$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
05.11.2019, 15:51
Қоғам

«Орынтағыңыз жайлы ма»: Қазақстандық шенеуніктердің қымбат креслолары

Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы ең қымбат былғары орындықтардың бірі Степногорсктегі шенеунікке бұйырған

«Орынтағыңыз жайлы ма»: Қазақстандық шенеуніктердің қымбат креслолары
Фотоколлаж

Шенеуніктердің былғары орындықтары ең төменгі жалақыдан 5 есе қымбат  

«Басшыға арналған былғары орындықты» Степногорск қаласы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар тасымалы, автокөлік жолдары мен тұрғын үй инспекциясы бөлімінің «Степногорск-су арнасы» мекемесі сатып алды.

Мекеменің өзі ұсынған баға – 310 000 теңге. Бұл лотты 243 000 теңге ұсынып, Нұр-Сұлтанда орналасқан LM Management компаниясы жеңіп алды. Осылайша, шағын қаладағы су арнасындағы басшылардың бірі 243 000 теңгенің былғары орындығында отыр.

Бұдан 1 мың теңгеге арзан былғары орындықты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы комитетінің мемлекеттік сараптама жүргізу республикалық мекемесі алды. Өздері ұсынған 280 000 теңгенің орнына 242 мың теңгеге кресло алынған.

Түркістандық шенеуніктердің де талғамы зор

Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің Түркістан облысындағы департамент басшысына орындық алу үшін бюджеттен 223 000  теңге төленген. Жеңімпаз – бір көзден сату алу жолы арқылы анықталды. Бұл сома да еліміздегі ең төменгі жалақыдан 5 есеге артық.

Судьялардың да былғары орындығы арзан тұрмайды. Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппаратының) Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Соттар әкімшісі мекемесінің төрағасы 200 000 теңгенің былғары орындығына жайғысқысы келген. Бірақ, мемлекеттік сатып алулар ережесіне сай, ұсынылған ең төменгі баға 50 000 теңгеге дейін түсіп, қазір мекеме басшысы осы бағадағы креслоны місе тұтып отыр.

165 000 теңгенің былғары орындығына конкурс жүріп жатыр

Түркістан облыстық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті басшысының креслосы үшін мемлекеттік сатып алулар сайтында 164 000 теңгеге конкурс жарияланып тұр. Тендердің аяқталуына үш күн қалды, департамент жетекшісіне қандай кресло бұйыратыны да сол уақытта белгілі болады.

Қостанай облысына қарасты Федоров ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік сатып алулар сайтында жеңімпаз анықталмағаннан соң, бір көзден тендер өткізген. Тендер «сәтті» өтіп, лотты  «Albero Bello» ЖШС жеңіп алады. Қазір Тәубе Исабаев басқаратын аудан басшылығы 151 000 теңгенің креслосын сатып алды. Еліміздегі ең төменгі жалақыдан 3 есе қымбат креслодағы басшылар «тәубе» деп отырғанына күмән жоқ.

«Түсін өзім таңдаймын»

Өскемен қаласының білім басқармасы жуырда, 1-қарашада біреуі 129 000 теңге тұратын 4 кресло сатып алды. Тапсырыс берушінің талабы – былғары орындықтың түсін тапсырыс берушімен міндетті түрде келісу керек. 4 креслоға бөлініп отырған бюджет ақшасы ең төменгі жалақы деңгейінен 12 есеге көп, яғни,  518 мың теңге. Тендер бір көзден сатып алу тәсілімен өткен. Қаражатты «Р.Т.Z.» компаниясы алды.

Жалпы, мемлекеттік сатып алулар сайтында кресло «хит-тауарлар» арасында. Еліміз бойынша бағасы 10 мыңнан басталып, 400 мыңға жуықтайтын былғары орындықтар лоты 6 мыңға таяу. Қазақстандық басшылар креслоны мүлік деп қана емес, орынтағым деп ерекше бағалап, жаңа шенге тағайындалса, жаңа орындыққа жайғасатын қалыптасқан дәстүр бар сияқты көрінеді.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан

Серіктес жаңалықтары