Бүгін, 10:10
Қоғам

«Кітап оқитын ұлт»: Арман Қырықбаев білім мен ғылымның маңызы жайлы жастармен кездесу өткізді

Министр жастармен кездесуде кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесін көтерді

«Кітап оқитын ұлт»: Арман Қырықбаев білім мен ғылымның маңызы жайлы жастармен кездесу өткізді
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны өтіп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев жастармен және креативті индустрия өкілдерімен кездесуде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың кітап оқитын ұлт қалыптастыру, қоғамда оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамасының маңызына ерекше тоқталып өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиын барысында «Кітап оқитын ұлт» бастамасы арқылы халық арасында кітап оқуды тұрақты әдетке айналдыру, білім мен ғылымды жоғары қоятын және сол арқылы қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру сияқты өзекті мәселелер талқыланды.

Арман Қырықбаев мемлекеттік қолдау шаралары жастардың өз бастамаларын қолға алып, кәсіби білігін жетілдіруіне мүмкіндік беретінін айрықша атап өтті. Ол осы орайда «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында жыл сайын 30 жасқа 3 миллион теңгеден қаржылай қолдау берілетінін айтты.

Ведомство жетекшісі сол сияқты президент жолдауында айтылған негізгі міндеттерге кеңінен тоқталып, мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарын атап өтті.

Жиында шығармашыл жастарға көрсетілетін қолдау, оларға білім беру, сол сияқты кәсіби білігін арттыру, цифрландыру, жасанды интеллект және креативті индустрияларды дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Бұл айтылған маңызды міндеттер мемлекет басшысының Жолдауында да қамтылған.

«Президенттің биылғы халыққа арнаға жолдауы – Қазақстанның алдағы даму бағытын көрсетіп, жаңа міндеттер мен мүмкіндіктерді белгілейтін маңызды стратегиялық құжат. Мемлекет басшысы өз сөзінде келер ұрпаққа қуатты экономикасы, озық технологиялары мен бәсекеге қабілетті өндірісі бар мемлекет қалдыру міндетіне ерекше тоқталып өтті. Осы мақсатқа жету жолында білімді, бастамашыл әрі кәсіби білікті жастардың рөлі ерекше. Сол себепті жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктер олардың әлеуетін жүзеге асыруға жол ашып қана қоймай, елдің болашағы үшін жауапкершілікті де жүктейді», – дейді Мәдениет және ақпарат министрі.

Кездесуде жастардың экономиканың жаңа бағыттарында өз орнын табуға мүмкіндік жасалатынына да ерекше көңіл бөлінді. Министр цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект экономиканың барлық саласын, оның ішінде мәдениет пен ақпарат саласын дамытудың маңызды құралдарына айналып келе жатқанын ерекше тоқталды.

Мәдениет және ақпарат министрімен өткен кездесуде креативті экономиканы дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Арман Қырықбаев сөз арасында Қазақстанның 20 өңірінде жас таланттардың бойындағы қабілетін көрсетуіне, тың идеяларын қолға алуына және отандық өнімдерді танытуға жағдай жасайтын креативті хабтар бар екенін еске салды.

Отырыс барысында жастар ұлттық мәдениетті дамыту, отандық авторларға тиісті жағдай жасау, қоғамдық құндылықтарды нығайту және жаңа әдеп қағидаларын қалыптастыру жөнінде пікір алмасты. Осы орайда жауапкершілік, адалдық, заңға құрмет және қоршаған ортаға ұқыпты түрде қарау мәдениетін орнықтыруға бағытталған «Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттары сөз болды.

Министр қоғамдағы өзгерістерге жастардың қатысуы маңызды екенін атады. Оның айтуынша, заманауи білім мен технологияларды меңгеру қабілеті ұлттық құндылықтарға адалдықпен, жауапкершілікпен және белсенді азаматтық ұстаныммен ұштасуға тиіс.

Жастар мемлекет басшысының бастамаларын қолдайтынын білдіріп, оларды орындау мақсатында белсенді қатысуға, елдің дамуына және қоғамдағы оң өзгерістерге үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

Кездесу ашық диалог түрінде жалғасты. Жастар министрге өз сауалын қойып, бірқатар бастамасын ұсынды. Сонымен қатар ел алдындағы маңызды міндеттерді атқарудағы жастардың рөлі сөз болды.

Жалпы, осы жиынға түрлі салада еңбек етіп жүрген жас кәсіпкерлер, дизайнерлер, музыканттар, режиссерлер, продюсерлер, блогерлер, журналистер, ғалымдар, зерттеушілер мен спортшылар қатысты. Кездесуге жиналған жастар өз салаларындағы жетістіктері мен тәжірибелерін айтып, жастарды толғандырған мәселелер мен алдағы жоспарлар жөнінде ой қозғады. Жиынға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері, жастар ұйымдары мен волонтерлік қозғалыстардың көшбасшылары, сондай-ақ студенттер де шақырылды. 

Айта кетейік, аптасына үш мәрте оқырманға жол тартатын AIQYN мен LITER газеттері, сондай-ақ апталық Turkistan басылымы президенттің бұл бастамасы жайлы тұрақты түрде мазмұнды материалдар жариялап келеді. Дәлірек айтсақ, республикалық қоғамдық-саяси AIQYN және LITER газеттері аптасына үш рет – сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері жарық көреді. Ал халықаралық саяси Turkistan апталығы әр жұма сайын оқырманға жол тартады.

AIQYN басылымы Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатына, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысына және елдегі өзекті қоғамдық мәселелерге кеңінен тоқталады. Сонымен қатар оқырманға маңызды оқиғалар мен саяси үдерістер туралы ақпарат ұсынып, сараптамалық материалдар жариялайды.

LITER газеті Қазақстан мен әлем елдеріндегі жаңалықтарды кеңінен қамтып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтереді. Басылым беттерінде сарапшылардың пікірлері, сұхбаттар, пайдалы кеңестер мен көпшілікке ой салатын қызықты оқиғалар жарияланады.

Túrkistan оқырманға саяси және халықаралық қатынастарға қатысты сараптамалық материалдар, тарих пен ұлттық мәдениет туралы танымдық мақалалар, қоғам өміріндегі өзекті тақырыптар мен белгілі сарапшылардың пікірлерін ұсынады.