Бұл туралы ол арнайы видео түсірген
Бүгін, 11 қараша Нұрай Серікбайдың туған күні. Оны биыл 11 қаңтар күні Шерхан Аймахан есімді жігіт жауапсыз махаббат үшін аяусыз пышақтап өлтірген еді. Көзі тірі болса бойжеткен небары 22 жасқа толар еді, деп жазады Azattyq Rýhy.
Кеше, 10 қараша марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай қарындасының туған күніне байланысты арнайы видео түсіріп, ауыр күрсінген.
«Бүгін қарашаның 10-ы. Шымкентте жаңбыр жауып тұр. Өздеріңіз білесіздер, Нұрайдың ісі аяқталғаннан бері бір айдай уақыт өтті, жан-жақтан көп сұрақ келіп жатыр. Оларға болашақта бір-бірден жауап береміз. Ал бүгінгі видео өзгеше...», - дейді жүрегі қан жылаған Сұлтан Серікбай.
Ол маңызды ақпарат айтпастан бұрын қарындасының үйіне нұр болып келгенін еске алып, көңіл босатты.
«Ертең (11 қараша, видео 10 қараша жазылған – ред.) отбасымыз үшін маңызды күндердің бірі. Нұрайдың туған күні...Осыдан 22 жыл бұрын, 2004 жылдың 11-қарашасында үйімізге жылу болып Нұрай келді. Өкінішке қарай, биыл отбасымыз сол жылудан айырылып қалды. Осыған байланысты, 11 қарашаны «Нұрайды еске алу күні» деп бекіткелі жатырмыз», - деп мәлімдеді Сұлтан Серікбай.
Яғни, Сұлтан Серікбай айтқандай, Нұрайды еске алғысы келген құрбы-құрдастары, оны таныған және танымаған адамдар әлеуметтік желіде арнайы хэш-тег белгілеп, Нұрайды еске ала алады.
«Өкінішке қарай, ертең Нұрайдың өзін құттықтамаймыз, оның зиратына барып, құран бағыштаймыз», - дейді ол.
Ең бастысы, Сұлтан Серікбай ерекше атап өткендей, бұл күннің басты мақсаты болған істен сабақ алу.
«Бұл күн не үшін керек?» десеңіздер, мақсатымыз - бұндай оқиғаға қайталанбаса екен, ешбір отбасының басына бұндай трагедия бермесе екен деген ниет. Өйткені біздің ісіміз сабақ алатын іс, құқық қорғау қызметкерлері болсын, қылмыскерлер болсын, қыздардың ағалары болсын, осындай істен сабақ алып, бұндай жағдайды қайталатпаса екен дейміз», - деді сөзін түйіндеген Сұлтан Серікбай.
Естеріңізге сала кетейік, биыл 11 қараша күні Шымкентте Шерхан Аймахан есімді жігіт үйінің алдындағы дүкенге шыққан Нұрай Серікбайды аңдып тұрып, оны бірнеше жерінен аяусыз пышақтап кеткен.
Жігіт қылмыс орнынан бой тасалаған, полиция оны Шымкенттен 10 шақырым жерден тапты.
Анықталғандай, бұл жігіт өлімнен бірнеше ай бұрын Нұрай Серікбайды алып қашқан. Бірақ, бойжеткен мен оның ата-анасы бұған көнбей, оқиға орнына полиция шақырған. Полиция да, прокуратура да қыз алып қашуға айтарлықтай көңіл бөле қоймаған.
Сондықтан, Нұрайдың қазасынан кейін бұл іске тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласып, Шымкент полициясының бірнеше жауапты адамы жұмыстан кетті.
Жуырда Шымкенттің қылмыстық істер жөніндегі соты Шерхан Аймаханды өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Айта кетейік, осыған ұқсас жағдай Астанада да болған. Бұрынғы күйеуі әйелін аңдып тұрып, көлігінен түсе бергенде пышақтап кетіп еді. Анықталғандай, әйел экс-жолдасының үстінен бірнеше рет арыз жазған, бірақ полиция әрекет етпеген. Әйелдің өлімінен кейін төрт полицей жұмысынан кетті. Күдіктіге қатысты қылмыстық іс әлі тергеліп жатыр.