$ 509.63  592.34  6.54
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Қазақстанға жылқы етінен бөлек есек пен қашыр еті де импортталған болуы мүмкін – зерттеу

Былтыр Қазақстанға келген жылқы етінің мөлшері екі есе артқан

Қазақстанға жылқы етінен бөлек есек пен қашыр еті де импортталған болуы мүмкін – зерттеу
Фото: istockphoto.com

Қазақстанға 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша жалпы сомасы 10,7 млн доллар болатын 3,8 мың тонна ет импортталған. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көлем жағынан 100%-ға, ал қаржылай тұрғыда 119%-ға жоғары, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Data Hub-қа сілтеме жасап.

Бұл жердегі мәліметке жаңа сойылған, салқындатылған және мұздатылған еттің жиынтық көлемі еніп отыр. Дегенмен теориялық тұрғыда бұл көлемге тек жылқы еті ғана емес, есек немесе қашыр еті де кіруі мүмкін. Тауар жіктемесі жылқы етін нақты бөліп көрсетуге мүмкіндік бермейді, бірақ бұл жағдайда негізінен жылқы еті екенін болжауға болады, деп жазады Data Hub.

«Тоннамен де, ақшалай мәнде де қазіргі көрсеткіштер кемінде соңғы он жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Бұған дейінгі рекорд – 2022 жылдың қаңтар-қараша айларындағы көрсеткіш шамалас деңгейде болған. Нақты көлем бойынша қазіргі көрсеткіш одан 12%-ға, ал ақшалай есепте 17%-ға артық.

Өткен жылы негізгі жеткізуші – Моңғолия болды. Ол жалпы импорт көлемінің 60%-ын қамтамасыз етті, әрі жылдық өсім 3,6 есе болды. Айта кету керек, Моңғолия әрдайым мұндай үлкен үлеске ие бола бермейді. Соңғы он жылда оның үлесі бұған шамалас деңгейде тек бір рет – сол 2022 жылы ғана байқалған.

Ал өзіміздегі өндіріс жағдайы қандай? Оны малды сойып, салмағы бойынша есептелетін көрсеткіштер арқылы бағалауға болады. Алдын ала деректерге сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында бұл көлем 146,8 мың тоннаны құрап, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5%-ға артқан. Демек, импорттың өсуі жалпы тұтынудың аздап ұлғайғанын көрсетуі мүмкін», – делінген Data Hub мәліметінде.

Ал экспортқа келсек, жылқы еті шетелге іс жүзінде шығарылмайды. Мәселен, 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында сыртқа экспортталған ет көлемі небәрі 124 тонна болды, оның барлығы Өзбекстанға жөнелтілген. Бұл көрсеткіш импортпен салыстырғанда өте төмен болғанымен, бұрынғы жылдармен салыстырғанда рекордтық деңгейде.

Мәселен, соңғы он жылда шетелге сатылған жылқы етінің жиынтық көлемі бар болғаны 47,5 тоннаны ғана құраған. Оның негізгі бөлігі 2020 жылға тиесілі, ал басқа жылдары бұл көрсеткіш көбіне нөлге жақын болған.

Мақалада

#жылқы #жылқы еті