«Жігіт оған маза бермеген»: Тоқаев Шымкенттегі Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты өткір ойын айтты
Ол Бас прокуратура бұл мәселені мұқият тексеріп жатыр дейді
Ұлттық құрылтайдың V отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкентте кісі қолынан көз жұмған 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біздің мемлекетіміз құқық пен бостандыққа, әр адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне негізделген. Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елдің назарын аудартты. Ұлттық құрылтайға осы оқиға бойынша 130-дан астам өтініш түсті. Тексеру барысында күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей қоқан-лоқы жасағаны анықталды, және бұл жағдай ақыры адам өліміне әкеп соқты. Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің ісіне құқықтық баға беруді тапсырды, ал Бас прокуратура бұл мәселені мұқият тексеріп жатыр», – деді президент.
Оның айтуынша, қыз алып қашу, адам ұрлау бұл біздің ұлттық беделімізге нұқсан келтіретін өрескел, қатыгез қылмыс.
«Мұндай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды. Жыл өткен сайын халықтың құқықтық санасы өсіп келеді, азаматтық жауапкершілік деңгейі де артуда. Сол себепті заңдағы өзгерістер де осыған сәйкес болуы маңызды. Заң мен тәртіп бәріне ортақ, әрбір азамат заң талаптарын бұлжытпай орындауы тиіс. Құдіретті ұлттық қор мүше кез келген мемлекеттің күші азаматтарымыздың жасампаздық қуатында. Сол арқылы еліміз кез келген кедергі мен тосқауылға қарсы тұрып, табысқа жете алады», – деді президент.
Еске салсақ, 21 жастағы Нұрай Серікбайды Шерхан Аймахан атты жас жігіт пышақтап өлтірген еді. Ең сорақысы, марқұм қыз қыр соңынан қалмаған жігітке қатысты құқық қорғау органдарына арыз жазған. Бірақ, жергілікті полиция мен прокуратура арызға мән бере қарамаған.