«Хейттің тоқтайтын түрі жоқ»: Астанадағы самса цехының басшысы кінәсін мойындап, кешірім сұрады

Автор: Тәжібай Әлия

Ол эмоционалды және моральды қысымға түскенін айтты

Фото: скриншот

Жақында ғана цехы жабылған кәсіпкер шулы оқиғадан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады. Ол Instagram парақшасында алдымен пост жазып, кейін видео жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Астанадағы «Самса фуд» басшысының қызметкерлеріне дөрекі сөйлегені, онымен қоса өндіріс орнындағы санитарлық жағдайына байланысты видеосы тарап, кеңінен талқыланған еді. Ал санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тексеру жүргізіп, мекеменің жұмысы тоқтағанын хабарлады.

Осы жағдайдан кейін кәсіпкер әйел видео үндеу жолдады. Айтуынша, қоғамның наразылығы әлі тоқтамаған.

«Хейттің тоқтайтын түрі жоқ. Сонымен қатар жолдасым жайлы да жазып жатырсыздар. Ол негізі жұмыстың бәрін өзі жүргізеді. Ал мен сату, команда мен әлеуметтік желіге ғана жауаптымын. Егер жақсы пікір жазбайтын болсаңыздар, онда мүлдем ештеңе жазбаңыздаршы. Себебі ол маған ғана емес, отбасыма, жақындарыма, командама да әсер етеді. Мен қателігімді түсіндім», - деді Арайлым Алтынбекқызы.

Оқи отырыңыздар: Астананың сол жағалауындағы тұрғын үй кешенінің жанынан жас жігіттің мәйіті табылды

Ал жазбаша постында  кәсіпкер болудың оңай емес екенін жаған.

«Қазақ халқынан кешірім сұраймын! Біз қателестік, қателігімізді мойындаймын. Жастығымыз да бар шығар. Ешкім кәсіпкер болып тумайды, кәсіп жүргізу оңай емес. Дегенмен қателігімізден сабақ алдық. «Самса фуд» ресми түрде жұмысын тоқтатты. Қазір үйде отбасымның, балаларымның жанындамын. Білім алып, біліктілігімді арттырып, жаңаша, басқаша көзқараспен ораламын», - деді ол.

Айта кетейік, өндіріс орнынындағы жағдайға байланысты жұртшылықтың наразылығынан кейін «Жетінші арна» тілшілер аталған кәсіпорынның жұмысын көріп, мәселенің мән-жайын анықтауға барған болатын.. Алайда түсірілім жұмысына қарсы болған кәсіпкер журналистің қолындағы микрофонды жұлып, телефонын тартып алды. Сондай-ақ камерасын арқалаған операторды көлікпен қағуға дейін оқталған еді.

Өзінің жазбасында ол осы тақырыпка да тоқталды.

«Оқырмандарым менің оқиғамды бастан-аяқ біледі. Әйел адам отбасы үшін көп істі қатар алып жүреді. Кейде рөльдерімізді ауыстырып та алатын жағдайлар болады. Әйел адам болған соң эмоцияға беріліп кетеміз. Сыртқы факторлар да өз рөлін ойнады. Журналистермен болған оқиға да жағдайды шиеленістіріп жіберді. Мен эмоционалды және моральды қысымға түстім. Сол қысымның кесірінен эмоцияға, ашуға ерік бергенімді мойындаймын. Сол үшін кешірім сұраймын Сондай-ақ журналистер қауымынан да кешірім сұраймын», - деді кәсіпкер.

Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.