Нұрай Серікбайдың өлімі: Тоқаевтың тапсырмасынан кейін Шымкент полициясының басшылығы қызметінен кетті
Бірнеше лауазымды тұлға ішкі істер органдарынан қуылды
Бүкіл елді дүрліктірген 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өлімінен кейін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы мен бірінші орынбасары қызметінен босатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазір ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті қаза тапқан қыздың туыстарының өтінішін Қаратау ауданы полиция басқармасы қызметкерлерінің тиісті деңгейде қарамауына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс аясында барлық мән-жай жан-жақты тексеріледі. Тергеу қорытындысы бойынша лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне заңнамада белгіленген тәртіппен құқықтық баға беріледі, деп атап өтті ІІМ.
Сонымен қатар қызметтік тергеу жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша тәртіптік шаралар қолданылған.
«Құқықтық тәртіпті тиісінше қамтамасыз етпегені үшін Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы мен оның бірінші орынбасары қызметінен босатылды, сондай-ақ бірқатар лауазымды тұлға ішкі істер органдарынан шығарылды», - деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
ІІМ кісі өлтіру дерегі бойынша қозғалған қылмыстық істің тергелу барысын өз бақылауына алған. Тергеудің объективтілігі мен толықтығын қамтамасыз ету үшін тәжірибелі қызметкерлерден арнайы жедел тергеу тобы құрылды.
Естеріңізге салайық, бүгін Ұлттық құрылтайдың V отырысында президент Шымкентте кісі қолынан көз жұмған 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты пікір білдірген болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің ісіне құқықтық баға беруді тапсырған еді.