$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.08.2020, 02:47
Қоғам

Қарағандыда ашық аспан астындағы кинотеатр жұмысын бастамақ

Кинопаркинг аумағы шамамен 3,5 мың шаршы метрді құрайды және 50-60 жеңіл автокөлікке кіруге арналған

Қарағандыда ашық аспан астындағы кинотеатр жұмысын бастамақ

COVID-19 коронавирустық инфекция пандемиясына байланысты Қазақстанның барлық кинотеатрлары әлі де жабық күйінде қалып отырғаны баршаға белгілі. Қазіргі уақытта Қарағанды тұрғындары, бүкіл республика сияқты, фильмдерді үлкен экранда көру ләззатынан айырылған. Осыған байланысты «Sary Arka cinema» кинотеатрлар желісі кеншілер астанасында ашық аспан астында алғашқы кинотеатр ашуға шешім қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі eKaraganda-ға сілтеме жасап. 

«Өкінішке қарай, біздің сала - кинотеатрлар ең көп зардап шеккендердің бірі болып шықты. Бізді 15 наурызда жауып тастады және осы күнге дейін ашпады. Сонымен қатар, біздің қызметімізді қашан қалпына келтіруге мүмкіндік беретіні белгісіз. Енгізілген карантиндік шаралардан соң біздің қызметкерлеріміздің 140-қа жуық адамы жұмыссыз және өмір сүру қаражатынсыз қалды»,- дейді «Sary Arka cinema»  кинотеатрлар желісінің директоры Фарух Худайбергенов. 

Ашық аспан астындағы кинотеатр паркингі қаланың оңтүстік-шығысындағы кинотеатр ғимаратының алдында орналасқан аумақта орналасады.

«Жер учаскесі ұзақ мерзімді жалға берілді. Жобаның болжамды құны 120 миллион теңгеден асады. Біз кино паркін ашу идеясына келмес бұрын, әріптестерімізбен бірге жобаны іске асыру барысында көмектесетін шет елдердің тәжірибесін зерттедік. Бүгінгі таңда Нұр-Сұлтан мен Алматыда осындай кинопаркингтер ашылды. Жобаны іске асыру барысында қандай қиындықтарға кезігетінімізді білмеймін, бірақ бәрі жақсы болады деп үміттенеміз»,- дейді Фарух Худайбергенов.

Бір қызығы, ашық кинотеатрлар алғаш рет 1916 жылы Германияда ашылды. Қарағанды кинопаркингіне келетін болсақ, оның аумағы шамамен 3,5 мың шаршы метрді құрайды және 50-60 жеңіл автокөлікке кіруге арналған. Жоба 120 шаршы метрден астам (15,5 м.*8,5 м) үлкен экранды орнатуды қарастырады.

«Бұл заманауи LED экран болады. Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары үшін ыңғайсыздықты болдырмау үшін фильмдерді трансляциялау дыбыссыз өтеді, ал дыбыс өз кезегінде автомобильдерге радио толқын арқылы беріледі. Бүгінгі таңда біз Ресейдегі әріптестерімізбен бірге келісім-шарттарға қол қою және жабдықтарды жеткізу мәселелерімен тығыз айналысамыз», - дейді Фарух Худайбергенов.

Сондай-ақ, кинопаркинг аумағында тамақ сататын павильон қарастырылған. Попкорн мен сусындардан басқа, басқа да түрлі тағамдарға тапсырыс беруге болады.

Баға саясатына келетін болсақ, кәдімгі кинотеатрда билет орташа есеппен 1000-1200 теңге болса, кинопаркингте автомашинаның 1 бірлігі үшін билет құны фильмді көрсету тәулігінің уақытына байланысты 2000-3000 теңге шамасында өзгереді.

Бұл жобаны осы күзде жүзеге асыру жоспарланып отыр.

 

Серіктес жаңалықтары