Алматыда карантин кезінде түнгі клубтар жұмыс істеген
Карантин тәртібін сақтамаған 3423 адамға айыппұл салынды

Алматыда түнде жасырын түрде жұмыс істеген көңіл көтеру орындарына тек бір айда 39 миллион теңгенің айыппұлы салынған. Жасырын жұмыс істеп келген 12 массаж, 5 сауна, 7 түнгі клуб және өзгеде көңіл көтеру орталықтары анықталған. Бұл туралы Алматы қаласы Полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов хабарлады.
«Рейд кезінде 5 сауна, 7 түнгі клуб, 32 кафе, 17 мейрамхана, 12 массаж бөлмесі, 7 караоке клубы анықталды, олардың иелеріне СЭС қызметкерлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабына сәйкес, 230 айлық есептік көрсеткіштің мөлшерінде 39 миллион теңге көлемінде айыппұл салды», - деді Қанат Таймерденов.
Сондай-ақ, бірлескен рейд жүргізу кезінде карантин тәртібін сақтамаған 3423 адамға айыппұл салынған. Қалалық полиция бастығының сөзінше, жауапкершілікке заңды мекеменің қожайындары да тартылған.
«Карантин режимі сақталуын бақылау мақсатында арнайы мониторингтік топтар құрылды, олардың құрамына Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің қызметкерлері, аудан әкімдіктерінің өкілдері, сондай-ақ полиция қызметкерлері кірді. Өкінішке қарай, карантинді сақтамау қаупін бәрі бірдей түсіне бермейді: азаматтар той тойлап, клубтарға барады», - деді Таймерденов.