$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
12.08.2020, 04:17
Қоғам

Батыс сарапшылары «әлемдегі алғашқы» ресейлік COVID-19 вакцинасын сынға алды

11 тамызда Ресей әлемде бірінші болып COVID-19 вакцинасын тіркеді

Батыс сарапшылары «әлемдегі алғашқы» ресейлік COVID-19 вакцинасын сынға алды

Көптеген батыс сарапшылары Ресейдің коронавирусқа қарсы вакцинаны адамдарға кең ауқымды сынақжасау туралы шешімін айыптады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Америка дауысына» сілтеме жасай отырып.

Сейсенбі, 11 тамызда Ресей әлемде бірінші болып COVID-19 вакцинасын тіркеу туралы жариялады. Бұл туралы ел президенті Владимир Путин мәлімдеді. Ол Гамалея атындағы Мәскеу институты жасаған вакцина толығымен қауіпсіз деп сендірді. Тіпті, бұл вакцинаны Путиннің қыздарының бірі енгізіп, сынақтан өткізген.

«Вакцина өте тиімді жұмыс істейді, тұрақты иммунитетті қалыптастырады және барлық қажетті тексерулерден өтті», - деді Ресей басшысы.

Алайда, екі айдан аз ғана уақыт адамдарда сыналған вакцинаны әлемдік денсаулық сақтау саласындағы сарапшылар сынға алды. Олар вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігіне күмән келтірді.

«Шын мәнінде, Ресей халық деңгейінде ауқымды, қауіпті эксперимент жүргізеді», - деді Уорвик университетінің британдық бизнес мектебінің дәрілік препараттарды зерттеу жөніндегі маманы Айфер Али.

Оның айтуынша, вакцинаны тез арада мақұлдау вакцинаның ықтимал жанама әсерлерінің анықталмағанын білдіреді. Ал оның әсері ауыр болуы мүмкін дейді сарапшы.

Лондон университеттік колледжі, Генетика институтының сарапшысы Франсуа Баллу ресейлік вакцинаны асығыс тіркеу «ұқыпсыз және ақымақ шешім» деп санайды.

«Жеткілікті тексерілмеген вакцинамен жаппай вакцинация жасау этикаға сай емес. Ресейлік вакцинация науқанымен байланысты кез келген проблема денсаулыққа теріс әсер ететіндіктен де, халық арасында вакцинацияға деген сенім азаюы мүмкін», - деді Франсуа Баллу.

Сонымен бірге, бүкіл әлем бойынша оннан астам дәрі-дәрмек өндірушілері ондаған мың еріктілердің қатысуымен COVID-19-ға қарсы әлеуетті вакциналарын ауқымды сынақтан өткізуде.

Кейбір компаниялар, соның ішінде Moderna, Pfizer және AstraZeneca, осы жылдың соңына дейін вакциналарының қауіпсіздігі мен тиімділігін тексеруге үміттенеді.

«Талдау үшін ғылыми мақалаларды ұсынбай, ресейлік вакцинаның тиімділігі дәлелденді ме, жоқ па, соны білу мүмкін емес», - деді Ноттингем университетінің эпидемиология маманы Кейт Нил.

Ресейлік вакцинаны АҚШ президентінің көмекшісі Келлиан Конуэй де сынға алды. Оның айтуынша, ол тым аз сынақтан өтті және американдық фармацевтикалық стандарттарға сәйкес келмейді.

«Біздің еліміздегі стандарттарды Федералды дәрі-дәрмектер басқармасы белгілейді. Бізде үшінші кезеңде (Даму) алты ықтимал вакцина бар, ал Ресей бұған, тіпті, жете алмады», - деді Келлиан Конуэй Fox News телеарнасында.

 

Серіктес жаңалықтары