Шымкенттегі қанды оқиға: Василий Колесниковті өлтірген алты адам ұзақ жылға сотталды

Автор: Асыл Арман

Қанды оқиға биыл 20 қаңтар күні Шымкент қаласында болған

Фото: istockphoto.com

Шымкентте қоғамды дүр сілкіндірген өлімге байланысты сот үкімі шықты. Еркін күрестен спорт шебері Василий Колесниковтің өлміне қатысты алты адам 20-23 жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қылмыскерлерге қатысты сот үкімі шыққанын жәбірленуші тараптың адвокаты Талғат Есімов Telegram арнасында жариялады.

Судья Әбинұр Қарабаев Василий Колесниковтің өліміне байланысты қылмыскерлерге мынадай үкім шығарды:

  • Арысбаев – 23 жыл;
  • Іңкәрбеков – 22 жыл;
  • Қызбалаев – 22 жыл;
  • Ерімбет – 21 жыл;
  • Жұманазар – 20 жыл;
  • Қуандықов – 20 жыл 6 ай.

Адвокаттың айтуынша, олардан бөлек М.Дауласов пен Баха лақап атымен айтылған ер адам іздеуге берілген.

Айта кетейік, қылмыс биыл 20 қаңтар күні Шымкент қаласында болған. Көшелердің бірінде автокөліктер соқтығысып, арты жаппай төбелеске ұласып кеткен. Төбелес барысында бір адамды пышақтап кетті. Ал 40 жастағы Василий Колесниковті сол жерде Lexus 570 көлігіне салып, қала сыртына алып кеткен. Артынан оны өлтіріп кеткені белгілі болды. Ал мәйітін Ордабасы ауданындағы ауруханананың жанына тастап кеткен.

Бастапқыда адам өлтіру және бұзақылық қылмыстарына қатысы бар күдікті төрт ер адам қолға түсті. Ал жараланған ер адам ауруханаға ауыр халде түсті.

Қылмыскерлерге қатысты үкімді БАҚ өкілдеріне тілін көрсеткен судья Әбинұр Карабаев шығарды.