«Гарвардта оқыдым» : сарапшы тіл курстарына барғанда қалай алданбауға болатынын айтты
Алтынай Қожабектің айтуынша, оқытушылар жарнамасында қандай білімі барын ашық жазу керек
Әлеуметтік желіде өзін «Гарвардта білім алған», «Оксфорд түлегі» немесе «АҚШ университетінің сертификатталған маманы» деп таныстыратын тіл мамандарын жиі көреміз. Олардың шын мәнінде университеттің толық академиялық бағдарламасын оқығаны немесе қысқа мерзімді курсынан өткені білгісіз болып қала береді. Осылайша нарықта беделді шетелдік университеттердің атауы маманның деңгейіне салмақ қосып, адамдардың сенімін тудыру үшін жарнамалық мақсатта қолданылып жатады. Таяуда «Гарвардтан грант жеңіп алғанын айтқан» павлодарлық оқушының кейсі сөзімізді растай түседі. Редакция сауалына университет өкілі дерекқордан 17 жастағы қыздың аты-жөнін таппағанын айтты. Зерттей келе, Айханым Оқасованың 9 тілді білетінін, шетел тілдерін үйрететін онлайн мектеп құрғанын, сабақ бергенін білдік. Желі қолданушылары да оның оқытушылық тәжірибесіне күмән келтіріп жатты. Осы ретте баласына шетел тілін үйрету үшін лицензиясыз курстарға беретін ата-аналар нені білуі керек? Жарнамалық мақсатта халықаралық университеттердің атын пайдалануға бола ма? «Sawir School» ағылшын тілі бойынша халықаралық емтихандарға даярлайтын мектептің негізін қалаушы Алтынай Қожабек бұл екеуін теңестіруге болмайтынын айтады, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Гарвардтың онлайн курсын оқып алған адам мен сол университетті бітірген адам еңбек нарығында бірдей бағаланбауы керек. Өйткені университетке түсіп, бірнеше жыл білім алған адамдар үшін бұл әділетсіздік деп ойлаймын», – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, адам қандай бағдарламаға қатысқанын ашық көрсетуі қажет. Егер ол университеттің қысқа мерзімді курсын аяқтаса, оны академиялық білім немесе университет дипломы ретінде таныстыру дұрыс емес. Мұндай айырмашылықты түсіну жұмыс беруші үшін де, білім беру қызметін сатып алатын адам үшін де маңызды.
Грант ұтып алу мен университетке қабылдану – екі бөлек мәселе
Шетелдік университеттерге түсу туралы ақпаратта да кейде әртүрлі ұғым араласып жатады. Мәселен, университетке қабылдану, оқу ақысына жеңілдік алу, толық грант иелену немесе жазғы бағдарламаға қатысу – бір-бірінен бөлек дүниелер.
Алтынай Қожабектің түсіндіруінше, шетелдік университеттерде қаржылай қолдаудың бірнеше түрі бар. Мысалы, «need-based scholarship» студенттің немесе отбасының қаржылық жағдайына қарай берілсе, «merit-based scholarship» академиялық жетістіктері мен басқа да нәтижелеріне байланысты тағайындалады. Бұдан бөлек, жекелеген ұйымдар, қорлар мен демеушілер де студенттерге қаржылай көмек ұсына алады. Сондықтан «жүз мың доллар грант ұтып алдым» деген мәлімдеменің өзін нақтылау қажет. Бұл төрт жылдық оқу ақысының толық өтелетінін білдірмеуі мүмкін. Кей жағдайда көрсетілген сома бірнеше оқу орны ұсынған жеңілдіктердің жиынтығы немесе белгілі бір кезеңге есептелген қаржылай қолдау болуы ықтимал. Сарапшының айтуынша, университетке бакалавриат бағдарламасы бойынша қабылдану мен сол оқу орнындағы жазғы немесе зерттеу бағдарламасына қатысу да екі бөлек нәрсе. Алайда әлеуметтік желіде қызметін сататындар мұндай айырмашылықтар ашып көрсетпейді.
Тіл курсы қалай ұйымдастырылуы керек
«Sawir School» мектебінің негізін қалаушы Алтынай Қожабектің айтуынша, оқушылар тіл курстарына әртүрлі мақсатпен келеді. Бірі халықаралық емтиханға дайындалса, енді бірі тіл деңгейін көтеруді немесе шетелдік университетке түсуді көздейді. Сондықтан оқыту ұзақтығы мен сабақ кестесі оқушының бастапқы деңгейі мен мақсатына қарай анықталады.
«Алдымен оқушының деңгейін тексереміз. Қандай нәтижеге жеткісі келетінін анықтап, оған қанша уақыт қажет екенін есептейміз. Содан кейін айына қанша сабақ өтетінін және қандай әдістеме қолданылатынын белгілейміз. Оқу ақысы да осы жоспарға сәйкес ай сайын төленеді», – дейді ол.
Алтынай Қожабектің айтуынша, тіл курстарын таңдау кезінде көбіне агрессивті жарнамаларға сенуге болмайды.
Тіл білу мен тіл үйрету – екі бөлек қабілет
Алтынай Қожабек тіл курсын немесе жеке оқытушыны таңдағанда маманның шет тілін қаншалықты меңгергенімен қатар, оны өзгеге үйрете алу қабілетіне де назар аудару керек екенін айтады.
«Тілді білу бір бөлек, оны үйрету бір бөлек. Адамның тіл білу деңгейі жоғары болса да, білімін оқушыға дұрыс жеткізе алмауы мүмкін. Ол үшін педагогикалық дағды мен оқыту әдістемесін меңгеру қажет», – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, тіл білетін адамның бәрі бірдей кәсіби оқытушы бола алмайды. Сол сияқты педагогикалық білімі бар маманның да шет тілін меңгеру деңгейі әртүрлі болуы мүмкін.
Тоғыз тіл білу мүмкін бе
Сұхбат барысында тіл үйренушілер мен полиглоттарға қатысты да мәселе қозғалды. Мысалы, 17 жастағы адамның тоғыз тіл білуі қаншалықты мүмкін? Алтынай Қожабектің айтуынша, мұндай жағдайды жоққа шығаруға болмайды. Алайда бірнеше тілді білу олардың барлығын бірдей жоғары деңгейде меңгергенін білдірмейді.
Оның сөзінше, адам әр тілді әр кезеңде үйренуі мүмкін. Бір тілде еркін сөйлесе, екіншісін тек түсініп, ауызекі деңгейде сөйлейді. Сарапшының өзі де бірнеше тілді әр кезеңде үйренгенін айтады. Оның пікірінше, полиглоттардың бәрі бірдей бірнеше тілді қатар меңгермейді. Кейбірі бір тілді белгілі бір деңгейге жеткізгеннен кейін келесісін үйренуге кіріседі.
Білім беру нарығын реттеу қажет пе
Әлеуметтік желіде өзін шетелдік университет түлегі ретінде таныстыратын, халықаралық сертификаттарын алға тартатын мамандар көбейген тұста білім беру қызметінің сапасы мен оны бақылау мәселесі де өзекті бола түсті.
Алтынай Қожабек бұл салада белгілі бір реттеу тетіктерін қарастыруға болатынын айтады, дей тұрғанмен, оның пікірінше, талаптарды күшейту шағын білім беру орталықтарына қосымша салмақ түсіреді. Сондықтан мәселені тек тіл курстарын лицензиялаумен шектемей, кәсіпкерлік, салық және білім беру салаларындағы талаптармен бірге қарастыру қажет.
Сарапшының айтуынша, маман өзінің білімі мен тәжірибесін жарнамада жасырмай көрсетуі керек. Ал қызметті тұтынушылар алдымен мұғалімнің шетелдік бітірген оқу орнын, ол жерде қанша уақыт оқығанын, қандай құжат алғанын анықтауға тырысқаны жөн.
