Қазақстанда жыл басынан бері 550 балаға жыныстық қысым көрсетілген
Мұндай қылмыстың жартысынан көбін баланың жақын ортасындағы адамдар жасайды
Ішкі істер министрлігі «Балаларға қамқорлық жасаңыз» фильмін жариялады, онда кәмелетке толмағандарға қарсы зорлық-зомбылық тақырыбы көтерілген.
Материалда қылмыстық мәліметтерге қатысты соңғы деректер келтірілген. ІІМ-нің ресми статистикасы бойынша, 2020 жылғы қаңтар-тамыз аралығында кәмелетке толмағандарға жыныстық қолсұқпаушылыққа қарсы 550 қылмыс жасалған. Олардың көпшілігі, яғни 250 факт – күш қолдану, бопсалау, қорқыту немесе баланың дәрменсіздігін пайдалану арқылы абсолютті зорлық-зомбылық жағдайлары. Мұндай қылмыстың жартысынан көбін баланың жақын ортасындағы адамдар жасайды. Жәбірленушілердің жас шамасы 14-тен аспайды.
ІІМ мамандары құқық қорғау органдары осындай қылмыс түрлерін болдырмау үшін күресіп жатқанын, алайда бұл мәселе полиция күшімен, жазаны қатаңдатумен ғана шешілмейтінін айтады.
«Балаларға, оның ішінде сексуалдық зорлық-зомбылық үшін жауапкершіліктің күшеюіне қарамастан, мұндай факт саны азаймай отыр. Бұл – азаптау, ұрып-соғу, бопсалау... Олардың үштен бірі жыныстық қол сұғылмаушылыққа қатысты», – деп атап өтті Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Фильмде зорлаушының жалпы портреті, мұндай қылмысқа адамдардың қай санаты баратыны суреттелген.
Полиция қызметкерлері қоғамда жыныстық тәрбие тақырыбы жабық екенін, яғни ересектер балаларға қарсы жасалған қылмыс фактілерін жасыратыны туралы мәселені көтерді.
Елімізде 1 500-ге жуық педофил мен қыз зорлаған 2 800 қылмыскер ресми есепке алынған. Олардың 1 600-і темір тордың арғы жағында, деп жазды inbusiness.
Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдерді зорлағандардың арасында 1-ақ жылға сотталғандар бар. Педофилдерге мәжбүрлі химиялық кастрация жасау да бюджеттен қаржыландырылады. Біле жүріңіз, педофилдерді мәжбүрлі химиялық кастрациялау туралы заң 2018 жылы қаңтар айында күшіне енген. Түрмеде 18 жастан, 77 жасқа дейінгі ер адамдар отыр.
Педофилдің «құрбаны» болған еліміздегі ең кішкентай сәби 2-ақ жаста болған. Атап көрсетерлігі, педофилдердің дені қылмыстық кодекстің 120, 121, 122, 124- баптары бойынша сотталған. Бұл баптардың барлығында жаза мерзімі өте аз. 8 жасар баланы зорлағаны үшін 4 жыл, 13 жасар жасөспірімге қиянат жасағаны үшін 1-ақ жыл арқалаған азғындар бар.