$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
25.08.2020, 19:25
Қоғам

Қос министр Асқар Маминнің тапсырмасын орындамай отыр – Закирьянов

Оның сөзінше, Білім министрлігі қазақ спортына орны толмас зардабын тигізіп келеді

Қос министр Асқар Маминнің тапсырмасын орындамай отыр – Закирьянов

Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов сұранысқа сай грант бөлмеген министрлердің жұмысына разы емес. Салғырттықтың салдарынан талантты жас споршылар шетелге еріксіз кетуге мәжбүр дейді ол бүгін журналистермен өткен мәжілісте.

Алматыда грантқа іліне алмай қалған жас спортшылар төңірегінде дау әлі толастамай тұр. Халықаралық деңгейдегі жарыстарда, шетелде өткен бәсекелерде топ жарған кәсіби спортшылар ҰБТ кезінде 100 баллдан жоғары жинаса да жоғары білім алу мүмкіндігінен айрылған. Қазақтың спорт және туризм академиясында білім алғысы келген түлектердің арасында халықаралық деңгейдегі 19 спорт шебері, спорт шеберіне үміткер 60-тан астам жас өрен жүр.

Оқу жылының басталуына бір апта қалса да түлектер Білім және ғылым министрлігінің грантынан әлі де үміткер. Теориялық білімге қарағанда, спорттық сайыстарда оза шапқан жастардың жыл сайын осылай гранттан қағылуына сұранысқа сай грант бөлмей отырған Білім және ғылым министрлігі кінәлі көрінеді. Қазақтың спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов осылай дейді. Оның айтуынша, мұның тағы бір себебі – экс-министр Ерлан Сағадиевтің талантты талапкерлердің оқуға түсуі туралы кодексті өзгертуі.

«Мен біздің орталық пен атқарушы органдардың қарым-қатынасын, өзара әрекетін түсінбеймін. Өйткені, Еңбек министрлігі Мәдениет және спорт министрлігіне елімізде жаттықтырушыларға қажеттілік жылына 660-тан 1000 адамға дейін жетеді деген ақпарат берген. Дене шынықтыру мұғалімдері мен жаттықтырушыларға деген қажеттілікті қанағаттандыру керек деп есептемеген Білім министрлігі биыл 350 ғана грант ұсынды», - дейді академияның президенті Қайрат Закирьянов.

Кәсіби жаттықтырушы болғысы келген 800 абитуриент академияға құжат тапсырған. Алайда, елдегі 41 ЖОО-ға бөлінген гранттардың 167-і ғана академияға тиесілі. Спорт саласы бойынша кәсіби мамандарды дайындайтын елдегі жалғыз оқу орнының президенті жастарға мүмкіндік берілмегендіктен, олар шетелге кетуге мәжбүр дейді. Оқу орнының басшысы елдің атын асқақтататын, кәсіби маман болып шығатын жастардың қиын жағдайда қалғанын Премьер-министрге де жеткізген.

«Еліміздің Премьер-министрі (Асқар Мамин – ред.) екі министрге де (А. Аймағамбетов пен А. Райымқұлова – ред.) тапсырма беріп, бірге отырып осы мәселенің шешімін табыңдар деді. Бірақ екі министр де оның нұсқауларын орындамады! Мәдениет және спорт министрі Білім министріне хат жазып, кем дегенде, 1000 грант бөлу жөнінде сұраған. Бірақ хат жазу бір бөлек те, істің шешім табуына дейін, соңына дейін күресу бір басқа. Қос министрліктегі мамандардың бір-біріне күнделікті хабарласа алмауы мүмкін бе? Олар бір Үкіметтің мүшелері емес пе?!» - дейді Қ. Закирьянов.

Оқи отырыңыз: Алматыда ата-аналар жас спортшыларға бөлінетін грант санын арттыруды талап етті

Сонымен қатар, ол гранттарды бөлу тәртібімен келіспейтінін де білдірді. Бұрын атақты спортшылардың Қазақ спорт және туризм академиясына түсу кезінде артықшылықтары болған екен. ҰБТ-да жинаған ұпайының аздығына қарамастан, жас чемпиондардың автоматты түрде грант алатын мүмкіндіктері болған. Экс-министр Е. Сағадиевтің тұсында, 2018 жылы бұл норма алынып, барлық өтініш берушілердің мүмкіндіктері теңестірілді.

«Президент әкімшілігінде жұмыс істеп жүріп, «Болашақ» бағдарламасына араласуыма тура келді. Сол кезде Президентке Қарағандыда тұратын бір шахтердан хат келді. Онда: «Барлық сынақтан өте жақсы балл жинаған менің қызым үш жыл қатарынан «Болашаққа» түсе алмай жүр. Ал, білімі төмен болса да министр, әкімдердің балалары осы бағдарламамен мемлекеттің ақшасына шетелдің ең қымбат оқу орындарына жолдама алды» делінген. Сол кезде Президент тапсырмасы бойынша тексеріс жүргіздік. Елбасы болашағы жоқ және «блатнойлардың» балаларына жолдама беруді, қаржыландыруды тоқтатыңдар деген. Комиссияның құрамында болып, анықтамаларды жинаттық. Сол кезде қаржыландыруы тоқтатылатын студенттердің арасында осы біздің Білім және ғылым министрі болған Ерлан Сағадиевтың аты да жүрді. Өйткені, ол Америкадағы университетте «троечник» болған. Президенттің тапсырмасы бойынша Үкімет оның оқуына ақша төлеуді тоқтатуы тиіс еді. Бірақ ол оқуын аяқтап, қандай да бір жолмен министр болып кетті. Ол министр болып тұрғанда, 2018 жылы талантты балаларды қолдау тоқтатылды. Америкада білім алған экс-министр Сағадиев «троечник» болған», - деді журналистермен кездескен Қайрат Закирьянов.

Биыл мемлекеттің гранты да қымбаттап, 450 мыңнан 900 мың теңгеге көтерілген. Жастайынан балаларын спортқа баулыған ата-аналар министрлік жуық арада мәселені оң шешпесе қарсылық акциясын тағы да жалғастырмақ ниетте. Ал ақылы түрде оқитын студенттер академияға 30 миллион теңге қарыз. Оқу орталығында бүгінгі күні 3 мыңнан астам шәкірт білім алып, 500 қызметкер жұмыс істеп жатыр. Сондықтан, академия басшысы жас спортшылардың барлығын оқуға тегін қабылдауға қауқарсыз.

«Ресейде 70-100 мыңның аралығында қазақстандық білім алып жатыр. Қаншама таланты жас шетелге кетіп, жоқ болуда. Мысалы, Лозаннада жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындары өтті. Осы ойындардың чемпионы бізге келіп, 100 ұпай жинайды. Ал үшінші дәрежелі, спорттың не екенін білмеген адам 101 ұпай жинап, грантқа түседі. Есесіне, Олимпиада чемпионы далада қалады. Мұны қалай түсінуге болады? Мен біздің депутаттарды Кремльдің бесінші колоннасы дер едім. Олар осы заңды қабылдап, біздің таланттардың Ресейге кетуіне жол ашты. Дарынды жастарымыздан айырылып жатырмыз. Біздің спортшылардың жетістіктері күрт төмендегенін көріп отырмыз. Кадрларды дайындау осылай жалғаса беретін болса, біз талантты спортшыларды қолдамасақ, онда қазақстандық спорттың болашағы болмайды», - деп түйіндеді ол.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары