойынша зейнеткерлер;
- мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектер;
- асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы алатын отбасылар;
- үйде күтім жасау жағдайында арнайы әлеуметтік қызмет алатын жалғызілікті зейнеткерлер;
- Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 17 шілдедегі «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» заңына сәйкес, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар.
Алматы Қоғамдық денсаулық басқармасы ай сайын 5-ші күнге дейін қаланың әлеуметтік әл-ауқат басқармасына осы санаттарға лайықты адамдардың тізімін ұсынады, ал төлемнің өзі әлеуметтік көмек тағайындалған айдан кейінгі айдың 15-ші күніне қарай жүзеге асырылады деп жоспарлануда.
Бұл ретте ұсынылған құжаттың шарттары бойынша әлеуметтік көмек мынадай жағдайларда тоқтатылады:
- Алушының қайтыс болуы;
- алушының Алматы шегінен тыс тұрақты тұруға кетуі;
- алушыны мемлекеттік медициналық-әлеуметтік мекемелерге тұруға жіберу;
- өтініш беруші ұсынған мәліметтердің дәйексіздігі анықталған жағдайда төлем берілмейді.