Бүгін, 16:05
Қоғам

Халық Кеңесіне өтініш беру оңайлайды: Бағдат Мусин жаңа мобильді қосымша әзірлеп жатыр

Шалғай ауылдарға жол тартқан «Халыққа жақын» жобасы Аралдан басталды

Халық Кеңесіне өтініш беру оңайлайды: Бағдат Мусин жаңа мобильді қосымша әзірлеп жатыр
Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Қазақстан Халық Кеңесінің бастамасымен қолға алынған «Халыққа жақын» республикалық жобасы алғаш рет Қызылорда облысының Арал ауданында іске қосылды. Оның басты мақсаты – шалғайдағы ауыл тұрғындарымен тікелей диалог орнатып, түйткілді мәселелерді сол жерде шешу және мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету, деп хабарлайды Azattyq Rýhy  Қазақстан Халық Кеңесінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Сапар аясында Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған мүшелер Арал жұртшылығымен, еңбек ардагерлерімен және зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Жиында жаңа Конституция аясындағы саяси реформалар, «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидаттары және «Халықтық құрылыс» жобасы талқыланды.

«Биыл – еліміз үшін тарихи жыл. Жалпыұлттық референдумда жұрт болып жұмылып, жаңа Конституцияны қабылдадық. Бұл реформаларға азаматтарды тартуда конституциялық мәртебеге ие Қазақстан Халық Кеңесіне үлкен міндет жүктеледі. Соның дәлелі ретінде бүгін Аралға «Халыққа жақын» жобасымен келіп отырмыз», – деді Ерлан Қошанов.

Мобильді топтар қалай жұмыс істейді

Жоба аясында кеңес мүшелері мен салалық министрліктер өкілдерінен арнайы мобильді топтар жасақталды. Марат Әзілханов пен Геннадий Шиповских бастаған алғашқы топ Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарын аралайды. Олардың басты міндеті:

  • Ауыл тұрғындарына ешқайда бармай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету және құқықтық кеңес беру;
  • Жұмыспен қамту, медицина, білім, интернет, экология және қауіпсіздік мәселелерін зерделеу. Жергілікті деңгейдегі істер әкімдіктермен бірлесіп шешілсе, жүйелі проблемалар Үкіметке, Құрылтайға және Мемлекет басшысына ұсыныс ретінде жолданады.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының өтініштерін жедел қабылдау үшін Халық Кеңесінің мүшесі Бағдат Мусиннің қатысуымен арнайы мобильді қосымша әзірленіп жатыр.

Алғашқы нәтижелер мен азаматтарды қабылдау

Аралдағы кездесу барысында тұрғындарға кәсіпкерлік негіздері мен Enbek.kz платформасын тиімді пайдалану бойынша оқыту курстары өткізілді. Жергілікті кәсіпкерлер мен мамандар жобаның шалғай ауылдар үшін ақпараттық әрі тәжірибелік пайдасы зор екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Ерлан Қошанов облыс басшылығымен бірге азаматтарды аралас форматта қабылдады. Тұрғындар инфрақұрылымды дамыту, мектеп пен ауруханаларды жаңғырту және ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды қолдау мәселелерін көтерді. Қызылорда облысында жинақталған бұл тәжірибе алдағы уақытта еліміздің барлық өңіріне таратылады.