Қазақтың шығу тарихын зерттеген тұңғыш антрополог Алматыда дүние салды
Ғалымның өмірден озғанын Берік Әбдіғалиұлы естіртті
Көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Бас ғылыми қызметкері, қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов дүниеден өтті. Ғалымның өмірден озғанын Ұлттық музейдің директоры Берік Әбдіғалиұлы естіртті, деп жазады Azattyq Rýhy.
«Қазақ ғылымы орны толмас қазаға ұшырады. Көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің Бас ғылыми қызметкері, қазақтың тұңғыш антропологы Оразақ Смағұлов дүниеден өтті. Ол бүкіл ғұмырын қазақ халқының антропологиялық тарихын, этногенезі мен тарихи сабақтастығын зерттеуге арнап, Қазақстанда антропология ғылымының негізін қалады. Ғалымның іргелі зерттеулері мен ғылыми еңбектері ұлттық тарихымызды терең тануға өлшеусіз үлес қосты. Ол бірнеше буын зерттеушілерге жол көрсеткен ұлағатты ұстаз, отандық ғылымның көрнекті өкілі болды», - деп жазған Бепрік Әбдіғалиұлы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Естеріңізге сала кетейік, Оразақ Смағұлұлы 1930 жылы 1 қазанда Қостанай облысы, Меңдіқара ауданында туған. Ол қазақтан шыққан тұңғыш антрополог, отандық антропология мектебінің негізін қалаушы, тарих ғылымдарының докторы (1984), профессор, ҚР ҰҒА академигі (2003), Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері (1998).
Еңбек жолын 1956 жылы орта мектеп мұғалімі ретінде бастаған. 1957 жылы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына (бұрынғы Тарих, археология және этнография институты) орналасып, сол кезеңде Алматы медициналық институтында стажер болды. 1958 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің антропология ғылыми-зерттеу институты мен мұражайында еңбек етті.
Ғалым 30-дан астам экспедицияны ұйымдастырып, басқарған. Олардың қатарында Үндістан–Кеңес (1974–1975), Қазақ–Моңғол (1991–1992) және Қазақ–Италия (1993–1994, 2002–2004) антропологиялық экспедициялары бар. Сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстанның биік таулы аймақтарындағы халықтың бейімделуі мен этномәдени үдерістерді байланыстыра зерттеген халықаралық жобаға жетекшілік етті.
Оқи отырыңыздар: «Жамбыл Жабаев апорт алма берген»: қазақтың танымал ақын әйелі өмірден өтті
Жалғыз қызы Айнагүл Оразаққызы Смағұлова да антрополог, әкесімен бірлесіп «Происхождение казахского народа» еңбегін жазған. Оразақ Смағұлұлы ұстаздары ретінде Виктор Бунак, Яков Рогинский және Георгий Дебетсті атап өтеді.
Оразақ Смағұлұлы өз өмірінде 300-ден астам ғылыми еңбек жазған. Ғалымның жетекшілігімен 4 ғылым докторы мен 3 ғылым кандидаты даярланып шықты.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің ұжымы академик Оразақ Смағұловтың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен туған-туыстарына, шәкірттері мен әріптестеріне қайғыра көңіл айтады. Ұлт тарихының ақтаңдақтарын ғылыми тұрғыдан зерделеуге ғұмырын арнаған ғалымның есімі мен бай ғылыми мұрасы халқымыздың жадында мәңгі сақталады», - деп жазған Берік Әбдіғалиұлы сөз соңында.
Біздің Instagram және TikTok желісіндегі парақшаларымызға жазылыңыздар.
