$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
26.08.2020, 15:56
Қоғам

«Медеу мен Шымбұлақтағы жер телімдері жекеменшікте емес». Даулы іске Президент әкімшілігі араласты

Белгілі заңгер Бақытжан Базарбек пен «Азаматтарға арналған үкімет» МК өкілдері кездеседі

«Медеу мен Шымбұлақтағы жер телімдері жекеменшікте емес». Даулы іске Президент әкімшілігі араласты
Фото: ашық дерек көзінен

Алматыдағы Шымбұлақ, Медеу және Мұзтау аймағындағы шұрайлы жерлер жекеменшікке өтіп кеткен. Ұлттық табиғи парк жерлерінің жеке адамдар қолында екені туралы бұрын да жиі айтылатын. Бірақ белгілі заңгер Бақытжан Базарбек  «Медеу» мемлекеттік табиғи паркінің аумағында 20-315-912-098 кадастрлық нөмірімен тіркелген жер телімі жеке адамның иелігінде екенін айтқан болатын. Оның айтуынша, Іле Алатауының бөктеріндегі ерекше қорғалатын табиғаттың аясындағы Кіші Алматы өзенінің бойынан 6 мың гектардан астам жер мемлекет қорынан шығып, жер үйлер салуға рұқсат берілген. Бұл мәселеге байланысты тиісті мемлекеттік органдар жедел жауап қатып, құжаттардан қате кеткенін мәлімдеген. Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жасалғанда мәліметтерді енгізетін орган қызметкерлері қате жіберген. Ауылшаруашылығы министрлігі Жер ресрустарын басқару комитетінің мамандары 2001-2002 жылдары пилоттық жобаны әзірлеген кезде мәліметтерді шатастырған деп ақталыпты. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы  бұл мәселеге орай төмендегі хатты жолдаған.  

«АИС ГЗК базасы (Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі - авт.) бойынша жерлер жекеменшікте деп көрсетіліп тұр. Олар жауап ретінде маған ешқандай жер жекеге өтпеген, тек АИС ГЗК базасында қателік кетіп қалған, енді біз бұл қателікті түзеттік деп маған хат жіберді. Бірақ мен ол хатқа сеніп тұрғаным жоқ. Олардың ойы – бұл мәселені шулатпай, жабу. Мен кеше Президет әкімшілігі өкілдерімен де байланыстым. Ол жақта менің жазған «постым» қатты шу көтеріпті. Тоқаевтың қасындағы кеңесшілерінің деңгейінде талқыланып, тапсырма беріліпті. Бұл істі анықтаңдар деген екен. Бірақ мен өз позициямда қала беремін»,- дейді Б. Базарбек.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының баспасөз қызметі бүгін сағат 17-00-де осы тақырыпқа орай кездесу өтетінін мәлімдеді. Корпорация төрағасының орынбасары Мәди Саданов «Медеу» ұлттық паркінің өкілдерімен және заңгер Бақытжан Базарбекпен жүздесіп, тиісті құжаттарды көрсетуге дайын.   

«Қазір ЗКД-ны (жер-кадастрлық іс - авт.)  ашыңдар деп отырмын, сол үшін қазір Алматыға Саданов ұшып келді. Бүгін  кездесеміз. Егер оны көрсетсе, барлығы ашық көрініп тұрады. Шекарасы, зонасы, бәрін суретке түсіріп аламын. Бұған дейін менің оған қолым жетпеді. Себебі, ЗКД мемлекеттік құпия құжатқа жатады. Ол тек сот пен құқық қорғау органдарының сұрауымен ғана беріледі. Олар маған жер-кадастрлық іс пен жердің жоспарын көрсетпейінше, қандай да бір хаттарында айтылған мәліметтерге сенбеймін. Себебі, мұнда өте үлкен жер туралы мәселе бар. Шамамен, 6 мың гектардан астам жердің жекеменшікке өткенін біліп отырмын. Ол Достық даңғылы бойымен көтерілгенде Royal Tulip қонақүйінен (Керей-Жәнібек көшесі - авт.) Шымбұлаққа дейінгі аумақтағы жерлер, оның ішінде Бутаковкаға (қазіргі атауы Мұзтау - авт.) бұрылыс деген жерлер бар, ол жекеменшіктің қолында. Ол жерлерде негізінен, жеке коттедждер салынған. Мысалы, «Шымбұлақ» кешені мен «Медеудің» орналасқан аумағы да жекеменшікте. Ал Шымбұлақтың маңындағы жерлерге баяғыда уақытша  өтеулі жер пайдалану құқығы беріліп кеткен»,- дейді алматылық заңгер.

Айта кету керек, биыл мамыр айында Іле Алатауы ұлттық паркіндегі танымал туристік аймақтар жеке компанияның пайдалануына берілген болатын. Мемлекеттің заңдарына сәйкес табиғи парктің жер қоры 49 жылға жалға берілгенін тиісті органдар растады. Атап айтқанда, Үлкен Алматы көлі, Алма-Арасан, Асы үстірттері, Есік және Солдат шатқалдары, Мұзтау сияқты аумақтарға мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында туристік кешендер, бақылау алаңдары, лагерьлер мен көпірлер салу жоспарланған. Қазір бұл аумақтарда құрылыс жұмыстары басталды.

Ришат Асқарбекұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары